Ұжымдық қауіпсіздік пен экономикалық әріптестік
2015 ж. 28 желтоқсан
1891
0
Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясына және Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысына қатысып қайтты.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақтылық тетігін бекіту – бүгінде бұл мәселелер тек Орталық Азияның ғана емес, бүкіл жаһанның алаңдаушылығын туғызып отырғаны рас. Себебі, әлем және халықаралық қатынастар үлкен өзгерістер мен күрделі кезеңдерді бастан өткеруде. Ал қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы күрес жүргізуде мемлекеттердің бұрыннан қалыптасқан қарапайым әдіс-тәсілдерін еш қолдануға келмейді. Мұндай жағдайда қауіпсіздік мәселесі зорлық-зомбылық пен лаңкестік іс-қимылдарды өздерінің теріс мақсаттарына пайдалануды көздейтін экстремистік сипаттағы ағымдардың таралуына жол бермейтін жаңа факторларға сөзсіз тәуелді болады. ҰҚШҰ – аймақтық ұйым саналғанымен, оған мүше мемлекеттердің әлемге жария еткен қағидасы «бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету», «ұйым құрамындағы елдердің аумақтық тұтастығын қорғау, тыныштығын күзету», «шиеленісті жағдайлардың түйінін тарқату» сынды ұстанымдармен сәйкес келеді.
Сондықтан, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің президенттері қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде, жағдай сәт сайын өзгеріп шыға келетін құбылмалы уақытта тың әдіс-тәсілдердің қажет екенін түйсініп, ұғына түсуде. Бұған кейбір «ескі жаралар» аузының қайта ашылуы, «жаңа сырқаттардың» дендей бастауы да әсер етуде. Жалпы, бүгінде аталған Ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – әлемде және Орталық Азияда айрықша сезіліп тұрған халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардан төнетін қауіп-қатерлер. Мәселен, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына баруы жиілей түсуде. Сол себепті, мемлекет басшыларын өңірде, оның ішінде Ауғанстанда қалыптасқан жағдай, лаңкестік топтардың өздерінің «белсенді іс-әрекеттерін» Орталық Азияға кеңінен таратуға барынша ұмтыла түсуі алаңдатып отыр. Демек, бұған қарсы іс-қимыл жасау ҰҚШҰ-ға мүше елдер тарапынан тиімді шаралардың қабылдануын талап етеді. Ал дүниежүзі құбылмалы жағдайды бастан кешіп отырғандықтан, Ұйымға артылар жауапкершілік жүгі де күн өткен сайын арта түсетіні белгілі.
Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Мемлекет басшылары ең әуелі шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген құрамда отырыс өткізді. Кеңейтілген құрамдағы отырыс барысында президенттер Ұйым қызметіндегі, ҰҚШҰ-ны одан әрі нығайту мен әлемде қалыптасып отырған қазіргі жағдайлар төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Дүниежүзінде болып жатқан түрлі үдерістерге қатысты Ұйымға мүше елдердің көзқарастары ұқсас болуы керектігін жеткізді.
Мәселен, тараптар ҰҚШҰ-ның жауапкершілігі аймағындағы қазіргі ахуал мен әлемнің бірқатар өңірлеріндегі шиеленістің ушығуына байланысты Ұйымның бұдан арғы іс-қимылы жөнінде пікір алмаса келе, БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына сәйкес кең ауқымды антитеррорлық коалиция қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, терроризмге қарсы күрес оны қаржыландыру көздерін шектемейінше нәтижелі болмайтынын атап өтті. Жиын аясында Сириядағы антитеррорлық іс-қимылға қатысқан Ресейдің Су-24 әскери ұшағын атып түсіруге байланысты оқиға да талқыланды.
Кеңейтілген құрамдағы отырыстың соңында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшылары халықаралық терроризмге қарсы күрес жүргізу бойынша мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемеде мемлекет басшылары кері ықпал-әсері күн өткен сайын бірнеше есеге дейін артып келе жатқан халықаралық терроризмнің әлемге, қауіпсіздікке және елдердің аумақтық тұтастығына қауіп төндіріп отырғанына алаңдаушылықтарын жеткізген.
Мәселен, мәлімдемеде: «Біз терроризмнің идеологиялық, діни, саяси, нәсілдік, этностық пиғылдағы барлық түрлерін қатаң түрде айыптайтынымызды білдіреміз. Себебі, бейбіт тұрғындарды өлтіру, тарихи ескерткіштерді жаппай жою, діни әрі қасиетті орындарға зиян келтіру ешқандай адамгершілік және моральдық нормаларға сәйкес келмейді. Бұл орайда, біз әлемдік қоғамдастық терроризмге қарсы жаппай күш біріктіруі қажеттігін алға тарта келе, БҰҰ Жарғысының ережелері, халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары негізінде ауқымды коалиция құру туралы бастаманы дұрыс деп санаймыз. Сонымен қатар, барлық мемлекетті Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясының антитеррористік қарарларын бұлжытпай және қалтқысыз орындауға шақырамыз», делінген.
Сондай-ақ, мемлекет басшыларының бұл мәлімдемесінде дүниежүзінің көп елінде бейбіт тұрғындардың қанын мойнына жүктеген «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының бүгінде бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп отырғаны, «Талибан», «Әл-Каида» секілді экстремистік ұйымдар мен Ауғанстан төңірегінде бой көрсетіп жүрген лаңкестік топтардың Орталық Азияның қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп келе жатқаны атап көрсетілген. Президенттердің айтуынша, бұл өз кезегінде Ұйымға мүше елдерге қауіпке қарсы тұру «иммунитетін» күшейте түсуде, «кері құбылыстарға» қарсы тұру мен олардың алдын алуда үлкен жауапкершілік жүктейді.
Әлемдегі шиеленіс әріптестікке кері әсерін тигізе алмайды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыдағы үлкен отырыстар басталмай тұрып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ өз дамуының бірінші жылын аяқтап қалғанын, бұл кезең оңай болмағанын айтты.
– Біз дағдарыстың болатынын білдік, оны еңсеру үшін қажетті шараларды қабылдадық, енді әрі қарай жылжу керек. Әлбетте, елдеріміздің ішкі жалпы өнімі азайды, тауар айналымы да бәсеңдеді. Бірақ, шекараның ашықтығы мен тығыз байланыстар оң ықпалын тигізіп отыр. Біз мұның бәрін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бүгінгі отырысында талқылаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
В.Путин екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан, жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біз кедендік және техникалық реттеу стандарттарын жақындастыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Осының бәрі оң нәтижесін береді. Егер осы уағдаластықтарымыз болмағанда, экономикаға тиетін соққы одан да күштірек болған болар еді, мен бұған сенімдімін, – деді Ресей Президенті.
Интеграциялық байланыстар елдер арасын жақындатады
Сондай-ақ Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Армения Президенті С.Саргсян, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Қырғызстан Президенті А.Атамбаев, Ресей Президенті В.Путин, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы В.Христенко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты.
«Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Украина мен Еуроодақ арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келісімшарт іске қосылады. Бұл жерде ТМД-дағы еркін сауда аймағына қатысты мәселе күн тәртібіне шығады. Осы орайда, бұған тек Ресей ғана емес, барлығымыз да алаңдаушылық танытып отырмыз. Ресей Федерациясы бұл мәселе жөнінде Еуроодақпен келіссөз жүргізді. Әзірге ешқандай да келісім жасалған жоқ. Демек, егер Украина тауары мен Еуроодақ елдерінің Украинадағы тауары өзара айналымға түскен кезде олар біздің территориямызға ағылары анық. Сондықтан, біз мұның алдын алуымыз керек. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығына да қатысты. Біз көптеген мәселені талқыладық. Оның барлығын тізбелеп жатпай-ақ қояйын. Бірақ, біз белгілі бір шешімге келдік. Мәселен, келесі жылы ПУтин аясындағы алыс-беріс тауарларын электронды декларациялауға көшіруге, автомобиль тасымалы саласын кезең-кезеңімен ырықтандыру бағдарламасына өзгерістер енгізуге қатысты шешімдер қабылданды. Сол шешімдер бойынша жарты жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы барлық тауарларды электронды декларациялау жүйесіне көшіретін боламыз. Бүгінде Ресей мен Беларусь арасында мұндай жүйе бар. Біз енді осындай әдісті қолданамыз, немесе басқа да қадамдарға баратын боламыз»,– деді А. Лукашенко.
Сонымен қатар, ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық тізгіні келер жылы Қазақстанға өтетінін жеткізе келе, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағалығы ендігі кезекте Виктор Христенкодан Армения өкілі Тигран Саркисянға көшетінін мәлімдеді. Өз кезегінде В.Христенко отырыстың күн тәртібіне 8 мәселе қойылғанын жеткізді. «Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық етеді. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңдағы күрделі экономикалық жағдайларға байланысты бюджет көлемі біршама қысқарды», – деді В. Христенко.
Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь тарапына және жеке Александр Лукашенкоға ЕАЭО төрағасы ретінде жыл бойы атқарған жұмысы үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың қызметіне айрықша маңыз беретінін, бұл одақ оған мүше мемлекеттердің дамуы үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Бұл жөнінде Елбасы: «Әлемдік экономикалық конъюнктураның тұрақсыздығына байланысты 2016 жылдың күрделі болатынын және бізге айрықша жағдайда жұмыс істеуге тура келетінін түсінеміз. Қазақстан интеграциялық бірлестігіміздің одан әрі дамуы үшін бар күш-жігерін салады және төрағалық еткен кезінде Шанхай ынтымақтастық ұйымымен байланысты тереңдету бағытында белсене жұмыс істейтін болады. Бұл біздің мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, ЕАЭО-ны күшейтеді», – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қызметіне айрықша мән беретінін, себебі, бұл одақтың оған мүше елдердің экономикаларын дамыту бағытындағы әлеуеті орасан екенін жеткізді. «Қазақстан біздің ортақ интеграциялық бірлестігіміздің дамуына барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және Қытаймен арадағы байланысты жандандыру арқылы еркін тауар айналымын қалыптастыруға назар аударады. Бұл біздің мүмкіндігімізді кеңейтіп, Еуразиялық экономикалық одақ тетігін нығайта түседі деп ойлаймын», – деді Елбасы.
Жиын барысында мемлекеттер басшылары, сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың 2016 жылға арналған бюджетін, ЕЭК алқасының жаңа құрамы мен алқа мүшелері арасындағы міндеттер бөлінісін бекітті. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ЕАЭО мен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» түйістіру жөніндегі баяндама тыңдалды.
Жиын соңында 2016 жылы ЕАЭО-ның Комиссия алқасынан басқа барлық органдарына Қазақстанның төрағалық етуі жөнінде шешім қабылданды.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті