Париждегі жарылыс: кім кінәлі?
2015 ж. 22 қараша
2611
1
Франция астанасында бірнеше жерден жасалған терактіден 132 адам опат болып, 352 адам жараланғаны мәлім. Бұл лаңкестік шабуылдар бүкіл әлем жұртшылығын тіксінтті. Содырлар концерт залында жұртты кепілге алып, бірнеше округте атыс ұйымдастырды, тіпті, мемлекет басшысы қатысып отырған футбол матчы кезінде жарылыстар сериясын жасады. Мұнда да жарақат алған адамдардың 100-ден астамы ауыр халде жатқаны хабарланған еді.
Сәл кейінірек жарылыстарды ДАИШ террористік ұйымы мойнына алғаны белгілі. «Аяқасты жағдай неге бұлайша өрбіді?» дегенге келетін болсақ, «Франция АҚШ құрған әскери коалицияға еніп, Сирия және Ирак жерінде әрекет етіп жатқан террорлық топтарға, соның ішінде атышулы ДАИШ деп аталатын содырларды бомбалауды қолға алған. Әсіресе, қарашаның 11-і күні Франция әскери ұшақтары ДАИШ тобы басып алып, қажетіне жаратып жатқан Сирия жеріндегі мұнай кенішін бомбалады. Бір таңғаларлығы, бұған дейін коалиция құрамындағы АҚШ бастаған елдер, не болмаса Ресей ұшақтары ДАИШ-тің қоластындағы дәл осы мұнай көздеріне соққы бермеген еді. Дегенмен, ақпарат құралдары беттерінде ДАИШ осындағы мұнайды арзан бағаға Түркияға сатып келді. Сондай-ақ мұны Сирия үкіметі де тікелей болмаса да ара-тұра ағайындар арқылы сатып алып отырды. Өйткені, мұнай кеніштерінен қара алтынды тиеген жүк көліктері тек Түркияға қарай ғана емес, Дамаск бағытына да жүздеп ағылып жатты. Дамаск үшін мұнай өте қажет еді.
Негізгі, мұнай кеніштерін террорлық топтар басып алған соң, Сирия жанар-жағармай тапшылығын қатты сезіне бастаған-ды. Амалсыз ортадағы делдал топтар арқылы лаңкестерден мұнай-бензин сатып алып келген. Себебі, аурухана, мекемелер, тіпті танк, әскери ұшақ, броньды техника үшін де Сирия үкіметіне мұнай аса қажет еді. Дәл осы кезде Франция мұнай бұрғыларын бомбалады. Бұл осы мұнайға тәуелді болып отырған барлық топтарға жақпады. Әсіресе, қара алтыннан көл-көсір пайда көріп отырған ДАИШ үшін үлкен соққы еді. Осыған жауап ретінде содырлар Франциядан кек алу жоспарын жасап, оны жүзеге асырды» деседі сарапшылар. Содырлар «Батаклан» театрындағы қанды қырғында «Сирия үшін!» деп айқайлаған көрінеді. Қазір террорлық шабуылдарды жасады деген күдіктілер мен олардың серіктері іздестіріліп, кейбірі ұсталды.
Франция астанасындағы бейбіт адамдарға жасалған бұл жойқын шабуылдың ендігі салдары қандай болмақ? Таяу Шығыс, өзге де дамушы елдер азаматтарының Еуропаға кіруі, тұруы қиындауы мүмкін бе? Тіпті, алдағы жылы осы елде өтетін футболдан Еуропа чемпионаты өтпей қалуы да мүмкін деп болжам жасап жатқандар көп. Өйткені, футбол бір қала емес, ондаған қалада өтетін болғандықтан, Франция бәрінің бірдей қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы мүмкін ғой. Мәселен, былтыр Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы олимпиаданы 100 мың полицей мен қауіпсіздік қызметкерлері күзеткен. Ал Франция осындай әлеуетке ие ме? Лаңкестер шабуылынан қаза тапқандар арасында 12 мемлекет – Бельгия, Германия, Испания, Португалия, Румыния, Ұлыбритания, Тунис, Чили, Алжир, Марокко, Мексика, АҚШ және Италияның кемінде 20 азаматы бар.
Мемлекет басшысы Франсуа Олланд осы қайғылы оқиғаларға байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Жұртқа үйлерінен шықпау жөнінде кеңес берілуде. Француз астанасының прокуроры Франсуа Моленс жарылыстың Париждің алты жерінде бір мезгілде жасалғанын айтады. Солардың ішінде нағыз қанды оқиғасы «Батаклан» концерт залындағы теракт болды. Онда Американың белгілі рок-тобы Eagles of Death Metal концерт беріп жатқанда атыс басталып кетті. Онда отырғандар лаңкестердің шабуыл кезінде: «Бұл Сирия үшін!» деп айқайлағандарын анық естіген. Көрермендердің бір бөлігі сол тұста залдан шығып үлгерсе, өте көп бөлігі кепілде қалып қойған. Жалпы алғанда, концерт залы 1,5 мың орындық көрінеді. Сол кеште онда сатылмаған билет қалмаған. Кепілге алынғандарды босату үшін үкімет күштері онда шабуыл жасаған. «France Info» радиостансасының хабарынша, концерт залына шабуыл кезінде кемінде жеті рет жарылыс орын алған.
Француз ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған «CNN» телекомпаниясы хабарлағанындай, концерт залында 112 адам қаза тапқан. Ресми мекемелер әзірге нақты мәліметтер беріп отырған жоқ.
Тағы бір теракт Франция мен ГФР құрамалары ойнап жатқан Stade de France стадионында жасалды. Екі жарылысты басын өлімге тіккен жанкештілер орындаса, үшіншісі газды баллонның көмегімен бұрқ етіп көтерілді. Матчты көруге Олланд пен ГФР сыртқы істер министрі Вальтер Штайнмайер де келген екен. Бұлар арнайы қызмет орындары қызметкерлерінің қалқалауымен оқиға орнынан тез әкетілді. Ал стадиондағы жанкүйерлер мен футболшыларды әкетуге бірнеше сағат уақыт жұмсалды.
Париж прокуроры бұдан басқа Шарон бульварында 18, Вольтер бульварында 1, Фонтен-о-Руа көшесінде 5 және Алибер көшесінде 14 адамның құрбан болғандары жайлы баяндады. Ол шабуылдардың нәтижесінде көптеген адамдардың ауыр жараланып, қиын халде жатқандарын атап өтті.
Дегенмен, «CNN» телеарнасының мәліметтеріне қарағанда сериялы шабуылдардың салдарынан 153 адам қаза тапқан болып шығады. Ал Париж прокуратурасы бұлардың санын 120 адамнан асады деп отыр. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының күшімен бес терроршы жойылыпты. Нақтыланбаған деректер бойынша шабуылдаушылардың бірі қылмыс орнынан аман-есен кете алған.
Трагедия орын алған алғашқы сағаттарда Франция президенті Елисей сарайында шұғыл кеңес өткізіп, қаза тапқандардың туған-туыстарына үндеу арнады. Ол қылмыстың көлемін бұрын-соңды болмаған дәрежеде екенін атап өтіп, терроршыларға қарсы күрестің аяусыз болатынына уәде берді.
Францияның мемлекет басшысы сол бойда бүкіл елде төтенше жағдай жариялап, мемлекеттік шекараларды күзетуді күшейтуді тапсырды. Елисей сарайынан хабарланғандай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Парижге 1,5 мың әскери қызметкер жөнелтілген.
Осы оқиғаға орай, Француз орталығындағы лаңкестіктерге байланысты Франсуа Олланд жақында Түркияда өтетін «Жиырманың тобы» саммитіне қатысудан бас тартты. «Онда Францияның атынан сыртқы істер министрі Лоран Фабиус пен қаржы министрі Мишель Сапен барады», – деп анықтады.
Ал күні кеше Франция премьер-министрі Мануэль Вальс елде «химиялық немесе биологиялық қару» қолданып шабуыл жасау қаупі барын мәлімдеді.
Парламентте елдегі төтенше жағдай мерзімін үш айға ұзарту туралы мәселе бойынша дауыс беру алдында сөйлеген Вальс «қандай да бір қауіп барын жоққа шығаруға болмайтынын» айтты. Осыған орай, Федералдық парламент алдында сөйлеген Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель қауіпсіздікті күшейтіп, экстремизммен күреске қосымша 400 миллион еуро бөлуге уәде еткен.
Ал Франция прокуратурасы Париждің солтүстігінде 18-қарашада жүргізілген арнайы операция нәтижесінде ел астанасындағы шабуылдардың басты ұйымдастырушысы болуы мүмкін делінген Әбделхамид Абааудтің өлгенін хабарлады. Бұған дейін прокуратура жеті сағаттан астам уақытқа созылған операциядан соң жеті ер адам мен бір әйелдің ұсталғанын жария еткен. Операция болған ғимарат үйіндіге айналғандықтан тағы бірнеше өлі адамның кім екені анықталмағанын, олардың нақты санын да айта алмайтындарын мәлімдеген. Операцияның мақсаты Абааудті іздеу екені айтылған.
Франция парламентінің төменгі палатасы – ұлттық ассамблея 13- қарашадағы Париждегі терактілерден соң елдегі төтенше жағдай режимін үш айға дейін ұзарту туралы заң жобасын қабылдады. Төтенше жағдайды созу туралы шешім 20-қарашада парламенттің жоғары палатасы – Сенатта талқыланады.
Франция президенті Франсуа Олланд Париждегі 132 адам қаза болып, 350-ден астам адам жарақаттанған шабуылдардан кейін елде төтенше жағдай жариялап, шекараны жапқан. Париждегі терактілердің жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өз мойнына толығымен алды.
Сонымен қатар естеріңізде болса, осы жылдың наурыз айында «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының өкілі Париж бен Римге шабуыл жасайтындарын айтып, сес көрсеткен болатын. Экстремистік топтардың әлеуетін зерттеумен шұғылданатын SITE Intelligence Group ұйымы таратқан мәліметке қарағанда «Ислам мемлекетінің» баспасөз хатшысы Әбу Мұхаммед әл-Аднани алдымен Парижге, одан кейін Римге соққы жасайтындарын жеткізген еді. Бұдан бөлек, әл-Аднани таяуда Мекке мен Мәдина қалаларына, сосын Иранға соққы жасауға әрекеттенетіндерін хабарлаған-ды.
Ал ең үлкен оқиға қаңтардың 7-нде орын алғаны есте шығар. Парижде «Charlie Hebdo» сатиралық журналы редакциясына бетперде киген қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам қаза тапқан болатын. Мерт болғандардың көпшілігі – баспасөз қызметкерлері. Шабуылға күдіктілерді ұстап, көзін жою операциялары кезінде Парижде тағы бес адам мерт болған еді.
Журналға шабуылды «Әл-Қаида» ұйымының Араб түбегіндегі қанаты мойнына алып, «шабуылдаушылар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салғаны үшін кек қайтармақ болды» деп мәлімдеген. Қаңтардың 14-нде «Charlie Hebdo» журналының шабуылдан кейінгі саны үш миллион тиражбен шықты. Журнал алты тілге аударылып, әлемнің 25 мемлекетінде саудаға түсті. Журнал мұқабасында «Мен Чарлимін» деген жазуы бар плакат ұстаған «Мұхаммед пайғамбар» бейнесі басылған. Картина «Барлығы кешірілді» деп аталған. Пайғамбар карикатурасы әлемде көптеген мұсылмандардың наразылығын тудырған еді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті