ЖАПОН ЕЛІ ҚАЗАҚҚА БӨТЕН ЕМЕС
2015 ж. 03 қараша
2190
0
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Кездесу барысында Н.Назарбаев С.Абэні Премьер-министр лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, қазіргідей әлемдік экономикадағы күрделі ахуал кезеңінде қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді.
Елбасы Қазақстан мен Жапонияны көп нәрсе байланыстыратынын атап өтті. «Біздің елдеріміз ядролық қаруды сынау мен қолданудың қасіретті зардабын жақсы біледі. Сол себепті, мен жаһандық антиядролық қозғалыс жөнінде бастама көтердім және осыған орай сіздің бастамаларыңызды біз толық қолдаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэні Премьер-министр лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, қазіргідей әлемдік экономикадағы күрделі ахуал кезеңінде қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді.
Президент, сондай-ақ, Астана құрылысы жапон сәулетшісі К.Курокаваның бас жоспары бойынша, ал елордадағы жаңа халықаралық университетті дамыту Жапония өкілі – ректор Ш.Катсудың басшылығымен жүзеге асырылып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын дамыту мәселелеріне де тоқталды.
«Екі ел арасында экономикалық тұрғыдан да, саясат саласында да келіспеушілік жоқ. Қазақстан сіздің елмен барлық бағыт бойынша ынтымақтасуға ниетті. Сіздің Орталық Азия елдеріне сапарыңыз маңызды әрі дер кезінде жасалып отыр. Біз өзара іс-қимылдың «Жапония – Орталық Азия» пішімін қолдаймыз және оны қажет деп санаймыз», – деді Президент.
Екіжақты кездесуден соң Жапония делегациясымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Қазақстан басшысы келіссөздер барысында С.Абэнің Астанаға алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге шығару үшін қуатты серпін қосатынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Синдзо Абэнің Либерал-демократиялық партия төрағасы ретінде ұсынған өз елін дамыту бағдарламасын айрықша бағалайтынын жеткізді.
«Біз сізге бағдарламаңызды лайықты жүзеге асыру жолында табыс тілейміз. Қазақстан мен Жапония – бір-бірінен алыстау жатқанымен, бауырлас, өзара дос елдер. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап сіздің елмен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту біздің сыртқы саясатымыздың маңызды басымдығының бірі болып саналады. Астана мен Токио ұдайы сенімді серіктес болып келеді. Біз әрдайым бір-бірімізді қолдаймыз, ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ, атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде одақтаспыз», – деді мемлекет басшысы.
Президент екі елдің сауда-экономикалық даму және инвестициялық өзара ықпалдастық көрсеткіштеріне де тоқталды. Айталық, 2013-2014 жылдарда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар болды. Ал 2015 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 600 миллион долларға жеткен. 10 жылда Қазақстанға келген жапон инвестициясының көлемі шамамен 5 миллиард доллардай болады. Сонымен қатар, Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 миллиард доллар көлемінде қаражат аударды. Елімізде бірқатар ірі компаниялар белсене жұмыс істеуде.
Мәселен, бүгінде 50 бірлескен кәсіпорын тіркелген, құны 700 миллион доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылған. Дәл осы сома мөлшерінде тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету сатысында тұр. Сондай-ақ, Қостанайда «Тойота» автомобильдерін құрастыру зауытын ашу да ай-шықты оқиға болғанын атап өтуге болады. Осы ретте, Нұрсұлтан Назар-баев 25- қазаннан бастап елімізде Инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу туралы келісімнің күшіне енуі елдер арасында ынтымақтастықтың құқықтық базасын одан әрі жақсартатынына сенім білдірді.
Синдзо Абэ екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың құқықтық базасын нығайту, сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ірі инвестициялық бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, жалпы ынты-мақтастық үшін мүмкіндіктер аясын едәуір кеңейтетінін атап өтті.
Кеңейтілген келіссөздердің қорытындысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсетін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және кеңейту туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шарт жөніндегі Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Жапония тараптары қаржы барлау басқармалары арасындағы хаттаманы бекітті.
Қазақстан басшысы осы орайда бірқатар шаралар жүзеге асырылғанын атап өтті. Жапония тарапының, әсіресе, ядролық сынақтардан зардап шеккен Семей өңіріне көрсеткен көмегі үшін үлкен алғысын жеткізді. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев тек ресми көмек бағытында Қазақстанға 1,2 млрд. доллар көлемінде қолдау жасағанын еске салды.
«Біз болашақта осындай қарым-қатынасты тереңдетуге мүдделіміз. Екі елдің арасындағы қатынастардың ең басты мәселесі сауда-саттық болып саналады», – деді Елбасы. Яғни, елдердің бірін-бірі толықтырып тұратын мүмкіндіктері өзара іс-қимылдар көкжиегін әрі қарай кеңейтуге ықпал етеді. Олар атом энергетикасын, ауыл шаруашылығын, автомобиль жасау, жоғары технологиялар саласын қамтиды.
«Келіссөздер барысында жапондық ірі компаниялардың басшылары қатысып, олар өз кезегінде Қазақстанда жұмыс істеуге даяр екенін мәлімдеді. Біздің ойымызша, сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы ынтымақтастық өте маңызды», – деді Қазақстан басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақ елінде өте маңызды институттық реформалар жүріп жатқанын, индустриялық саясат пен инфрақұрылымдық жобалар бойынша үлкен жұмыстар іске асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, Тынық мұхиты елдерінің біздің өңірмен, сондай-ақ, Еуропамен байланысын күшейту шаралары атқарыла бастаған. «Бұл жолдарды жапондық бизнес те пайдалана алады», – деді Қазақстан басшысы. Ол, сонымен қатар, Қазақстан жапондық компаниялардың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуде белсенді қатысуын құптайтынын атап өтті.
Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ Қазақстан халықаралық аренада, халықаралық қоғамдастықта маңызды рөл атқарып отырғанын, сондай-ақ, Қазақстан Жапония үшін қымбат серіктес болып табылатынына тоқталды. Сонымен қатар, Жапония Үкімет басшысы Қазақстан Пре-зидентімен кездесу барысында екі ел арасындағы қатынастар мәселесі бойынша мазмұнды пікір алмасу болғанын жеткізді.
«Мен біздің кездесудің үш маңызды нәтижесімен таныстырғым келеді. Біріншісі, Жапония бұдан әрі қарай да Қазақстандағы экономикалық реформаларды қолдайтын болады, яғни бұл тұрғыда мемлекеттік құры-лымдарды, сонымен бірге, жеке секторды да қолдаймыз. Біз осы жайында уағдаластық. Атап айтқанда, Қазақстандағы құрылысы жоспарланып отырған АЭС-ке тоқталатын болсақ, біз оны жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылымызды нығайту ниетіндеміз. Біз осыны растадық. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласы мен медицинада жапондық диагностика жүйесін енгізу үшін білікті кадрларды даярлау бойынша жаңа ынтымақтастық бас-талады. Осы орайда, біз белсенді талқылаулар жүргізетін боламыз», – деді Синдзо Абэ.
«Қазақстанда «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жүзеге асырылуда. Ол – Астананы оңтүстікпен, шығыспен, батыспен, солтүстікпен жалғайтын инфрақұрылымдық бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік-логистикалық xаб болады. Біз Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны жалғай аламыз. Біз Қытайдың Ляньюньгань портында терминал салдық. Қазіргі уақытта Ляньюньгань портынан Қазақстанға 300 мың контейнер жүк тасы-малдануда. Болашақта Қытайдан Еуропаға бағытталатын ол жүктердің көлемін 500 мың контейнерге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы Қазақстан тартымдылығын ұлғайту, бизнес ортаны жақсарту, xалықтың жағдайын жақсартуға бағытталған 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жасалғандығын да айтып өтті. «Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр, 770 жаңа кәсіпорын ашылып, 75 мың жұмыс орны құрылды. Биыл оның екінші бесжылдығы басталды. Ол алты басым бағыт бойынша өтеді, өңдеуші өнеркәсіп: мұнай-xимия, металлургия, xимия, машина жасау, құрылыс материалдарын жасау, тамақ өнеркәсібі. Осының барлығына жапон кәсіпкерлері инвестиция құя алады. Инвесторлар жер салығынан босатылады. Сонымен қатар, 20 елдің кәсіпкерлеріне визасыз режім енгізілген. Оның ішінде Жапония да бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесудің қорытындысы бойынша екіжақты құжаттарға, оның ішінде, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығындағы машина жасау саласын қайта қаржыландыру, автокөлік терминалын жасау және өзге де тақырыптар бойынша меморандумға қол қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Синдзо Абэмен бірге Астананың көрікті орындарын аралап, «Қазақстан» Орталық концерт залында, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында болды. Кешкісін Елбасы Жапония Премьер-министрімен бірге «Назарбаев Университетке» барды. Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі оқу корпустарын аралап көрді және университетті дамыту перспективаларымен танысты.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті