ҚАНШЕҢГЕЛДЕН БОСАҒАН ИРАН ӘЛІ ЖАЛТАҚТАП ОТЫР
2016 ж. 02 ақпан
4005
15
Иран елді діңкелеткен атышулы экономикалық санкциялардан босады. Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағанның арқасында Батыс елдерінің Иранға қарсы бағыттаған қысымы тоқтатылды. Бұл туралы жуырда Венада Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Еуропа Одағы сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могерини мәлімдеді.
Осылайша соры қалың Иран әупіріммен әлемдік саудаға қайта араласпақшы. Әлбетте, бұл өзгерістен ұтатындар да, ұтылатындар да бар. Бір тәуірі, Орталық Азия елдеріне ежелгі Жібек жолы дәстүрін жандандыратын мүмкіндік туды. Еуропа Одағы мен Иран Тегеранның халықаралық міндеттемелерін орындағанын тану туралы бірлескен мәлімдеме де жасап үлгерді. Демек, осы кезге дейін халықаралық қауымдастықтан оқшау қалған Иран шетелдік банктердегі өзіне тиесілі миллиардтаған долларға бағаланатын активтерге қол жеткізіп, мұнайын да экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Былтырғы шілденің орта тұсында Иран мен әлемдік «алтылықтың» Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзі нәтижелі аяқталып, тараптар келісім жасасқан-ды. Оған сәйкес, Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған. Ал биылғы қаңтардың ортасында МАГАТЭ Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағаны туралы жариялады. Венада өткен сол жиында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри журналистер алдында Иран мен АҚШ, Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Франция, Германия және Ресейдің екі жарым жылға жалғасқан дипломатиялық келісімінің нәтижесінде бүгінгі нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі туғанын мәлімдеді. Ол келісімге жәрдемдескені үшін Швейцария мен Австрияға алғыс білдіріп, Иран делегациясының ұзаққа созылған келіссөз барысындағы маңызды рөлін атап өтті. Сонымен бірге, ел экономикасы мен өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашылады. Мәселен, Иран ең жаңа үлгідегі жолаушылар ұшағын сатып алуға ниетті екенін осыған дейін жариялап қойған. Бұл оның елдегі тозығы жеткен ұшақтарды жаңартудағы алғашқы қадамы болмақ. Санкциялар алынған соң Иранға батыс елдері тарапынан кең көлемде – бірнеше ондаған миллиард доллардың инвестициялары салынады деген болжам да айтылмай қалмады. Иран орталық банкінің басшысы Валиолах Сейф санкциялар алынып тасталған соң Тегеранның 32 миллиард доллар активтерін қайтарып алатынын мәлімдеді. Сейфтің мәлімдемесін берген Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, халықаралық санкциялар кесірінен шетелде бұғатталған қаржының 28 миллиард доллары елдің орталық банкіне түскені де мәлім болып қалды. Сейфтің сөзінше, тағы 4 миллиард доллар мемлекет қазынасына берілмекші. Осы орайда «Иран және Орталық Азия арасында ортақ мүдде бар ма?» деген сауал туындауы заңды. Ғасырлар бойы Иран мен Орталық Азияны кесіп өтетін ұлы Жібек жолымен сауда керуендері ағылып жатқаны аян. Алайда бұл аймақтар арасында еркін сауда тоқтағалы бір ғасырдың жүзі болды дейді мамандар. Иранның әлемдік нарыққа қайта араласуынан Кіндік Азия елдерінің ұтатыны анық. Иран Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші сауда жолына айналмақ. 1991 жылы Совет Одағы құлағанда Орталық Азиядағы бес мемлекеттің тек Ресей арқылы өтетін бір ғана сауда жолы болған. Одан кейінгі он бес жылда Ресей жалғыз ірі сауда жолы болып қала берді. Дегенмен, Каспий теңізі және Түркіменстан арқылы Иранмен аз-маз коммерциялық сауда-саттық жүріп жатты; Иран бөлген қаржыға салынған құбырмен шағын мөлшерде газ да экспортталып тұрды. Алып Қытайдың да Орталық Азия аймағына дендеп кіре бастағанына он жылдай өтіпті. Бұл ел сауданы арттыру үшін мұнай және газ құбырларын салды, автокөлік жолы мен теміржол сапасын арттыруға көмектесті. Әйткенмен, Қытай бұл өңірден әзірше тек шикізат пен энергоресурстар сатып алып жатқаны да жасырын емес... Орталық Азия аймағы Қытайдан әжептәуір көлемде тауар тасымалдайды, әрі бұл сауданың көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ең бастысы, Қытай бағыты сауда жолы ретінде зор маңызға ие бола бастаған. Ресейдің де, Қытайдың да экономикалары дағдарып тұрған қазіргі кезеңінде оңтүстікке – Иранға жаңа жол тартудың сәті туып тұрған тәрізді. – Иран Ислам республикасының әлем саудасына қайта енуі Орталық Азия елдері үшін тиімді болмақ, себебі, бұл – ғаламдық нарыққа, ашық теңізге, Парсы шығанағына шығар тіке жол, – дейді тәжік ғалымы Нигматулла Каримов. Жалпы, мамандар «Орталық Азияның мұнайы мен газын Еуропаға тасымалдауға ең ыңғайлы жол – Иран» деген ортақ тұжырымға тоқтап отыр. Алайда, «Тегеран әзірге бұған келісе қояйын деп тұрған жоқ, себебі ішкі есебі бар. Иран өз мүддесін ойлайды. 2011 жылы бұл ел күніне 2 миллион 500 мың баррель мұнай сататын. Санкция салынған соң экспорт көлемі 1 миллионға азайды. Сондықтан, қазір олар үшін, ең бастысы, қайткенде экспортты ұлғайту. Мұны Иран басшылары да айтып отыр. Сауда дәлізі болу үшін және ОА елдерінен мұнай тасу үшін Иран инфрақұрылымын жөнге келтіруі керек. Бұл біраз уақыт алады» – бұл да Нигматулла Каримовтің пікірі. Басқа тауарлар саудасы бойынша Тегерандағы жаңалық аймаққа көп өзгеріс әкелетін түрі бар. – Иран инфрақұрылым бойынша, яғни теміржол, тасжол, автокөлік жолдары жөнінен үлкен бетбұрыс жасай алады. Бұл Орталық Азия елдерінің басқа әлеммен байланысын түбірімен өзгертеді, – дейді және Нигматулла мырза. Бұған қоса, Орталық Азия аймағы транзиттік өткел ретінде де көп пайдаға кенелетін түрі бар. Иран мен Қытайдың арасын жалғау арқылы Орталық Азияның ұлы Жібек жолы қайта жанданатыны анық. Дегенмен, сарапшылар бұл өзгерістер жүзеге асуы үшін кем дегенде он жыл керек деп отыр. Ғасырлар бойы ірі сауда жолы болған Жібек жолының тарихы тұрғысынан бұл қас-қағым сәт екені рас, дегенмен, қазір экономикалары кері кетіп тұрған Орталық Азия елдері үшін бұл – ұзақ уақыт секілді. Сарапшы Иранмен сауданың көлеңкелі тұстарын да айтты. Нигматулла Каримов: «Иран Ислам республикасы әрдайым маңайындағы елдерге – Ливан, Сирия, Йемен және Иракқа ықпалын жүргізуге тырысып келеді. АҚШ есеп-шоттарында жатқан Иранның миллиардтаған доллар қаржысына салынған тыйымды алып тастайды, оның үстіне Тегеранның бюджетіне мұнай-газ саудасынан қазіргі арзан бағамен есептеген күннің өзінде көп ақша түсе бастайды. «Бұл Иранның аймақта белсенді сыртқы саясат жүргізуіне қаржылай мүмкіндік береді» дейді. Осы кезге дейін халықаралық қауымдастық оқшау қалдырып келген Иран санциялар алынған соң шетелдік банктердегі өзіне тиесілі миллиардтаған долларға бағаланатын активтерге қол жеткізіп, мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Санкция алынғаннан кейін Иран билігі күніне 500 мың баррельден астам мұнай шығаруға әзір екенін жеткізді. Ираннан санкцияның алынуы халықаралық биржадағы мұнай бағасын одан әрі құлдилатты. Жақында Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 27,72 доллардан сатылды. Қазақстандық экономист Сергей Смирновтың айтуынша, Иранның санкциядан құтылуы мұнайы өзге елдермен салыстырғанда қымбаттау Қазақстанның халықаралық нарықтағы саудасына әсер етпей қоймайды. «Араб мұнайының өзіндік құны 10 доллардан төмен. Иранда да сондай. Ресми дерек бойынша, біздің Теңізден шығатын мұнайдың бір баррелі – 20 доллар, Өзеннің мұнайы – 70-80 доллар, Қашаған мұнайы – 100 доллар» дейді экономист. Оның айтуынша, Иран мен Сауд Арабиясы Еуропаға шығаратын мұнай көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Иран санкция барысында жоғалтқанын қайта қалпына келтіруге ұмтылса, Сауд Арабиясы Польша, Швеция сияқты жаңа тұтынушы тапқан. Бұл Қазақстанның халықаралық нарықтағы жағдайын шиеленістіре түседі. «Ресей де мұнай бағасы баррелі 15 доллар болғанға дейін шыдас бере алатынын мәлімдеген. Ал Қазақстан мұндай бағаға келісе алмайды. Егер әрі қарай да мұнай бағасы арзандай берсе, экспорт көлемін азайтамыз. Мұнайды 10-15 долларға сата аламыз деп ойламаймын. Соның салдарынан бюджет азаяды, тағы басқа салдары болады» дейді ғалым. 2015 жылы күзде өткен Қазақстан - Иран үкіметаралық жиынында екі ел арасындағы тауар айналымының жарты жыл ішінде 360 миллион долларға жеткені айтылды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 37 пайызға кем. Экономистердің айтуынша, Ираннан санкцияның алынуы Қазақстан мен Иран арасындағы байланысқа да біраз ықпал етеді. Қазір Қазақстан Иранға негізінен бидай, бірқатар шикі мұнай өнімдері, бағалы металдар экспорттайды. Ал Ираннан Қазақстанға жеміс-жидек, көкөніс, тұрмыстық және құрылыс заттары импортталады. «Қазақстанның Иранға ұсынатын заттары аз» екенін айтқан бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев екі елдің байланысы тек импортпен ғана шектелмеуі керек деп санайды. «Қазір санкция алынды ғой. Иранда қазір Батыс Еуропаның өкілдері де толып жатыр. Өйткені, ол жерде бизнес жасауға болады. Біздікілер де соған тырысуы керек» – дейді ол. Дегенмен, көп қысым көрген Иран толықтай ес жиып үлгере қойған жоқ. Сондықтан, құлашты кең сермей қоймағаны да түсінікті. Себебі, қыспақтан шыққан ел тұтқыннан жаңа ғана босаған адамдай, әлі де жан-жағына алақтап отырған да жайы жоқ емес.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті