Әбілфайыз Ыдырысов: ұлым қазақша ауызекі сөйлей алады
2015 ж. 24 желтоқсан
4101
5
«Қазақстанды Ресейден ешкім алыстата алмайды», - деп қайқайып отырған Сыртқы істер министрі Ерлан Идирисовтың папасы (бұл кісінің лексиконында, «әке», «көке» деген атаулар жоқ шығар) Әбілфайыз аға бізге ҚазМҰУ-де дәріс оқыды. Әбекең әріп түрлерін әртүрлі адамға ұқсатып, сабағын есте қалатындай етіп қызықты өткізетін. Сол Әбілфайыз ағаның қазақ тілін орысшамен араластырып, ойран-ботқа жасап сөйлегенін өз басым көрген де, естіген де емеспін.
1990 жылдардың аяғы. «Жас Алаш» газетінде тілшімін. Бас редактор Әбілфайыз ақсақалмен сұхбат жасап кел деп тапсырды. Адресін тауып алып, ыдырысовтардың ырысты шаңырағына бір кеште салып ұрып жетіп бардым. Кең, жарық бөлмеде отырып сұхбат құрдық. Ақсақал әңгіме барысында өзінің өмір бақиғы нан-суы болған ғылымды, тілшілікті ұнтатпайтынын айтып қалды. «Жас кезімде Мәскеуде оқуым керек еді. Инженерлік мамандықты игеруім керек еді. Қалаған оқуыма түсіп тұрып, Алматыға тайып тұрыппын. Сөйтіп, осы тілдің айналасында қалыппын. Не көп, қазақта тілші-маман көп. Осыған әлі өкінемін. Менің Қазақстанға қайтып кеткеніме Мәскеудегі оқытушыларым да реніш білдірді», - дегенді айтты. Жаңадан бас құрап, той-жиындарға барған кездерінде зайыбы екеуі қосылып ән салғанда жұрттың тамсанып қол соғатынын, екеуін «Қыз Жібек пен Төлеген» атағанын да емірене есіне алды. Содан әңгіме Ерлан туралы, оның қызметі туралы өрбіді. Мен ақсақалдың кітап сөресінен талыстай үлкен кітапты көзім шалып, мұқабасындағы жазуға үңілгенмін. «Иврит». Содан сұрадым:
- Аға, Ерлан не, иврит тілін біле ме?
- Біледі жарығым.
- Еврейлер ортақ келісім бойынша осы ивритті мемлекет қызметіне пайдалануда жаңылыспасам. Әйтпесе, олардың тілінде «идыш» деген де бір тармақ бар екен. Қоғамдық келісім дегеніміз, міне, осы болса керек (ол кезде «қоғамдық келісім» дегенді көп айтып, көп жазатын кезіміз). Ерлан тағы қандай тілдерді біледі, аға?
- Орысша оқыды, орыс тілінде Жоғары оқу орнын тәмамдады. Сондықтан «орыс тілін біледі» дегенді қоспағанда ағылшынша, арабша, ұрдуша, ивритше біледі.
- Бәрекелді! Қазақшасы қалай?
Жайлы өмір, жақсы көңіл, бақ-қуатты, бапты тұрмыс өңін жасаңғыратып, шырайын келтірген ақсақалдың алқызыл жүзі кенет алаулап кетті де:
- Қазақшасы да жаман емес. Қазақтың көне сөздерін менен жақсы біледі. Қазақшасы жалпы жаман емес, ауызекі сөйлей алады, - дей берді.
Мен ақсақалмен сыпайы қоштастым да сыртқа ұмтылдым. Сыртқы істер министрінің орынбасары (Ерлан Абильфайзовичтің сол тұстағы қызмет лауазымы), бірнеше тілде сөйлей алады. Тек қазақшасы жоқ. Мүлдем мақұрым емес: «қазақтың көне сөздерін біледі», «ауызекі сөйлей алады».
«Осылай да осылай», - деп күбіжіктеген қартқа өкпем қара қазандай болды. Иә, ол да өкпелі. Баласына деп қалмаңыздар, өзіне. Мәскеуге оқуға түсіп тұрып Алматыға тайып тұрған бір кездегі бозбастығына әлі кейіп жүр.
- Сұхбат алдың ба ақсақалдан? – деп сұрады бас редакторым ертеңінде.
- Алдым, бірақ ол сұхбат жазылмайды.
Бас редактор басын шайқады да қойды.
Рас, баспа ісі бойынша дәріс оқыған, әңгімесі қызық оқытушыммен тәп-тәуір сұхбат құрған едім. Әйткенмен де, ол сұхбат жазылмай қалды. Жоғарыдағы бірер сөзін есепке алмасақ, бүгінгі күнге дейін бір сөйлемі жазылмады. Енді жазылмайтын да шығар...
Дәурен Қуат