АСТАНА мен ТЕГЕРАН: ПАРСЫЛАР ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛДЫ
2016 ж. 15 ақпан
5318
16
Қазақтардың Тегеранға сапары нәтижелі аяқталды. Қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роухани арасындағы келісім аясында екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша жұмыстар сәтті жалғасып келеді.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация Ираннан оралды. Осы сапар барысында Иран Ислам Республикасының бірқатар ресми өкілдерімен өткізілген кездесулер және жүзден аса ирандық компаниялармен болған екіжақты келісімдер алдағы уақытта бірлескен жобалар ретінде жемісті нәтиже беретін секілді. Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған бизнес-форум және «сауда миссиясы» алдын ала күтілген межеден де асып түсті – Тегеран қаласында өткен бизнес-кездесулерге екі елдің іскер топтарының 1000-нан астам өкілі қатысты.
Қазақстандық «сауда миссиясының» Тегеранға сапары аясында бизнес-форум өткізіліп, әртүрлі іскерлік кездесулер ұйымдастырылған. Иран қазақстандық делегацияның Тегеранға сапарының басты мақсаты ретінде банк және экономика саласындағы кедергілерді жою екенін хабарлады. Қазақстан болса тауар экспорттау жолдарын қарастыруға мән берген. Өзі ет импорттайтын Қазақ елінің Иранға ет экспорттайтыны да жарияланды.
Қазақстаннан барған делегацияны Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қабылдап, кездесуге ресми сипат берді. Осы кездесуде Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзіне ат салысқаны ескерілетіні айтылды. Иран жағы қазақстандық компанияларды Парсы шығанағындағы порттарда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ирандықтар бұл ретте инвестиция құюда жеңілдіктер қарастыру жоба жұмысын жеңілдетеді деген сенімде.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев екі күн ішінде Иран Ислам Республикасының Ғылым және технологиялар бойынша вице-президенті Сурна Саттаримен, Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифпен, Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мұхаммад Реза Зарифпен, Ауыл шаруашылығы және джихад министрі Махмұд Ходжатимен, ШАСТА ирандық ірі холдингінің басшыларымен кездесті. Сонымен бірге, Әсет Исекешев он үш саладағы ирандық ірі компаниялардың өкілдерімен маңызды кездесулер өткізді.
Жоғары деңгейде өткен сауда миссиясы нәтижесінде қазақстандық бизнес Иран рыногынан үлкен басымдықтарды көріп отыр. Сонымен бірге, Иран рыногы арқылы болашақта Египет, Ауғанстан, Ирак сияқты елдердің рыногына шығуға толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде Иран да Қазақстанды Ресей мен Қытайдың рыногына шығартын әріптес ретінде таныды.
Иран Ислам Республикасының ресми өкілдерімен кездесу барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың сәуір айының соңында Иранға ресми сапарының дайындық мәселелері талқыланды.
Осы кездесуде Қазақстанның облыстары мен Иранның провинциялары арасында өңіраралық байланыстарды нығайту шаралары да сөз болды. Қазақстан екі ел арасындағы транзит, логистика қатынасын дамытуға мән беретінін айтты. Исекешов жүк транзиттеуде Қытай базарының да ерекше орын алатынын еске салды.
Қазақстандық «сауда миссиясының» Тегеранға сапарында Қазақстанның Иранға ет экспорттауына қатысты ұзақ мерзімдік келісімге қол қойылды. Келісімнің құны – 30 миллион доллар. Бүгінде әлемде «экологиялық таза тағамның» маңызы артып отырғанын айтқан Қазақ елі сыртқы сауда палатасының басшысы Мейірбек Мәжитов ет экспортына қатысты келісімді «жаңа стратегиялық серіктестіктің бастауы» ретінде түсіндірді. Қазақстан – Иран экономикалық қатынасындағы жиі айтылатын мәселенің бірі екіжақты тауар айналымын арттыру. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты санкция жарияланғанға дейін тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде жиі айтылатын. Алайда 2014 жылы ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардың өзіне әрең жетті. Ал Қазақстанның инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің пікірінше, бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
Тараптар бірнеше бағыттар бойынша жұмысты белсенді жүргізу жөнінде келісті. Оның ішінде сауда және инвестиция бағыты бойынша жұмыстарға барынша басымдық берілетін болды. Ол үшін алты қосымша жұмыс тобы: металлургия және тау-кен металлургиясы кешені, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инженерлік-технологиялық ынтымақтастық және қаржы салаларында құрылды.
Қазақстан мен Иран іскер топтарының кездесуі барысындағы екінші шешуші бағыт – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Бұл ретте, Елбасының бастамасымен өмірге келген Ұлы Жібек жолы бағ-дарламасы тұғыр ретінде қарастырылмақ. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда салынып пайдалануға берілген теміржол тораптары арқылы Қытай мен Иранды байланыстыратын трансконтиненталдық дәліз арқылы алғашқы жүк тиеген пойыздың Иранға келуі соның айқын дәлелі болмақ.
Тегеранда өткен кездесулер барысында Қазақстан тарапы Иранға ауыл шаруашылығы өнімдері саласында жан-жақты ынтымақтастық байланыс жасауды ұсынды. Бұл ретте өсімдік майы өндірісін құру, Иранға қазақстандық астық және ет өнімдерін экспорттау мәселелері тілге тиек етілді.
Өткен қаңтар айында Тегеранда «Air Astana» әуе компаниясы Қазақстан мен Иран арасындағы әуе қатынасын дамыту келісімін бекітіп қайтқан. Биыл жазда іске қосылатын жаңа әуе қатынасы Тегеранды Астанамен жалғамақшы. Қазірге дейін Қазақстан Ирандағы алтын өндірісіне инвестиция құйып келсе, Иран Қазақстандағы мыс өнеркәсібін қаржыландырады. Ирандықтар Қазақстанда салынып жатқан Батыс Қытай – Батыс Еуропа күрежол құрылысына да қатысып жатыр. Осы жолы Қазақстан инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астананың екі ел арасында туризм және білім беру саласындағы қатынасқа да ынталы екенін білдірді.
Сонымен бірге, бизнес-форум аясында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі «Казгеология» АҚ және IMIDRO (Иранның тау-кен өнеркәсібін дамыту және жандандыру ұйымы) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы Ынтымақтастық туралы меморандум бойынша екі ел аумағындағы қазба байлықтары және геологиялық барлау жөніндегі инвестициялық жобаларды іріктеу және дайындау үшін Қазақстан–Иран жұмыс тобын құру көзделуде. Сонымен бірге, геологиялық барлау саласында геологиялық физика бағытындағы ең озық технологияларды қолдана отырып бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда.
Сауда миссиясы аясында Қазақстанның алпыстан астам өндіруші-экспорттаушылары өздері шығарған өнімдерінің тұсаукесерлерін өткізіп, ирандық рынокқа шығу мүмкіндіктерін талқылады. 200 ирандық компаниялармен кездесулер өткізіліп, осы кездесулер барысында машина жасау, құрылыс, химия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі өнімдері кеңінен таныстырылды.
Әсіресе, нәтижелі өткен кездесулер қазақстандық теміржол техникаларын таныстыру шаралары барысында айқындалды. Иран темір жолы басшыларымен оннан аса кездесу өткізілді. Осы маңызды шаралар барысында Иранға қазақстандық локомотив, электровоз, рельс, жүк және жолаушылар вагондарын сату мәселелері жан-жақты тілге тиек етілді. Атап айтқанда, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС компаниясынан 70 электровозды, «Локомотив құрастыру зауыты» ЖШС-нің 75 магистралдық тепловозын, «Ақтөбе рельсарқалығы зауыты» ЖШС-нің 130 мың тонна көлеміндегі рельстерін және «Railways systems» компания-сының 5000 бірлік жүк вагонын ирандық рынокқа жеткізу мәселелері талқыланды. Кездесулер нәтижесінде ирандықтар тарапынан 1000 жолаушы вагонын сатып алуға қызығушылық білдірілді. «Бәйтерек» холдингі бұл келісімді теміржол кепілдігімен несиелеуді ұсынды. Ирандық тарап өз кезегінде вагондарды сатып алуға кепілдік беруге дайын екендіктерін білдірді.
Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе Иранның ірі автокөлік дилерлерімен өткізілген кездесу болды. Осы кездесу барысында ирандық дилерлер қазақстандық 1000 автокөлік сатып алуға ынта білдірді. Сонымен бірге, келіссөздер қорытындысында энергетикалық және мұнай-газ, коммуникациялық жабдықтарды, азық-түлік өнімдерін және басқаларды жеткізу келісімдеріне қол жеткізілді.
Қазақстан Иран халықаралық санкцияға алынған тұста да байланысын үзген емес. Дегенмен, санкция салдары екі ел арасындағы экономикалық қатынастың баяулауына әсер етті. Ядролық бағдарлама келіссөзін өткізуге алаң беріп, ат салысып жүрген Қазақстан былтырдан бері санкциядан кейінгі қатынас жайлы айта бастаған. 2013 жылы Қазақстан–Түркіменстан –Иран теміржолы іске қосылғанда халықаралық санкция күшінде болатын.
2014 жылы Иран президенті Хасан Роуханидың Астанаға алғашқы сапары кезінде де бизнес-форум өткен. Ал былтыр қазан айында Астанадағы екі ел үкіметаралық комиссиясының отырысында да қазіргі «сауда миссиясы» кездесулерінде айтылған жайттарға ұқсас мәселелер талқыланған. Ресми мәліметке сәйкес, қазір елімізде Қазақстан мен Иранның бірлескен 160 кәсіпорны жұмыс істейді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті