Алматы әкімі журналистермен кездесті

Кеше 5-қарашада Алматы қаласының жап-жаңа әкімімен кездестік. Кездестік деген жай айтылған шығар, жүздесіп, емін-еркін форматта қаланың келешектегі даму жолдарын, ұсынылып отырған Даму жоспарын талқыладық. Бұрын-соңды осындай қоғамдық форматта әңгіме-дүкен өрбіткен әкім-қараны көрмегендіктен болар, өз басым көңілім толып қайтты. Әшейін де, кез-келген қалалық мәселелердің олқылықтарын көргенде сынай жүгіретіндердің бірі ретінде, көптен бері қордаланып келген мәселелерді қала басшылығының алдына жайып салғанда, оны байыптылықпен тыңдап, оны қолға алатынын естігенім де төбем көкке ұшпаса да шын ризалығымды білдіріп қалдым.

Әлеуметтік желілердегі көңіл-күйге мән беретін жаңа әкім алдағы жолы да әрбір блогердің, жеке адамның қалаға қатысты мәселелерді зерделеп отыратындығын жеткізді. Осы күндері «әкімдер ұйқыны ғана армандайды» деген сөздерінен, жаңа басшы өзінен бастап, бүкіл қырық кісісі күні-түні тынбай қаланың жаңа даму бағдарламасын жасаумен, шешілмей жатқан мәселелерді зерттеумен, оның шешу жолдарын іздеумен айналысып жатқандарын байқатты.

Айтпақшы, маған бір ұнағаны Бауыржан Қыдырғалиұлының алты рет «демократия, демократиялық қатынастарды орнату, ашықтық қажет» деуі таң қалдырды. Расымен, жас келсе іске ғой бұл, жас дегеніміз жаңа қоғамның өкілінің ұмтылуы, жаңа қанды тұрып қалған денеге жүгіртумен тең дүние деп қабылдадым.

Дегенмен, ақыры сол кездесуге барғандықтан, тек мақтап отырсақ, әлеуметтік желідегі әлеумет не демек? деген сауалдар тумай тұрғанда, мүмкіндігімді пайдаланып бес мәселені ортаға салдым.

Біріншісі, келесі жылдың қамы һәм өткенге құрметті ұмытпау, яғни 2016 жылы келе жатқан ЮНЕСКО бекіткен Әлихан Бөкейхановтың 100-жылдығына қатысты болды. Әрине жауыр болған конференция, ас беру, құран оқытудан бөлек, көзге ұратын дүниені сұрағым келді. Бұл сонау «Сәлем» барахолкасынан бастау алып, екі көшені қиып, қала қонақтарымен тұрғындарына білінер, білінбес болып жатқан бұрынғы Аэродромная қазіргі Ә.Бөкейханов көшесінің есімін қаланың қақ ортасындағы Темирязов, Шаляпин, Мирзоян, Гагарин, Фурманов сияқты ірі көшелердің есімдерінің біріне ауыстыру. Сонда кешегі 20 ғасырдың ұлт көсемінің, Алашорда басшысының есімін қаланың шеткері жатқан өндірістік ауданындағы көшеде еленбестей қоя береміз бе? Алаш көсемінің есімі қаланың төрінде болуы абзалдығын жеткіздім.

Екіншісі, жаңа әкімнің Алматы қаласының тарихы музейін қазіргі Қабанбай батыр - Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы медициналық колледждің ғимаратына ауыстыратындығын қоғам жақсы қабылдап жатқандығын, осыған ұсыныс ретінде қарама-қарсы бетіндегі саябақта біраз жылдай «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнату туралы тасбелгінің» шешімі әлі қолдау таппағандығы, осы

жерге ескерткіштің орнау заңдылығы «Саяси репрессия бөлімі» бар қала тарихы музейімен ансамбльдік кешенділігімен үйлесім табатындығын айттым. Осы ретте, идеологиялық тәрбие мен ұлттық тарихымызға, ақтаңтандақ жылдарының құрбандарын еске алып тұру үлкен маңызға ие екендігі анық.

Үшінші мәселені, Алматының тұрақты брендін айқындау. Басқа еліміздің қалаларында кездеспейтін дүниелерді ескеру, мәселен, қаламыздың скверь, саябақ, аллея, көшелерінде жүретін ақ тиіндар (белкаларды), немесе Алматы апортына, Көктөбе теле-вышкасы т.с.с. дүниелерге мән беріп, бір нақты қаланың брендін анықтау.

Төртінші мәселе, қаладағы жетімдер үйлерінен шығатын түлектердің қоғамдағы әлеуметтенуі. Олардың тәуелсіздік алған жылдардан бері бар-жоғы 8 пайызының тұрғын-пәтермен қамтылуы, қыз балаларының 60 пайызының жезөкшелікпен айналысып кетуі, жоғары оқу орнына түсуі, жұмысқа орналасуы, денсаулық мәселелері сияқты көлеңкеде қалып жүргендігін жеткіздім.

Бесінші мәселе, қалада ең көп студенттердің оқуы, олардың тамақтану мәселесіне арнайы әлеуметтік асханаларды жасақтау қолға алынса. Бұған кәсіпкерліктің әлеуметтік әріптестігі аясында - ЖОО, Әкімдік, кәсіпкерлік болып үш тараптан ортақ келісімдердің негізінде жүзеге асыруға болатындығы белгілі. Әрбір студенттің тұрақты тиімді бағамен дұрыс тамақтануы ұлт денсаулығына қажет. Екінші жағынан стихиялық өршіп кеткен дөнер, самсахана дүңгіршіктерінің бір ізге реттелуі қолға алынар еді.

Жоғарыда берілген мәселелер азды-кем болса да маңыздылығы жағынан өз алдына мәселелер болғандықтан әкімнің назарына осы сауалдарды қоюға тура келді.

Әкім де өз тарапынан тиісті әрекеттердің керектігін айтып, әрбір сауалдарға тиісті жауаптардың табатындығын жеткізді. Әкіммен сұрақ-жауаптардың бейне-баянға түсіріп алғандығымызды алдағы уақытта әлеуметтік желіде орналастыру ойда бар. Бәлкім, әр дүниенің қоғамдық қайыры болар. Бір сөзбен айтқанда, әкімнің сөздерінен сөзге емес іске жақын екендігі көрінді. Лайым солай болуы тиіс емес пе?!

Мақсат Жақау,

qazaquni.kz