VII САММИТ жетістіктеріміздің жұлдызды шағы
2010 ж. 29 қараша
3900
0
Күллі әлем Еуразияның жүрегіндегі Астанаға көзін тігіп отыр. Оған себеп – санаулы-ақ күндерден кейін Қазақстанның елордасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ – Т.Т.) 7-інші саммиті өтеді. Бүгінгі күнге дейін ғаламшардың 61 мемлекеті Астана саммитіне қатысатынын растады.
«1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысатынын 61 мемлекет растады. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ға мүше 55 ел, әріптес 12 ел бар», - деп хабарлады жуырда ҚР-ның Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов. Оның айтуынша, саммитке келетін мәртебелі меймандардың арасында 29 елдің президенттері, сондай-ақ Босния мен Герцоговинаның президиум төрағасы, Швейцарияның вице-президенті бар. Сонымен қатар, алқалы жиынға 11 мемлекеттің үкімет басшылары, 5 вице-премьер және 11 министр қатыспақ.
- 40 мемлекеттің басшылары, соның ішінде БҰҰ-ның бас хатшысы, Еуропалық Одақтың президенті 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысатынын растады, бұл жиынға АҚШ-тың атынан мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон келеді, - деп хабарлады Мәскеудегі баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо. «Бүгінге дейін 40 мемлекеттің басшылары саммитке келетінін хабарлады. Ресей президенті Дмитрий Медведевтің, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунның, ЕуроОдақтың басшысы Жозе Мануэль Баррозудың қатысатыны анық белгілі болды», - деді ол.
Күнтізбеге көз салсақ, Қазақстанның төрағалық тізгінін тапсыруға 1 айдан астам уақыт, Астана саммитінің басталуына санаулы-ақ күн қалды. Ал отандық және шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар төрағалығымыздың табыстарын, саммиттің салмағын жоғары бағалауда. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне сүйсініп қараймыз. Өйткен себебі, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында көптеген маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды.
Қазақстан төрағалық тізгінін ұстаған ел ретінде күн тәртібіндегі өте өткір мәселелерді көтеріп қана қоймай, солардың шешілуіне апаратын жолдарды да көрсетіп берді. Төрағалықтың ең үздік көрсеткіші – соңғы 11 жылда болмаған ЕҚЫҰ-ның саммиті. Ұзақ үзіліс болғандықтан, бұл жиынға ЕҚЫҰ мүшелерінің барлығы қатысатыны белгілі. Бұл – ұйым үшін нағыз серпіліс», - дейді Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ – Т.Т.) бас хатшысы Николай Бордюжа. Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы ҰҚШҰ-на қатысушы-мемлекеттер кеңістігіндегі қауіпсіздік жүйесіне айтарлықтай ықпал етті. «Қырғызстандағы дағдарыс Қазақстанның төрағалығы арқасында оңынан шешілді. Бұл жердегі бір маңыздысы, қырғыз еліндегі жанжалды реттеуде ЕҚЫҰ алғаш рет өз қызметін ҰҚШҰ-мен және өзге де халықаралық құрылымдармен үйлестіріп атқарды. Оған дәлел, біздің мамандарымыз Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар барысында қырғыз халқына жәрдемдесу үшін тиімді деген іс-шараларды бірігіп талқылап, ақпарат алмасып, өз бағаларымен бөлісті. Мұндай әрекеттер жемісті нәтижесін берді», - дейді бас хатшы.
Сонымен, ЕҚЫҰ саммитінің Қазақстан үшін қандай маңызы бар? Осы ретте төмендегі үш пікірді мәртебелі оқырманның назарына ұсынғымыз келеді.
- Менің ойымша, әлемдік дәрежедегі мұндай жиын дүние жүзі бойынша жер көлемінің үлкендігі жөнінен 9-ыншы орын алса да, осы уақытқа дейін аты шықпаған қазақ деген ұлт құрған мемлекеттің бар екенін, оның өз тәуелсіздігін алғанына 15-20 жыл болғанда бүгінгідей дәрежеге жеткенін күллі әлемге көрсетуге бірден-бір зор мүмкіндік береді, - дейді Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер Рамазан Сарпеков. - 60-қа жуық мемлекет және үкімет басшыларының, ҮЕҰ-дың және 1,5 мыңға жуық журналистердің алдында Қазақстанды таныту деген ол тек билікті ғана көрсету емес, қазақ деген елдің еркіндік алған соң осындай қарқынды дамуға жеткенін байқататын үлкен бір кәделі жол болайын деп тұр. Мысалы, бүгінге дейін қазақ мектебінің оқушысы әлемдегі жерінің аумағы Қазақстандағы бір ауданның көлеміндей ғана болатын кез келген елді картадан көрсетіп береді. Ал Қазақстанның кең байтақ жері болса да ешкім елемейтін. Өйткені, ертеректе Кеңес Одағы деген алып империяны ғана айтатын жағдай болды. Енді міне, жер байлығы жөнінен де, рухани байлығы жөнінен де жер бетіндегі кез келген ұлтпен, халықпен терезесі тең түсетін ҚАЗАҚ деген ел бар екенін әлемге паш етудің керемет мүмкіндігі туып тұр.
Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанның пікірінше, ЕҚЫҰ дами отырып, замана сұраныстары мен қауіпсіздігіне қарай тек қана Еуропа шеңберінде ғана қалып қоймай, Еуразия кеңістігімен тығыз байланыста болуға мүдделі екенін ХХІ ғасыр сұраныстары айғақтап отыр. «Тарихқа сәл-сәл шегініс жасасақ. Екі нәрсені көреміз. Оның бірі - НАТО, екіншісі - Варшава блогы. Бұл екі ұйым кезінде қауіпсіздік белбеуінің рөлін атқарды. Ал «темір қабырғаның» күйреуі, Варшава блогының ыдырауы, Кеңес Одағының құрдымға кетуі, сайып келгенде заманның жаңа қауіпсіздік белбеуі қажет екенін дәлелдеді. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, әр деңгейдегі ЕҚЫҰ ұйымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп қана қоймай, әлемдік саясаттағы өзінің лайықты орнын алды, түрлі бастамалардың көшбасшысы атанды. Кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан мемлекеттердің арасынан 56 елдің «батасын» алып, бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесін иеленді. Осылай Қазақстан, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясаттың кілтін қолына алып қана қоймай, оны стратегиялық жағынан шешудің жолын ұсынды», - дейді У. Қалижан.
Рамазан Сарпековтың айтуынша, ерекше қонақжайлығымызға бола Жаратқанның өзі жақсылық жасап, қазаққа бүкіл Еуропа төрін беріп отыр.
- Турасын айтайын, біз бұл жиынды бітімгершілік мақсатпен өткізейін деп отырмыз. Оның түп-төркінін түсінбегендер: «Қаншама қаражат шашудың керегі не?», - деген сауал қояды. Жауап біреу: бұл жиыннан біздің еш жеріміз тарылып қалмайды. «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны», - дейді қазақ. Қонақ қабылдап, өзге елді танимыз, соларға қазақтың кім екенін танытамыз деп отырмыз. Бір ғана мысал айтайын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары шетелдіктерге кәделі ас ретінде қойдың басын тартқанда үрейлері ұшып, құлап қалғандары да болған. Ал келе-келе солар қойдың басын өздері сұратып, алдына тартпасаң реніш білдіретіндей дәрежеге жетті. Бұл - қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тірлігін өзге ұлттар танып-біліп қалды деген сөз. Қазіргі еуропалықтарды көп байлықпен, жылтыраған ғимараттармен таң қалдыра алмайсың. Қайта ғимараттардың көбісін солардан үлгі етіп салып жатырмыз. Мініп жүрген көліктеріміздің де басым бөлігі шетелдерден келіп жатыр. Яғни, бұл жерде өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, ұлттық мінезімізді (жомарттық, кеңдік, ашықтық), ешкімге себепсіз тиіспейтіндігімізді, ал егер жерімізге баса-көктеп кіретін болса, алдынан найзасын алып шығып, білегін көрсететін ел екенімізді дәлелдейтіндей болуымыз керек, - дейді Р. Сарпеков.
Ал еліміз үшін, Елбасымыз үшін зор мақтаныш сезімімізді арттыратын айтулы күн «7» санымен сәйкес келіп тұр. Яғни, 2010 жылдың бірінші желтоқсаны сәрсенбіге дөп келеді. «Президент осындай ерекше оқиғаларды үнемі сәрсенбінің сәтіне келтіруге тырысады. Онымен қоса, бұл – 7-інші саммит. 7 саны қазақ үшін аса киелі саналады. Бұл – біздің халқымыздың жұлдызды шағы», - дейді «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов.
- Менің пайымдауымша, дүние жүзі назарын тігіп отырған осындай оқиғаны Елбасымыздың қазақылықпен, ырымшылдықпен істейтін әдеті бар. Себебі, ырымшыл болу – қазаққа тән қасиет. Қазақтың тұрмыс-танымында «Сәрсенбі күні басталған шаруа оңынан шешіледі», «Жұма күні оқылған құран қабыл болады» деген жақсы ырымдар бар. «7» санының қазақ үшін де, мұсылман үшін де өте киелі сан екеніне күмән жоқ. Рухани тұрғыдан алсақ та, астрологиялық тұрғыдан алсақ та бұл дәлелденген. Жеті қарақшы, жеті ру, жеті қазына, жеті ата деп кете береді. Әрбірден соң «Жұт жеті ағайынды» дейлі қазақ. «Жеті атасын білген ер, жеті рулы елдің қамын жер» дегенде шыққан әулетіңді біл, еліңді сүй дегенге үндеп тұр. Яғни, саммит арқылы дүние жүзі Қазақстанның абыройын, халқының беделін көзімен көреді, - деп қостайды бұл пікірді Рамазан Сарпеков.
Қалай болғанда да бұл саммит айдай әлемдегі Қазақстанның беделінің, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің жылдам өсіп келе жатқанының дәлелі. Екіншіден, бұл жиын – қазақ халқының зор қуанышы, отансүйгіштік сезімімізді арттыратын оқиға. Қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов 2010 жыл - біздің мемлекетіміздің тарихындағы ең бақытты жылдардың бірі деп есептейді. «АҚШ демократиясының негізін салушы Томас Джефферсонның «Тәуелсіздік декларациясында»: «Государство должно стремиться к счастью» деп айтқаны бар. Бүкіл халық ешуақытта да толық бақытты бола алмайды. Ал мемлекеттің бақытты болуы мүмкін. Әрбір адам өзінің бақытын тек қана өз денсаулығымен, өз бала-шағасымен, өз айналасымен өлшейтін болса, ондай адамның өзін мемлекеттегі бақытты тұлға деп сезінуі өте қиын. Өйткені, көп мәселе субъективті факторларға байланысты. Жаратқанның алдыңнан не жіберерін ешкім біліп болмайды. Бірақ, өз бақытыңды мемлекеттің бақытымен байланыстыра алсаң, шын мәніндегі баянды бақыт деген осы», - дейді Сауытбек Абдрахманов. Бұған қосарымыз, Орталық Азия бойынша стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Аслан Айчичектің сөзімен айтқанда, «бұл саммит – Қазақстан дипломатиясының да нағыз жұлдызы жарқыраған шағы».
Таңатар Табынұлы