Жаһандық қауіпсіздік: кіммен тізе қосамыз?
2015 ж. 22 қыркүйек
3585
0
Бүгінгі таңда елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақтылықты бекіту – тек Орталық Азия елдері үшін ғана емес, әлемдік ауқымда алаңдаушылық туғызып отырған өзекті іске айналғаны мәлім.
Міне, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Душанбеде өткізген арнайы сессияда осы тақырыпты кезекті мәрте жан-жақты талқыланды.
Ауқымды іс-шарада мемлекет басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев, Алмазбек Атамбаев, Ресей Эмомали Рахмон, Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа, басқа да аталған ұйымға мүше елдердің қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қатысып, өңірдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру, жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуларын өткізу мәселелерін пысықтады.
Қазіргі таңда тұтас әлем мен түрлі халықаралық қатынастар үлкен өзгерістерді басынан өткеріп жатқаны әркімге аян. Ал қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы күрес жүргізуде мемлекеттердің бұрыннан қалыптасқан қарапайым, дәстүрлі әдіс-тәсілдерін қолдануға болмайды. Мұндай жағдайда қауіпсіздік мәселесі зорлық-зомбылық пен лаңкестік іс-қимылдарды өздерінің теріс мақсаттарына пайдаланғысы келетін экстремистік сипаттағы ағымдардың таралуына жол бермейтін жаңа факторларға тәуелді болары анық. ҰҚШҰ өңірлік Ұйым саналғанымен, оған мүше мемлекеттердің әлемге жария еткен қағидасы – «бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету», «Ұйым құрамындағы елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау», «сол мемлекеттердің тыныш-тығын күзету», «шиеленісті жағдайлардың түйінін тарқату» сынды ұстанымдармен толықтай сәйкес келеді. Өткен жылдың желтоқсан айында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы Мәскеуде ұйымдастырылып, онда тараптар өзекті, әсіресе, ушығып тұрған мәселелерді қозғаған болатын. Әсіресе, президенттер сол жылғы сессияның аумалы-төкпелі кезеңде, жағдай сәт сайын, тосыннан өзгеріп шыға келетін уақытта өткізілгенін айтып, сессия қорытындыланғаннан кейін Ұйымға төрағалық тізгінін Тәжікстан алған еді. Тәжік билігі Ұйымға төрағалық еткен бір жылдың ішінде кейбір «ескі жараның» аузы қайта ашылды, «жаңа сырқаттар» пайда болып қана қоймай, дендей бастады. Демек, дүниежүзі құбылмалы жағдайды бастан кешкендіктен, Ұйымға жүктелетін жауапкершілік жүгі де күн санап арта түсуде. Осы орайда, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерді өңірдегі, оның ішінде Ауғанстанда қалыптасқан жағдай, террористік және экстремистік топтардың өз «белсенділіктерін» Орталық Азияға кеңінен таратуға барынша ұмтыла түсуі алаңдататыны айтпаса да түсінікті.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының шағын құрамдағы отырысында президенттер өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін осы мазмұндағы мәселелер жайын талқылап, Ұйымға мүше елдердің әскери-экономикалық әлеуетін арттыру төңірегінде пікір алмасты. Бұдан кейін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының кеңейтілген құрамдағы отырысын ашқан Тәжікстан Президенті алғашқы сөзді ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжаға берді. Ол өз сөзінде бүгінгі күнге дейін атқарылған және Ұйым алдында тұрған мақсат-міндеттер жайын баяндап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Ұйымға мүше елдердің әскери-экономикалық ықпалдастығын арттыру, есірткіге, террористік және экстремистік бағыттағы іс-әрекеттерге қарсы күрес жүргізу бағыттарында бірқатар іс-шаралар атқарылған. «Ұжымдық сипатта жүргізілер іс-шаралар барысында саяси маңызы бар бірлескен мәлімдемелер қабылданды. Оның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті сақтау мақсатында түрлі мазмұнда, мәселен, сыртқы істер министрлері деңгейінде келіссөздер жүргізілді. Ауғанстан мәселесін үйлестіретін жұмыс топтарының қызмет ету тетіктері жетілдірілді. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді ұйымдармен өзараәріптестік байланыс жалғасуда. Сонымен қатар, қауіпсіздік тетігін одан әрі нығайту үшін ҰҚШҰ-ның дағдарыс жағдайларына тез арада жауап беретін орталықтарын құру бағытындағы іс-шаралар жалғасып келеді», – деді Н.Бордюжа.
Сонымен қатар, ол қазіргі таңда қалыптасқан күрделі жағдайларды ескере келе, Орталық Азияда экстремистік пиғылдағы ақпараттарды таратуды көздеген ресурстар анықталғанын, оның ішінде ұжымдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін 50 мыңға тарта сайттың жұмысы тоқтатылғанын, әлі де 7 мыңға жуық сайтқа қатысты қылмыстық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Өткен жылғы бірлесе жүргізген жұмыстардың нәтижесінде, сондай-ақ, 20 тоннадан астам есірткі заттары айналымнан шығарылды, олардың 6 тоннасы «ауыр» есірткіге жатады», – деген Бас хатшы өңірлік қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы бірлескен жұмыстар алдағы уақытта күшейтілетінін атап өтті.
Жиында сөз алған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардан төнетін ықтимал қатерлер екенін атап өтті. «Бұл, әсіресе, Орталық Азияда айрықша сезілуде. Өкінішке қарай, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары осындай радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына барып жататынын мойындауымыз керек. Бұған қарсы іс-қимыл жасау біздің тарапымыздан тиімді шаралар қабылдауды талап етеді», – деді Елбасы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, Тәжікстан халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұр, сондықтан, барлық елдер әлемдік дағдарыстарға қарамастан, алдағы уақытта да осы елге экономикалық тұрғыда көмек көрсетуі тиіс. «Қазақстан биылғы жылы ғана бауырлас елге 2,7 миллион доллардың азық-түлігі мен құрылыс материалдарын жіберді», – деген Мемлекет басшысы сессияға қатысушылар назарын Ауғанстандағы жағдайға аударды. «Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлар белсенділігі айрықша алаңдатып отыр. Ауған аумағы мен шекарасынан шығатын қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету үшін ҰҚШҰ аясындағы бірлескен күш-жігерді екіжақты негізде де, өзге халықаралық ұйымдармен арадағы жұмыстар барысында да арттыра түсу қажет. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануы мен ондағы жағдайдың қалыпқа келуін, осы ел экономикасының дамуын қалайды. Сондықтан, Қазақстан Кабулға азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек жеткізуді, сондай-ақ, ауған жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту арқылы техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бүгінде бұл елдің 140 азаматы біздегі оқуын аяқтаса, 730 адам әлі де білім алуын жалғастыруда», – деді Елбасы.
Қазақстан басшысы, сонымен қатар, біздің ел өңірдегі жағдайдың күрделілігін ескере отырып, ҰҚШҰ ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған шараларды қолдайтынын айтты. «Қазақстан Ұжымдық жедел әрекет ету күштері арнаулы құрылымдары әскери контингентінің жауынгерлік және қызметтік дайындығын арттыру қажеттігін қолдайды. Бұған қоса, біз оқу-жаттығуларды, соның ішінде төтенше тексерулерді де үнемі өткізіп отыруды қажет деп санаймыз», – деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті, сондай-ақ, сессия шешімдерінің жобалары арасынан әскери контингенттердің, қару-жарақтың, техниканың ҰҚШҰ-ға мүше елдер аумағы арқылы қозғалысын нақты реттейтін Әскери және өзге құрылымдарды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге айрықша тоқталып өтті. Сөзінің соңында Н.Назарбаев Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы барлық міндеттемелерді мүлтіксіз сақтайтынын, сонымен қатар, одақтас елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыра беретінін айтты. «Қазақстан әскери, әскери-техникалық ықпалдастықты жүзеге асыруды, түрлі табиғи, техногендік, төтенше жағдайлар кезінде бірлесе жедел әрекет етуді, есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізуде, заңсыз миграцияның жолын кесуде, ақпараттық кеңістіктегі заңсыздықтардың алдын алуда күш біріктіруді қуаттайды», – деді Қазақстан басшысы.
ӨЗБЕКСТАН ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛ:
Естеріңізде болса, Өзбекстан билігі – 1999 жылы ҰҚШҰ құрамынан шығып кеткен еді. Бірақ 2005 жылы мамырда Әндіжанда болған оқиғалардан кейін режимге жан-жақтан сын айтыла бастаған кезде, 2006 жылы ұйымға қайтадан мүшелікке қабылданған болатын. Ал уақыт өте келе, 2012 жылы ұйымды өз еркімен қайтадан тәрк етті. 2011 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйым елдері енді өз аумағына басқа мемлекеттердің әскери базаларын ұйымның рұқсатымен ғана кіргізуге келіскенін мәлімдеді. Қазақстан Елбасы сол жолы: «Енді өз аумағына өзге елдің әскери базасын орналастыру үшін ұйымға мүше мемлекет өзге барлық мүше елдің ресми келісімін алуы керек болады» деген еді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті