МЕШІН ЖЫЛЫ ДА ҚАЗАҚҚА ЖАЙСЫЗ БОЛМАЙДЫ ДЕГЕН БОЛЖАМ БАР
2016 ж. 12 қаңтар
5920
16
Өткен жыл Қазақстан экономикасында елеулі жетістіктермен есте қалды. Былтыр еліміздің Индустрияландыру картасы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 800 миллиард теңге көлемінде 120 жоба іске қосылды. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазақстан тұңғыш рет әлемнің жетекші 50 экспорттаушыларының қатарына қосылып, 43-орынға табан тіреді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді.
Ал жаңа ғана есік ашқан 2016 жыл, алдын ала болжамдар бойынша, экономика үшін күрделі болады деген сөз бар. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл жылы әлемді шарпыған дағдарыс бұрынғыдан да күшейе түспекші. Тіпті, осы уақытқа дейін серпінді қарқынмен дамып келе жатқан Қытай экономикасы сыр бере бастады. Екінші алып көршіміз Ресей экономикасындағы жағдай да мәз емес. Өткен жылы бұл елге сырттан келіп жатқан инвестициялар көлемі едәуір азайып кеткен. Құлдыраған мұнай бағасы жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде.
Міне, осы қиындықтардың барлығы екі алып елдің ортасында орналасқан қазақ елін де айналып өтпейтіні анық.
Әйткенмен, өткен жылды табысты қорытындылағанымызды айттық. Экономикамыз бұл жылды даму жағдайында өткізді. Оның үстіне бізге келіп жатқан шетелдік инвестициялар көлемі көбеймесе, азайған жоқ. Яғни, Қазақстан әлем елдерінің алдында өзінің инвестициялық тартымдылығын сақтап қала алды. Бұл біздің Ресей экономикасымен салыстырғандағы бір артықшылығымыз және биылға жылға өзек ететін басымдықтарымыздың бірі болып табылады.
Ресеймен салыстырғанда қазақстандық экономикалық саясаттың тағы бір өтімді тұсы біздің елімізді индустрияландыру ісіне белсенді түрде ертерек кіріскендігіміз болып табылады. Өткен бесжылдықта біз бұл мәселеде біраз тәжірибе жинақтап, артық-кем тұсымызды екшеп алдық. Қажетті бағдарлама мен заңдар сақадай-сай әзірленді. Индустрияландыру ісі өзінің бұлжымас даңғыл жолына түсті. Сондықтан, 2016 жылы да бұл іс жалғасын табатындығы анық. Бізге күні бұрын белгілі болғанындай, 2016 жылы бұл іске республикалық бюджеттен 40,7 миллиард теңге жұмсалатын болады. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 193 миллиард теңге бөлінеді. Нақ осы биылғы жылдан бастап, агроөнеркәсіп саласындағы дайындаушы ұйымдарға мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары жүзеге асырыла бастайды.
Әрине, мұнда сөз болып отырған қаржылар тек мемлекет тарапынан қосылатын үлес болып табылады. Елімізді индустрияландыру саласына негізгі қаржы жекеменшіктен, соның ішінде, шетелдік инвесторлардан түсуі тиіс. Өткен жылы көршілес Қытаймен, сондай-ақ, Ұлыбританиямен, Франциямен, Кувейтпен және басқа да бірқатар еуропалық елдермен жасалынған меморандумдар мен келісімдер биылғы жылы да елімізді индустрияландыру ісіне жаңа қарқын береді деп күтілуде. Тіпті, басқаны былай қойғанда, көршіміз Қытайдан Қазақстанға өнеркәсіптік кәсіпорындардың көшірілуі биылғы жылдан бастау алып, Қазақстан экономикасына тың серпінмен дамудың жаңа мүмкіндіктерін беруі әбден ықтимал.
Оның сыртында алдын ала жоспарланғандағыдай, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі толықтай іске қосылатын болады. Бастапқысында бұл ғасырлық маңызы бар алып жобаның бірқатар бөліктері концессиялық негізде және инвестициялық қаржыларды қарастыру негізінде жүзеге асырылады деп жоспарланған еді. Алайда, ықтимал концессионердің табылмауынан Қазақстан Үкіметі өзінің бастапқы шешімін өзгертіп, оған халықаралық қаржы институттарын тарту жөнінде ұйғарым жасады. Сөйтіп, бұл жұмыс өзінің жалғасын тапты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін жүзеге асырудың әзірленген техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес үлкен Алматы айналма жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Айналма жол құрылысы аяқталғаннан кейін ол аталмыш дәлізбен қосылады. Сөйтіп, дәліз пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, бұл халықаралық транзиттік дәліз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2009 жылы басталған болатын. Жоба бойынша жалпы жолдың 2 452 шақырымы қайта салынады. Оның 1 390 шақырымы 1 техникалық санаттағы 4 жолақты қозғалысқа арналған. 2009 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде Ресей Федерациясы шекарасынан Шымкент қаласына дейінгі 1 884 шақырымда жол бойында қозғалыс ашылған болатын. Енді биылғы жылы бұл жол Қытайға дейін жеткізіледі. Сөйтіп, жоба толық мәнде жұмыс істей бастайды.
Қазіргі күні Үкімет еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар тың шараларды жүзеге асыра бастағаны белгілі. Мәселен, елімізге келетін инвесторлардың жұмысын жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты үстіміздегі жылдан бастап толық жұмыс істейтін болады. Осы мақсатта инвесторларға қолдау көрсетудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл болашақта онлайн режімінде инвесторлардың тіркелуіне, ақпарат алуына, рұқсат құжаттар алу үшін өтініштер жіберуіне мүмкіндік береді. 2015 жылы бұл жоба қанатқақты режімде жұмыс істеген болатын. Сол кезде бұл істің тиімділігі анықталды. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен 200-ден астам кездесулер өткізілді.
Міне, инвесторларға жасалынатын осындай қолайлы жағдайлар елімізге шетелдік тікелей инвестициялардың ағылуына жаңа мүмкіндіктер тудырады. Қазақстанның халықаралық имиджінің артуына жәрдемдеседі. Өткен жылдар еліміздің халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын дәлелдеп берді. Демек, биылғы жылы дағдарыс қаншама дендеп енді десек те, еліміздің инвестициялық сенімділігі экономиканың дамуына қосымша серпін береді деп сенеміз.
Биылғы жылы Астанада «Ислам» азық-түлік ұйымының штаб-пәтерін орналастыру жоспарлануда. Бұл жаңалық қазақстандық тауарлардың экспортқа шығуына ықпал жасайтын болады.
Айта кетейік, аталған ұйымды құру идеясын Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 28-маусымда Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде жария еткен болатын. Бұл идеяға аталған ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы қолдау білдіріп, осы уақытқа дейін «Ислам» азық-түлік ұйымын құру жөніндегі дайындық шаралары жүргізіліп келді. Енді биылғы жылдан бастап осы ұйым жұмыс істей бастайтын болады. Оның штаб-пәтерінің Астана қаласында ашылуы біздің еліміздің аграрлық секторының дамуына қосымша ықпал ететіні анық.
Үстіміздегі жылы елімізде бұдан басқа да көптеген маңызды жұмыстар жүзеге аспақ. Осының барлығы экономиканың дамуына, индустриялық-инновациялық бағдарламаның сәтті орындалуына әсер ететіндігі айқын.
2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің еңбекақысы ұлғаяды. Осылайша, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28%-ға дейін, білім саласы 29%-ға дейін және өзге сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40%-ға дейін артады.
Осы жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізілетін азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісіне сәйкес, олардың лауазымын біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төмендегідей төрт санатқа бөлу көзделген:
1. Ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы). Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (немесе басқару жауапкершілігінің деңгейіне байланысты: республикалық, облыстық, аудандық) құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді.
2. Ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы). Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік жұмысшылар, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: «Денсаулық сақтау» «Білім беру» және «Өзге де салалар» бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады.
3. Әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, экономистерді, аудармашыларды, шаруашылық қызметінің меңгерушілерін және т.б. қамтиды.
4. Қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс-қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар кіреді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне байланысты негізгі персоналдың еңбекақысын арттыру тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етеді: денсаулық сақтау саласында – 7%-дан 28%-ға дейін, білім беру саласында – 15%-дан 29%-ға дейін, өзге салаларда – 28%-дан 40%-ға дейін. Аталған үлгіні 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша 272,6 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке мақсатты трансферттер ретінде 228,8 млрд. теңге бөлінді. Жаңа ереже мемлекеттік қызметкерлер болып есептелмейтін мемлекеттік және қазыналық ұйым қызметкерлеріне қатысты болмақ.
Қазақстанда барлығы 1 миллионнан астам азаматтық қызметкерлер бар. Олар: мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, т.б.
Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары қазан мен желтоқсан айлары аралығында азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі бойынша республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындардың есепшілері мен кадр қызметі жұмыскерлерін оқыту шараларын жүргізді. Оқуға барлығы 9 мыңнан аса адам қатысты.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті