«Асыл арна» телеарнасы вахабизм мен салафизмді насихаттайды деп айыпталды
2015 ж. 05 қазан
9212
20
Қазақстанның діни «Асыл арна» телеарнасы вахабизм мен салафизмді насихаттайды. Телеарнаны Сауд Арабиясының үкіметі қаржыландырып отыр. Осындай ақапарат жазылған хат агенттік редакциясына келген.
Бұл туралы Total.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Арна басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ал дін істері бойынша комитет ресми түсініктеме беруден бас тартты.
Хатта атышулы австралиялық Викиликс (WikiLeaks.org) сайтында Сауд Арабиясы басшылығының Saudi Cables (ағылшын тілінен «Сауд Арабиясының мекемеаралық құпия хаттары» деген мағына береді) атты құпия құжаттары жарияланғаны айтылған.
«Бұл құжатта Сауд Арабиясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми тұлғалары өзара осы арнаға қаражат бөлу мәселесін талқылайды. Хаттар 2010 жылы жазылған…», – делінген хатта.
Одан әрі хатта Сауд Арабиясы патшалығының негізін Сауд отбасы мен танымал Мухаммед ибн Абд аль-Ваххаб қалағаны айтылады. Осы адамның идеялары қалыптасқан мемлекеттің идеологиялық платформасына негіз болған.
Салафиттік “шейхтердің” насихатымен тәрбиеленген жастар террорлық актілер ұйымдастырып, ұлттық құндылықтар мен қазақ дәстүріне қарсы келгендері бәріне аян. Сирия мен Иракқа соғысуға кеткендер де осы ағымды ұстанушылар.
Total.kz агенттігі бұл мәселеге қатысты «Асыл арна» басшылығынан сұхбат алды. Арнаны негізі қаланған күннен бастап ақын Мұхамеджан Тазабек басқарып келеді.
«Бар жауапкершілікпен мәлімдейміз: «Асыл арна» ешуақытта Сауд Арабиясы үкіметінен де, бұл елдің өзге өкілдерінен де, одан басқа шет мемлекеттерден де қаржылай көмек алған емес. Хаттағы жағдайға келетін болсақ, бізге келесі жайт белгілі: 2007 жылы «Асыл арна» деректі фильмдер түсіретін студия ретінде қалыптасқан кезде, аталмыш тұлға бұрынғы КСРО елдеріне таралатын «Мекке» атты орыс тілді телеарна ашпақ болған. Оның штаб-пәтері Эр-Риядта орналасады деп жоспарланған. Өз кезегінде арна ұжымы шетелден қаржыландыру мүмкіндігіне де, өзгелердің арна идеологиясына әсер ету мүмкіндігіне де студия ретінде қалыптасқан сәтінен бастап, ешуақытта жол бермеу керектігін жақсы түсінеді. Бүгінде арнаның ұстанатын жалғыз идеологиялық бағыты мемлекетіміздің саясаты мен мүфтий Ержан қажы Малғажұлы басшылық ететін Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасына (ҚМРБ) ғана сүйенеді”, – дейді Тазабеков.
Ал дін істері бойынша комитет бұл жайтқа ресми түсініктеме беруден бас тартты.
«Біз әзірге түсініктеме бере алмаймыз», – деді комитеттің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев.
Айта кетерлігі, бұл арнаның төңірегінде түрлі қауесеттер мен даулар оның негізі қаланған күннен бастап туындаған. Ондай қауесеттің шет жағасын танымал саясаттанушы Расул Жұмалы да естіген екен.
«Бағдарламаларды қарап отырамын. Арна студиясына шақырылған кей қонақтардың пікірлерлі дәстүрлі исламның құндылықтарына жат келіп жатады. Ал кей кездері Сауд Арабиясында жасалатын насихаттарды еске салады. Жеке басым мұндай күдіктерді бұрыннан сезетінмін. «Асыл арна» Қазақстандағы исламға жат ағымдағы өкілдердің әсерімен жұмыс жасауда деген түрлі қауесет тарап кеткен», – дейді Жұмалы.
Еске салсақ, «Асыл арна» телеарнасы 2008 жылы ҚМРБ және Қазақстан үкіметінің қолдауымен ашылған болатын. Мұхамеджан Тазабектің сөзіне сенсек, олар Мұсылмандардың рухани басқармасымен біріге отырып, жұмыс жасайды.
«Ол жерде біздің имам жұмыс істейді. Ол телеарнаның барлық бағдарламаларын қадағалап отырады. Бірақ біз телекомпанияның жұмысына араласпаймыз. Сол себепті оларды кім қаржыландыратынынан бейхабармыз. Біздің басты мақсат – телеарнаның бағдарламасын тексеріп отыру», – дейді ҚМРБ өкілі Сансызбай Кұрбанұлы.