Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам. Күні кеше ғана Бауыржан Әбдішев пен Серік Ахметовке жала жауып, күйе жаққан журналисттер енді өз әрекеттері үшін жазалануы мүмкін. Қорғаушылар Nur.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz тәрізді алпауыттар бастаған БАҚ-тардың үстінен сотқа шағым түсірмек.
Бүгінгі сот отырысы барысында Серік Ахметовтің қорғаушысы Григорий Матвиенков шу туғызған "ТЛК" ЖШС эпизодына байланысты барлық аудио және видео материалдарды алғысы келетіні туралы мәлімдеді. Бұл материалдар БАҚ-ның жалған мәлімет жариялағандарының басты дәлелі.
Сот төрағасы Исламхан Есенбаев қорғаушының өтінішін қабыл алып, олардың сұраған материалдарын беру туралы тапсырма берді. Осы тұста сотталушылар мен қорғаушылар соттың баспасөз хатшылары мен прокуратурадан аталмыш жазбаларға байланысты шара қолдануды сұраған болатын. Бірақ бұл ұсыныстары ескерусіз қалды. Неге дейсіз ғой? Себебі шу көтерілген кезде соттың баспасөз хатшылары брифинг өткізіп, Серік Ахметов пен басқа да бірқатар адвокаттардың сұхбат беруіне рұқсат еткен. Иә, бұл дер кезінде қабылданған шараның бірі болды. Бірақ жеткілікті бола алды ма? Бұл жағы күмәнді...
Естеріңізде болса осыған дейін "Ахметов" ісін жүргізген тергеушінің бірі Солтүстік Қазақстанда парамен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ол ақпарат БАҚ беттерінде пайда болған сәтте, ресми орындар жалған екенін мәлімдеп, бірден алғызып тастаған. Ал бұл жерде құқық қорғау органдары тарапынан ондай белсенділік байқала қоймады. Тек шу көтерген соң барып, қимылдай бастады. Ал соттың баспасөз хатшылығы арада екі күн өтсе де әлі үнсіз отыр. Әділетсіздіктің көкесі осы емес пе?
Олар қимылдап, жарияланған ақпараттарды жоққа шығарамын дегенше мәселенің тігісі жатқызылып, ыстығы басылып қалады. Бұл материалдар қанша адамның экс-шенеуніктерге деген көңілдеріне күмән салды. Ресми органдар теріске шығармағандықтан, бұл ақпараттық жалғандығына елдің күмәні болуы да мүмкін. Сол жағы ескерілуі керек қой...
Осы тұста заңды сауал туындайды. Бұл жалған мәліметтер қайдан шықты. Қалайша ірі ақпараттық порталдар тексерілмеген дүниені халық назарына ұсынды? Олар тәжірибесіз жас басылымдар емес, еліміздің ақпараттық кеңістігінде ұзақ уақыт қызмет етіп келе жатыр. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтарын да жақсы біледі. Сөйте тұра осындай қадамға баруда. Неге? Бұл істің артында күштік құрылымдардың тұруы мүмкін бе? Иә, мүмкін. Мұны сотқа куәлік етуге келген Айнұр Балакешова мәлімдеді.
Осыған дейінгі сот отырысында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сотқа танымал журналист Айнұр Балакешованы шақыруды ұсынған болатын. Жалған ақпараттарды таратуға қатысы болуы мүмкін екенін айтып күдік келтірген. Сот төрағасы экс-әкімнің өтінішін қабыл алып, журналист ханымды сотқа алдырды. Бірақ уақыттың шектеулі болуына байланысты жауап алуға үлгермей қалды. Әйтсе де А.Балакешова өз әріптестеріне берген сұхбатында бұл істің артында Бас Прокуратураның тұрғанын айтып берді. Тіпті әлгі ақпараттарды кімнің таратқанын да мәлімдеуге уәде етті. Тек қазір емес... Дүйсенді күнгі сот отырысында...
Айнұр ханымның айтуынша оның бұл ақпараттарды таратуға еш қатысы жоқ. Рас оның жеке мекен-жайына аталмыш ақпарат келіп түскен. Жіберуші адам бұл жаңалығын түрлі ресурстарға жариялап беруін сұрапты. Бірақ тіс қаққан тәжірибелі журналист мұның астары шикі екенін бірден аңғарып, ұсыныстан бас тартқан. Мұнымен де шектеліп қалмай, жіберушінің кім екенін анықтап, прокуратураға хабарласады. Сол жерде хат жіберген адамның Бас Прокуратурада істейтіні туралы ақпарат алады.
Журналисттер одан электронды мекен-жайына келіп түскен хаттың фото суретін беруді сұраған болатын. Ол келесі сот отырысында міндетті түрде барлық мәліметті ұсынуға уәде берді.
Бұл шулы оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіндігіне дүйсенбі күнгі сот отырысы барысында куә боламыз...
Бейбіт Асқаров
Abai kz