Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:ҚАЗАҚ САНАТЫНА КІРУ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ
2016 ж. 12 қаңтар
3040
1
Ойымды бірден айтсам, қазіргі таңда Қазақ елі этноцентризмге емес, лингвоцентризмге негізделуге тиісті. Бұл не деген сөз? – Бізге саяси ұлт құру қажет. Неге дерсіз... Міне, енді осыны ептеп түсіндіруге тырысайын.
Марксизм – ленинизм ілімінде ұлт пен ұлысқа сол заманға сай сипат берілген. Марксистер, әсіресе, КСРО марксистері мен ленинистері ұлттың тек капитализмнің туындысы екенін айтып, оның коммунизм басталысымен өз-өзінен жоғалатынын «ғылыми» деректер негізінде дәлелдеп, идеологиялық постулатқа айналдырды. Яғни, ұлт – капитализм туындысы. Ұлт болып ұйысу үшін алдымен экономикалық өмір бірлестігі болуы керек... дейді.
Ұлыс болып қалыптасқан елде территориялық ұйысу қалыптасады. Алдымен жеке тайпалар, тайпалар одақтары дүниеге келеді, ал тайпалар одағы ұлысқа, кейіннен соңғылар экономикалық тұрғылықтылықтыққа жеткізді. Келе-келе экономикалық жергілікшілдік экономикалық топтасуға әкелді. Сонымен, рулық сананың орнына территориялық жергілікшілдік негізге сүйенген бірлестікке апарады. Буырқаған капитализмнің әсері жергілікті ауылдық-өлкелік «меңіреулікті» жояды. Ауылдық-рулық және кенттік-махалләлық сана құрдымға кетеді. Сөйтіп экономикалық өмір рулық-феодалдық қатынастардан түк қалдырмайды. Экономикалық мүдделер, нарықтық үрдістер ең пәрменді, басқа факторлармен салыстырсақ, ең басымдық көрсететін феномен.
Бірақ ұлыстың ұлтқа айналуы тек экономикалық және әлеуметтік әсерлерден қалыптаспақ емес. Рухани өмір мен тіл, жергілікшілдікке негізделген сана ауқымды мемлекет шеңберімен алмасады, бара-бара, бірте-бірте сандық, демографиялық, урбанизациялық факторлар қосындысы және дамушылдық сапалық саналық деңгейге әкеледі. Рулық және феодалдық кезеңде өлкелік диалектілер ұлттық әдеби тілге айналады.
Әрине, бұл үрдістің пісіп жетілуіне ондаған, тіпті, жүздеген жылдар керек.
Ұлтты шыңдайтын бір фактор – соғыс. Бірақ соғыс сәтті болса, тым ұзаққа созылмаса және жеңіспен аяқталса ғана позитивтік әсер туғызбақшы. Басқа жағдайда іс насырға шабуы ықтимал.
Қазақ көршілерімен әскери қақтығыстарда ұлт болып қалыптасты. Айталық, қазақ – жоңғар (шығыс моңғолдар) соғыстары тым ұзаққа созылды. Оның үстіне жоңғарлар екі майдан бағытында шайқасты. Сондықтан қатты күйзелді. Ақыры соңғы соққыны Қытайдан алды да, ғайып болды.
Әйткенмен, бұл соғыстардан қазақ та қатты қалжыраған еді. Біз осындай, әмбе өзге де бірқатар себептерден ұлттық дағдарысқа ұшырадық. Бұл дағдарыстан тек 1991 жылы толық шыққандаймыз...
Ресей – Грузин соғысын орыстар салтанатты жеңіспен аяқтады. Бұл соғыс бар болғаны бес-ақ күнге созылыпты (8-12 тамыз, 2008 жыл). Ресей Оңтүстік Осетияны қорғаған болып, Грузияға әскери соққы беріп, Оңтүстік Осетияны өзіне қаратып алды. Сөйтіп Грузин – Ресей соғысы Ресей басшыларының милитаристік пиғылын қоздыра түсті. Ал Ресейдің Украинаға шабуылы, керісінше, Ресейге сәтсіз әскери «науқан» болып тұр.
Адамзат тарихына Бірінші Дүниежүзілік соғыс және Екінші Дүниежүзілік соғыстар белгілі. Әр Дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлы державалар халықаралық тәртіп орнатады. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Бірінші қырғиқабақ соғыс (1945-1991 жж.) болды. КСРО Бірінші қырғиқабақ соғысында жеңіліп, ыдырады. Қазақстан сияқты КСРО-ның одақтық республикалары бөлініп, тәуелсіз елдерге айналды. Біздің ойымызша, адамзат бүгінгі таңда Батыс елдер альянсы мен Ресей арасында екінші қырғиқабақ соғысын кешуде. Батыс елдері Ресейге экономикалық көпсалалы шектеу санкцияларын салды. Батыстың мақсаты Ресейді экономикалық коллапс пен әлеуметтік дағдарысқа ұшырату. Ал біз, Құдайға шүкір, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында соғыс алаңдарынан тыс, аман-сау отырмыз.
Бүгінгі заманда мемлекеттер бір-біріне қарсы түрлі саяси технологиялар пайдаланады. Әлемде болып жатқан валюталық , сауда соғыстары және ақпараттық соғыстарынана тыс қалу мүмкін емес және оларға мән беріп отыру керек. Біздің еліміздің ақпарат көздері бұл сюжеттерді саралап, халқымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге тиісті.
Этнологтер бүгінгі таңда саф таза, біртекті ұлттар мен этностар жоқ екенін дәлелдейді. Тіпті, қазіргі заман қазақтарының бойында қырғыздың да, қалмақтың да қаны бар. Ал, кезінде, өзбекпен бір халық болғанбыз. Сауда қатынастарының ұлыстарды тіл бірегейлігіне әкелетіні бесенеден белгілі. Сауатты адамдардың көбейюі, молда ишандардың рухани талаптары діни әдебиетке зәрулік туғызады. Діни әдебиет пен халық ауыз әдебиеті тұтасып, бара келе жырауларды төкпе ақындар, соңғыларды жазба ақындар алмастырады. Қала мәдениеті аккумулятор және ретранслятор рөлін орындай бастайды. Жұртшылықтың шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік мақсаттарымен миграциялық көші-қоны тағы бар. Бейбіт өмір орта ғасырларда дүркін-дүркін соғыстармен алмасып тұрды. Халықтың сапырылып босуы, қайтадан орнығуы – бірегей ұлт қалыптасуының қисынды жолы. Орталықтанған мемлекетте ұлыс ұлтқа айналады. Сонымен, бірегей территория, бірегей экономикалық өмір, орталықтанған мемлекет психикалық, менталдық, тілдік, рухани бірізділік пайда болады. Дәстүр мен салт, некелер: эндогамия мен экзогамия әдеті ұлттың антропологиялық және генетикалық типажын қалыптастырады. Антропологтер қазақтың ғасырлар бойы өз елінде қалыптасқанын дәлелдеді. Оны «автохтон» деп атайды.
Ұлттық сананың қалыптасуының шартын жоғарыда атадық. Бұл орайда қазақ пен қырғыз инцест некеге бармайды. Қазақтың, тіпті, жеті атаға дейін қыз алыспайтыны мәлім. Орталықазиялық басқа ағайындар – тәжік пен өзбек, ұйғыр мен жергілікті кіндіказиялық арабтар туысқандық некелерді әдет қылады.
Енді марксизм-ленинизмде аталмаған факторларды саралап байқайық.
Ұлт болу үшін көреген элита мен истеблишмент болуға тиісті. Бұл – бірінші. Екіншісі, әр ұлттың ғұмыры өзін өзі қорғану иммунитетіне байланысты. Өзін-өзі қорғай алмайтын ұлт түбінде мемлекеттік егемендігінен, бара келе ана тілі мен ұлттық санасынан айырылады. Әлемнің алғашқы державасы – Ассирия еді. Осы мемлекет қазір қайда?!
Аса қуатты әлем державасына айналған ел Қос өзен – Месапатамия өлкесінде пайда болды. Біздің дәуірімізге дейін XIII-XII ғ.ғ. ассириялықтар дамудың ең биік шыңына жеткен. Бірақ басқа басқыншы – арамейлер сол супердержаваны жоқ қылды. Ал бүгінгі таңда ассирийліктер ауыр халде, бірнеше мемлекетте босып жүр. Олардың шағын топтарын Иранда, Иракта, Сирияда кездестіруге болады. Ал манчжурлар қайда жүр? Кезінде Қытайды басып алып, династия орнатып, 1644-1683 ж.ж. қазаққа да қатер төндірді емес пе? Солар бүгін бар ма? Жеңімпаз деп есептелген манчжурлар бақ тайып, 1911 жылдары өздері геноцидке ұшырады. О тоба, оларға қазақтың қарғысы өтіп кетті ме екен?! Бүгінгі күнде Қытайда «манчжурмін» дейтіндердің саны қазақтан аз.
Тағы маңызды ұлт қасиеті – ұлттың мобилизациялық мүмкіндігі. Егер ұлт элитасы мен истеблишменті өз халқын маңызды мақсаттарға көтере және жетелей алмаса ұлттың құрығаны. Ал элита мен истеблишмент прогрессистік сипатта болуы керек. Ал оған қарасты халық өз элитасының дұрыс бағытын қолдағаны жөн. Болар ұлттың маңызды қасиеті – төзімділік және сабырлылық. 1990-жылдары Қазақстан жағдайы өте ауыр болғаны белгілі. Тұрмысымыз қиындап кетті. Сонда КСРО-дағы тіршілігіміз тәуірлеу еді деп, егемендіктің бізге керегі шамалы деп, төл жас мемлекеттік институттарға қарсы шыққанда не болар еді?! Ол жағдайда, сөз жоқ, құрдымға кетер едік. Бірақ қазақ төзді, күйреген совхоздар мен колхоздардан қалаға көшіп келді, нарықтың қиын шарттарын игерді. Бүгінгі таңда қазақтың 60% қалады тұрады, ортаңқол дәулеттілер 40% жоғары. Орта Азия мемлекеттерінің арасында тұрмысы тәуірі – қазақтар. Біздің билік нарықтық принципті қолдайды, біздің ел басқа елдердің әскері саяси авантюрасына қосылғысы жоқ. Ресейдің Украинаға, Грузияға, Батыс елдерге қарсы қоқанлоққы саясатын қолдамайды. Біздің элита мен истеблишменттің халыққа талабы нарыққа тереңірек ену, ағылшын тілін үйрену, балаларды шет елдерде оқыту және оларды өз елінде қызметпен қамтамасыз ету. Бұл қиын ба? Иә оңай емес, бірақ орындауға келетін талаптар.
Болар ұлтың тағы бір белгісі – демографиялық және ассимиляциялық мүмкіндігі. Өспейтін ұлттың көрінісі төмендей беретін демографиялық потенциал. Депопуляцияға (ұлт санының табиғи жолмен азайуы) ұшыраған ұлт тек ассимиляциялар арқылы санын толтыра алады. Төл ұлтымыздың қарқынды өсуіне иммиграцияның әсері маңызды. Қазақтың қарқынды өсу жолы – табиғи өсім, иммиграцияық өсім – қазақ репатриациясы, ең соңғы маңызды ресурс – ассимиляциялық өсім. 1989 жылы қазақтың саны 6 млн. 534 мың, 1999 жылы 7 млн. 985 мың, 2009 жылы 10 млн. 096 мың, ал 2015 жылдың 1-қаңтарына есептелген мемстат агенттігінің болжамы бойынша 11 млн. 497 мыңға жетіппіз. 1989-2015 жылдары қазақтың жалпы өсімі – 5 млн. (нақтырақ айтсақ, 4 млн. 963 мың) болыпты. Өткен ширек ғасыр (26 жыл) кезеңінде 76% өсіппіз. Бұл – аталған табиғи, иммиграциялық және ассимиляцияның өсімнің қосындысы. Бүгінде қазақтың жылма-жыл табиғи өсімі мөлшері – 200 мыңдай, қалғаны, негізінен, оралмандардың үлесі. Соңғы онжылдықта қазақтың ассимиляциялық өсімі елеулі статистикалық көрсеткіш беретін болды. Олар қазақтың санын Қазақстанға көшіп келген қарақалпақ пен ұйғырлардың қазақтыққа өтуінен болып отыр. Келесі онжылдықтар өзбектердің қазақылануына әкеледі. Бұл да позитивті үдеріс көрінісі.
Басқа ұлттарды шеттетпей, олардың ұлттық болмысының, ұлттық санасының және идентификациясының өзгеруіне шек қоймай, іштарлық жасамай, қазақтануына жол ашу демократиялық үдеріс екенін айтамыз. Ал бәрінен де жаман нәрсе – сегрегация. Бұл мектептен басталады. Мәселенки, өзбек, ұйғыр, тәжік мектебін бітіріп, одан кейін не іске, не оқу жалғастыруға жарамай, мүшкіл халге түскен замандастарды қайтеміз?! Сол сияқты, орыс мектебін бітірген орыс балалары университеттің де орыс бөлімін бітіріп, қазақша білмегендіктен, кеңсе қызметіне де жарамайды. Олардың қазақша оқымаудағы ойы – әу бастан Ресейге кетуді діттейтіні жасырын емес. Ал ұйғыр, өзбек, тәжік мектебінің түлектері шетінен кетпенші мен дүкенші, етікшіліктен аса алмай жүр. Орта мектеп пен университет әлеуметтік өсуге, қызметтік мансабын жоғарылатуға жол ашуы керек. Сондықтан, аз ұлттар мектептерін (соның ішінде, орыс мектебін) жаппау да керек шығар; бірақ ол мектептерде 80% сабақ қазақ тілінде өтуге тиісті, сонда ғана ұлттық азшылық мектебін бітіргендер өз талабы мен талантына сәйкес орынды қазақ елінен табады, тіпті, тәуір қызметтік мансапқа ие болады.
Ұлт пен мемлекет сақталады: егер ұлттық идея мен соған сәйкес идеология болса. Қазақтың ұлттық идеясы мен идеологиясында бірнеше маңызды талап бар. Ол үшін мемлекеттік тіл іс жүзінде өз құзырында болмағы ләзім. Және қазақтың дәстүрлі діні мызғымағаны жөн. Төл мемлекетіміздің мәңгілік екенін баян ету де маңызды рөл атқарады.
Экономикалық дағдарыс кезінде жоғары билік ұлтжандылықты саяси технологиялық ресурс ретінде пайдалана бастады. Бұл, әлбетте, жақсы. Еліміздің егеменді мемлекет ретіндегі тарихи бастауы Путин айтқандай, 1991 жылдан емес, 550 жыл бұрын басталғаны ресми түрде баяндалып, дүбірлі мерейтой ретінде атап өтілді.
Қайталап айтайық, қазақ елі этноцентризмге емес, лингвоцентризмге негізделуі керек. Біз саяси ұлт құруға тиістіміз. Өзбек текті қазақ, ұйғыр текті қазақ деген тіркес қазақтықтың қосымша дәлелі сияқты болады. Себебі, қазақ санатына кіру – өте абыройлы, озық міндет. Қазақша сөйлеу – ғанибет. Мәселен, өзім шет елдерде бір айдан артық болсам, басым ауырып мазам кетеді, ана тілінің жетіспеушіліктен зардап шегем...
Әйтеуір, біздің елімізде әр азамат мемлекеттік тілді игерсе, тегіне, ұлтына қарамастан меритократияға сәйкес орнын табу керек деп есептеймін.
"Қазақ үні" газеті