ЕЛ ҮМІТ КҮТКЕН ЕКЕУІ ДЕ АТ ҮСТІНДЕ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН!..
2015 ж. 11 қазан
4472
6
"ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНЕ ҚАРЫЗБЫЗ" ДЕЙТІН ҚАЙРАТКЕРЛЕР
Екеуі де ол кезде әкім еді. Бірі батыс облыстардың бірін "балшықтан аршып жатса, екіншісі оңтүстіктегі Шымкенттің шырайын келтіруге күш салып жатқан болатын. Алдымен оңтүстікке жолым түсті. Топ журналист әкімнің жолын торып, екі күн күткеніміз есімде. Облысты Елбасы аралап жүргенін естіген соң Сапарбаевтың бізді ойлауға мұршасы да жоқ екенін түсіндік. Үшінші күні өзі іздеп келді. Ол кезде әкімнің журналистерді өзі іздеп келуі соншалықты жаңалық емес еді. Мені таң қалдырғаны Бердібек ағамыздың амандықтан соң айтқан сөзі болды. -Мен қазақ журналистеріне қарыздармын,-деді ол, - Экономика министрлігінде қарапайым қызметкер болып жүргенімде бір күні "Хабар" журналистеріне қазақша сұхбат беретін адам табылмай, басшылар амалсыз мені ұсыныпты. Экономиканы қазақша сөйлету оңай емес қой. Шама шарқынша сөйлеп бердім. Сол күні-ақ мемлекет басшысының көзіне түскен болуым керек. Көп ұзамай қызметім де өрлей берді... ...Атырау сапарында да дәл солай. Алғашқы күні әкімді мазаламай-ақ, түсірілімді ертеңге жоспарлап жатқанбыз. Түнде Имекеңнің өзі іздеп келіп тұр. Риясыз әңгіме таңға дейін созылды-ау деймін сол күні. Сұхбат та жазылды. Ертесі қаланы да жақсылап түсіріп алдық. Атыраудың ажары ашылып, көз тоймастай болып тұрған кез. Тасмағанбетовтің қаланың бүкіл үйлерін бояп шыққанын "бояушы, бояушы дегенге..." деп әлгі мақалға келтіргісі келгендерге Табылды Досымовтың "Сақалын емес- шаһарын бояп жатыр ғой" деп уәж айтатын кезі ғой.
Кетерімізде Имекең: - Тым мақтап жібермеңдер! Мен Атырауда әлі де біраз жұмыс істеуім керек! - деп әзіл-шыны аралас айтып қалды. Көп ұзамай Тасмағанбетовтің қызметі көтерілді. Алматыда Атырау облысының көрмесін түсіріп жатыр едік, экспонаттарды аралап жүрген Имекеңді көзіміз шалып қалды. Ол да бізді байқаған болуы керек, көпшіліктің ортасынан суырылып келіп құшақтай амандасты. -Мен сендерге айтып едім ғой, тым мақтай бермеңдер...Енді міне Астанаға қайта келдік,- деп күлді,-Әзіл ғой. Ал, шындығында қазақ журналистеріне қарызбын. Еңбегімді ең алғаш жалпақ жұртқа жариялаған да солар! ...Екеуінің де содан кейін алдына барып көрмеппім. Сырттай бақылаймын. "Тфә, тфә" "деймін кейде. Тіл көзден, тағы бірдеңелерден аман болсын! Екеуі де аттан түспей келеді. Түспесе екен!
Арман Сқабылұлы,
qazaquni.kz