Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясында қазақ тілінде баяндама жасады
2015 ж. 29 қыркүйек
5341
20
Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіләлемдік мінберіне айналды.
Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерейтойлық сессиясының жалпы пікірталасында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойы тұсында бұл ұйымның негізін қалаушылар оған қандай терең мағына бергені жөнінде ой бөлісу маңызды екендігін атап өткен Мемлекет басшысы ұйымның қазірдің өзінде жаһандық тұрғыдан тарихи мәні бар міндеттерді орындағанын баса айтты.
«Біріншіден, планетамызда адамдар жетпіс жыл бойы дүниежүзілік соғыссыз өмір сүріп келеді. Екіншіден, әлемде аса ауқымды отарсыздандыру жүзеге асырылды. Біріккен Ұлттар Ұйымын 70 жыл бұрын елу бір мемлекет құрды. Ол кезде әлемнің көп бөлігін колониялар мен тәуелді аймақтар алып жатты. Бүгінде әлемдік қоғамдастықта 193 тәуелсіз ел бар. Үшіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіләлемдік мінберіне айналды», – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы адамзат БҰҰ-дан өзінің әралуандықтағы бірлігін, біздің ғажап бірегей планетамыздың тағдырына қатыстылығының ортақтығын сезінетіндігін баса айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін салушылар алдағы алыс болашаққа ой көзімен қарай білді. Әлем бүгінде олардың бастамалары мен орындалған арманының жемісін көріп отыр», – деді елбасы.
Дереккөз: ИА "Казинформ"