Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген екі бірдей сот ісі аяқталып, еліміздің экс-премьер-министрі Серік Ахметов 10 жылға, ал мемлекеттік тұтастығымызға сызат түсіргісі келетін Тайшыбеков 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Осы екі бірдей шулы іске дәл бір күнде түкте қойылуы кездейсоқтық па? Сонда деймін-ау, Серік Ахметовтің күнәсі Тайшыбековтен ауыр болғаны ма? Сот шешімі неге ел демалысқа кететін жұма күні, оның өзінде түстен кейінгі уақытта белгілі болды?
Білесіздер, бүгін Қордай аудандық соты «ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған блогер Ермек Тайшыбековті 4 жылға соттап, жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтеуге үкім етті.
Қазақстанды Ресейдің отары еткісі келетін Ермек Тайшыбеков соңғы сөзінде қылмысты емес екенін айтып, бұл істің «саяси астары бар» екеніне тоқталды. Ол «Қазақстанды ұлы ел деп санамайтынын, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлы адам деп танитынын» айтқан.
Дәл осы іс шешімін тауып жатқан кезде Қарағанды облыстық соты Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовтің мүлкін тәркілеп, өзінің 5 жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салды. Қарағанды облыстық соты cудьясы Исламхан Есенбаев Серік Ахметовті 10 жылға соттауға үкім еткен соң оны күзетпен алып кетуді бұйырды.
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтамағаным үшін шынайы кешірім өтінем. Маған бола Қарағанды облысында осындай ахуал туғанына, оны ойлап мемлекет басшысының қайғыратынына байланысты моральдық жауапкершілігім бар екенін түсінем. Егер сот пен мемлекет басшысы қатарға қосылуыма мұрсат берсе, барлық білімім мен тәжірибемді ел игілігі үшін қолданып, ақтығымды дәлелдеуге дайынмын. Кез келген жағдайда мемлекетке, халыққа және ұлт көшбасшысына (президент Назарбаевқа - ред.) адал болып қаламын, - деген еді Серік Ахметов (кеше) соңғы сөзінде.
Ахметовтің бұл кешірім сұрауы оны жазадан құтқарып қала алмаса керек...
Қош! Сонымен бұл екі соттың бір күнде аяқталуына не себеп? Біздің ойымызша, елдің лауазымды шенеунігі болған Серік Ахметовті қолдаушылар аз емес екені белгілі. Себебі, мемлекеттік қызметте болған әр адамның жамандығымен қоса, жақсылығы да болады. Біреулер даттап жатса, енді біреулер ақтап жатады. Осы орайда ақтаушылар көп болып кетпеуі үшін жоғарыдағыларға қоғамдық пікірді екіге жару қажет болған секілді. Тайшыбеков соты іздегенге сұраған болып отыр. «Ахметовке неге әділ шешім шықпады?» дейтіндердің аузын «Тайшыбековтің әділ соты» жаба қояды. Егер де Ахметовті сотталғаны туралы ақпарат түске дейін тараған болса, бұл жай сол күннің бас тақырыбына айналар еді. Сөзсіз Ахметовті қолдаушылар қарсылық білдіріп, әлеуметтік желілер арқылы сот шешіміне наразылық білдірер еді. Бұл да терең ойластырылып, әдейі жұма күнге белгіленген болуы керек. Ертең сенбі деп «жұрттың жағасы жайлауда» жүргенде он жылды арқалап Ахметов кете барады.
Енді деймін-ау! Әділін оқырман айтсыншы...
Біз Ахметовті қолдап, қорғаштап отырған жоқпыз. Десе де қоғам үшін кімнің қылмысы ауыр, Ахметовтікі ме, Тайшыбековті ме?
Шәріпхан Қайсар