АҚШ пен Қытай: қайшылық қырғиқабақ соғысқа ұласпай ма?..
2015 ж. 25 қазан
3272
0
Қытай елінің басшысы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа іс-сапарының әсері әлі суыған жоқ. Дегенмен, осынау екі алып держава арасындағы қарым-қатынас халықаралық жағдайларға байланысты салқындай түскені де жасырын емес.
Қытай басшысының осы сапары алдында әлемдік ақпарат құралдары беттерінде «АҚШ әні-міні Қытайға қарсы санкция салмақ. Өйткені, қытай хакерлерінің америкалық мемлекеттік және коммерциялық құры-лымдарына қарсы жасалған кибер шабуылына Ақ үй осылай жауап бермек-мыс» деген мәліметтер жиі жарияланып кеткен еді. Сондай-ақ аспа-насты елінің Оңтүстік Қытай және Шығыс Қытай теңізінде жасанды аралдар жасап, оған әскери базалар орнатып, оның маңайынан өткен кемелермен ұшақтарға алдына ала келісіп алуды талап етуі, осы өңірде мүддесі бар АҚШ-тың ашуын туғызғаны да белгілі. Бұған жауап ретінде АҚШ Қорғаныс министрі Эштон Картер: «Халықаралық құқық мүмкіндік беретін жерлердің бәрінде АҚШ ұшағы ұшады, кемесі жүзеді, көлігі жүреді. Бізді ешкім тоқтата алмайды!» деп кесіп айтқан-ды. Әрине, Қытайдың да АҚШ-қа қарсы айтар уәжі жеткілікті. Ол – былтыр Гонконгтегі «қолшатырлар» төңкерісін және сол жылы Шыңжан – Ұйғыр автономиялық ауданында бейберекетсіздікті америкалық құрылымдар ұйымдастырды» деп айыптайды. Тіпті, Қытай қор биржаларындағы дүрбелеңді де АҚШ-тан көріп отыр. Сондай-ақ аждаһа елі АҚШ-тың Шығыс Азия аймағындағы саясатына көнгісі жоқ. Әсіресе, Тайван ісіне араласпауын жөн көреді. Қарап отырсақ, екіжақтың да өзіндік айтары бар. Десек те, Қытай басшысының бәрін кері ысырып қойып, АҚШ-қа арнайы сапар жасауының сыры не? Әрине, БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойлық сессиясына бару, онда сөз сөйлеу, сылтау емес. Көкейде басқа нәрсе жатқаны белгілі. Тіпті Си Цзиньпиннің өзімен бірге 15 ірі компания басшысын ерте барудың өзінде де үлкен мән жатыр. Рас, екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы жылына 500 миллиард долларды құрап отыр. Қытай АҚШ үшін Канададан кейінгі ірі экономикалық әріптес. Алдағы уақытта сауда айналымын 550 миллиардқа жеткізсек деген ойы бар. Қытай компаниялары АҚШ-қа инвестицияны мол құюда. Тек алғашқы жарты жылдың өзінде қытай компанияларының тікелей инвестициясы 6,4 миллиард болған. Бұл жаман көрсеткіш емес. Сонымен қатар аждаһа елі АҚШ-тың алдыңғы деңгейдегі технологиясына зәру. Содан болар, Си Цзиньпин Америка топырағына табан тіресімен бірден 300 «Боинг» сатып алуға һәм оны құрастыратын зауытты қытайда тұрғызу үшін келісімшартқа отырды. Барак Обама мен Си Цзиньпиннің екеуара кездесуінде де осы экономикалық және саяси мәселелер сөз болатыны анық. Батыс сарапшылары «Әлемді екі держава бөліп билеуді көздеуде» деп айтуларында да мән бар. Өйткені, Қытайдың әлеуеті қазір АҚШ-тан кем емес. Қазір басында «аждаһа» елі тұрған БРИКС ұйымының әлдене бастаған тұсы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы кеңею үстінде, сондай-ақ қаржы саласында «БРИКС» Даму банкін, Азия инфрақұрылым инвестициялық банкін құрды. Алдағы уақытта юаньді әлемдік резервтік валютаның қатарына қосуға ұмтылуда. Осылайша, АҚШ-пен иық тірестіре бастады. Мұны Ақ үй сезбей отырған жоқ. Сондықтан болар бір аптаның ішінде екі ел басшысы жата-жастана осы мәселелерді таразыға тартпақ. Тіпті, жақында БҰҰ-дағы Қытайдың тұрақты өкілі Лю Цзеи: «Қытай әрқашан әлемдегі елдердің тұтастығын, тәуелсіздігін құрметтеп келді. Сол секілді Украинаның да тұтастығына мүдделі. Ол елдегі жағдай бейбіт түрде шешім тапқаны жөн» деуінің өзінде үлкен мән жатыр. Ресейдің бұл елдегі ішкі жағдайға араласа беруіне қарсылық деп ұққан жөн секілді. Қытайдың ресми өкілі аяқасты бұлай сөйлегені несі? Соңғы кезде Қытай Ресеймен бірлесіп Батыстың жүргізіп отырған саясатына қарсы одақтаса бастамап па еді? Мұнысы қайткені? Сөйтсек, оның да себебі бар сынды. Себебі, «аждаһа» елі үміт артқан БРИКС сенімді ақтамауда. Ресей санкция құрсауында. Ол құрдымнан аман шыға ма, шықпай ма, белгісіз. Оңтүстік Африка – шикізат отаны. Әлемде мұнай мен түрлі түсті бағалы металдардың құны түсіп барады. Бұл жайт, Оңтүстік Африка елінің экономикасын тұралатуда. Бразилияныңда жағдайы мәз емес. Ол елдің де экономикасынан қуат, валютасынан әлеует кеткен кез. Үндістанға да әлемдік дағдарыс оңайға тиіп жатқан жоқ. Ал Қытайдың өз экономикасында да іркіліс басталды. Жылдық өсім 6-7 пайызға дейін төмендеді. Демек, осы бір қиын кезеңде Қытай БРИКС-ке емес, АҚШ-қа арқа сүйгенді жөн көреді. Өйткені екі елдің жылдық сауда-саттық айналымы 500 миллиардты құрап отыр. Алдағы уақытта одан да асырсақ деген ойлары бар. Сонымен қатар, АҚШ – озық технология мекені. Демек, Бейжің Вашингтонмен арақатынасты жақсарта отырып, өз әлеуетін күшейтіп алмақ.
Сонымен қатар, Қытай президенті Си Цзиньпиннің АҚШ-қа сапары тұсында батыс баспасөзі «Орталық Азияға Бейжің ықпалының күшеюі Ресей мен Үндістанның мазасына тиді» деп жазған еді. Американың «Foreign Policy» журналы жуырда жариялаған «Қытайдың Орталық Азияны игеру жоспары Америкаға да ұнайды» деген мақаласында Қытай мен Пәкістан арасындағы тығыз экономикалық және дипломатиялық қатынастарды сипаттаған. «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деген атпен белгілі саяси курсы бойынша батыс елдеріне қарай ықпалын күшейтуге қатысты амбициялық үлкен жоспарында Пәкістан негізгі пунктке айналған. Ресми Бейжің бұл бастамасында Қытайды Оңтүстік және Орталық Азиямен, кейін Еуропамен қосатын сауда бағыттары желісін ашу үшін жаңа жолдар мен құбырлар салуға, энергетикалық станциялар мен порттар тұрғызып, темір жол тартуға ондаған миллиард доллар инвестиция құюға уәде еткен» деп жазады «Foreign Policy».
Бұл бастаманы Бейжің тарапынан АҚШ-тың аймақтағы басым саяси күш ретіндегі мәртебесіне төнетін қауіп деп санайтындар көп. «Бірақ агрессиялық және қайта түлеген Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ықпалы АҚШ-тың алаңдауы мен қарсылығын тудырса, Бейжіңнің Батысқа қарай жылжуын АҚШ-тың ресми тұлғалары керісінше, жария да, жеке де құптап, қолдайды» деп жазады «Foreign Policy» журналы. Мақалада бұл жайт Ауғанстаннан АҚШ әскерін әкетер тұстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ортақ мақсатпен байланысты деген пікір айтылған.
Қытайдың бұл әрекеті АҚШ-тың «Жаңа Жібек жолы бастамасы» деген атпен 2011 жылы жарияланған көптен бергі саясатына ұқсайды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан, Түркіменстан, Пәкістан және Ауғанстандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын интеграциялау болатын, бірақ бұл мақсатты іске асыру ойлағандай, оңай шаруа болмай шыққан. Мақалада Австралия ұлттық университетінің адъюнкт-профессоры Майкл Кларктің «бұл мақсаттың іске аспауына Орталық Азия мемлекеттерінің өз арасындағы экономикалық интеграцияның әлсіздігі және АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағына көбірек бет бұруы себеп болды» деген пікірі келтірілген.
Бірақ Қытайдың аймақтағы ықпалының өсуі Үндістан мен Ресей сияқты көрші елдердің секемін күшейтеді. Ресей «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі – бүкіл Орталық Азияға Қытай ықпалын орнататын оңтүстік шеп» деп алаңдайды. Ал қазір Орталық Азия – Украинадағы дағдарыстың кесірінен Шығыс Еуропа елдерімен арақатынасы бұзылғаннан бері Мәскеу үшін аса маңызды энергетикалық нарық көзіне айналып барады. Бұл жағдай Ресей президенті Владимир Путин үшін жайсыз болғанымен, АҚШ-тың Орталық Азия елдері экономикасына Кремльдің қысымын әлсіретуді көздеген мақсатына толық сай келеді.
«Foreign Policy» журналы German Marshall Fund ұйымының Қытай және Пәкістан елдері бойынша сарапшысы Эндрю Смолдың «Орталық Азияны Ресейге кіріптарлықтан босатып, аймақ елдеріне қауіпсіздік және экономика саласында кіммен қарым-қатынас орнатуда көбірек таңдау беру – АҚШ-тың ұзақ мерзімді мақсаттарының бірі. Олардың еуропалықтар немесе америкалықтарды таңдауы құптарлық іс болар еді, бірақ Орталық Азиядағы Ресей рөлін азайтудың нақты мақсаты – аймақтың кейбір мемлекеттеріне автономиялық мүддесі үшін Қытай тарапынан жасалып жатқан істер» деген сөздерін келтірген.
«Foreign Policy» журналы Қытай президенті Си Цзиньпиннің АҚШ-қа алғашқы ресми сапарына арнаған тағы бір мақалада бұл оқиғаның «Қытайда онша еленбегені айтылады. Мұның себебін «сапарды жоспарлауға жауапты сыртқы істер министрлігі мен өзге ведомстволардың біліксіздігі мен іске қырсыздығы, Қытай-АҚШ қатынастарына байланысты алаңдаушылықтың кесірінен сапар еленбей қалды, бұған қоса ішкі және халықаралық саясаттағы белгісіздік басшылықты жұмсақ тәсілді таңдауға мәжбүрледі» деген сияқты үш болжаммен түсіндіреді.
Американың «New York Times» газеті Қытайда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың «Қытайдағы әріптестерімен бірлескен кәсіпорындар арқылы жұмыс істеуге және оларға технологияларды беруге міндеттеу талабы» сияқты қиындықтарға тап болатынын жазады. АҚШ-қа сапары басталған кезде Си Цзиньпин америкалық компанияларды «Қытай шетелдік компаниялардың мүддесін қорғау және кибер-қылмыстармен күресуге бейіл» деп сендіруге тырысқан, бірақ бұл мәлімдеме «көп күдік тудырады». Мақала авторы «сауда-саттық пен инвестиция екі жақты қозғалысы бар көше сияқты болуы тиіс» деген қағиданы Қытай басшылығы түсінуі керек және егер Си Цзиньпин үкіметі шетел компанияларына тосқауыл қоюын тоқтатпай, өзара құрметтеуге ықыласты болмаса, онда әлем инвестиция есігін айқара ашады деп Қытайдың күтпегені жөн» деп жазады.
Сейілбек Асан
"Қазақ үні" газеті