Қытайлық компаниялар Қазақстандағы жекешелендіруге қатысуға ниетті
2016 ж. 28 қаңтар
2476
2
Қытай компаниялары Қазақстандағы нысандарды жекешелендіруге қатысу ниетін білдіруде. Бұл туралы бүгін Астанада тілшілерге берген сұхбатында Қазақстандағы ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй мәлім етті.
«Қытайлық компаниялардың Қазақстан аумағындағы жобаларға инвестиция салуға қызығушылығы артуда. Қазіргі кезде бізде көптеген кәсіпкерлер Қазақстанда нысандарды жекешелендіру бойынша ақпарат сұрастыруда. Менің ойымша, екіжақты шартпен, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық негізінде қытайлық кәсіпкерлер жекешелендіруге және жобалардың құрылысына белсенді қатысатын болады», - деді Елші.
Осы орайда Чжан Ханьхуэй кәсіпкерлерге жекешелендіруге қойылатын нысандарды, Қазақстанның ұлттық заңнамасын зерделеуге уақыт керек екенін жеткізді.
Оның пайымынша, ҚР Үкіметі бүгінде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр.
«Қазақстанда шетел инвестициялары үшін өте жақсы жағдайлар жасалған деп пайымдаймыз. Бірлескен жұмыстарға қолайлы жағдай жасағаны үшін ҚР Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Атап айтқанда, біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз»,-деді Елші.