ДАРИҒА ҰЙҚЫДАҒЫ ҮКІМЕТТІ ОЯТУҒА КЕЛДІ...
2015 ж. 16 қыркүйек
3543
14
...Елбасының үлкен қызы Үкімет үйіне кірді... Атқарушы билікке екі айналып соғып, елдің еңсесін түсіріп, ахуалын әлсіреткен ҮКІМЕТ басшысының орынбасары лауазымына – Дариға НАЗАРБАЕВА тағайындалды.
Несі бар, бұл әрекет - Елбасының мінезіне ұқсайды: бетімен кеткендерге бөгет қою керек. Дариға Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметінде әлеуметтік мәселелерге әлі жететіндігін көрсетті.
Ең басты жеңісі – қоғамды әлеуметтік қорғау саласында жәрдемақыларды мейлінше қысқартудан кейін Ең төменгі әлеуметтік қалып туралы заңның жобасын егжей-тегжейлі зерттеп-әзірлеп, қиындықтармен күресіп жүріп, ақыры қабылдатты. Мұның өзі әлеуметтік қорғау мәселесінде қоғамда төңкеріс жасағанмен бірдей жасампаз қадам болды...
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға НАЗАРБАЕВА әлеуметтік саланың министрлерімен «алысып-жұлысып» келіп еді, енді олардың тікелей басшысы болды. Үкіметтің әлеуметтік қорғау саласының күшейетіндігі түсінікті.
Жасыратыны жоқ, әлемді қаржылық-экономикалық, саяси-әлеуметтік дағдарыс теңселтіп тұр. Шикізат сатумен ғана «шекесі қызған» қазақтың мұнайының бағасы құлдырап кетті, қазақ теңгесінің «есі ауып қалды»; мұнайдың майымен беттері жылтыраған келімбетовтер, школьниктер, мыңбаевтар, қарабалиндер қара алтынның бағамы құдыққа құлап жатса да, жанар-жағар майдың (бензин) бағасын көтеріп, халыққа қарабет болды...
Құдай бетін әрмен қылсын, әлеуметтік қарсылық толқыны сезілмей тұрып, ел басшысы атқарушы билікке үлкен қызын әкелді. Дариға – саясатта салиқалы салмағы бар адам, ол өзінің турашыл мінезімен әкіреңдеген әкімдер мен мүлгіген министрлерге де, ұлттық компаниялардың басшылары мен ірі кәсіпкерлерге де азуын көрсете алды. Тап қазіргідей аласапыранда осындай осып түсер өткір кісі ауадай керек болып тұр. Майлы жілік сорып дағдыланғандар қоғамда толқу тудыру үшін «Бұл тағайындау – мұрагерлікке жасалған қадам» деген бықсыған өсек таратты. Біздіңше, бүгінгідей әлеуетті экономикалық дағдарыс кезеңінде тәртіп пен үнем міндетті түрде қажет. Атамыз қазақ: «Қыз бала - өрісің» деген, үлкен қыздың сенім үдесінен шығатындығына сенім бекем!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz