ТЕҢГЕНІҢ ЕРКІН БАҒАМЫ РЕТТЕУДІҢ МҮЛДЕМ БОЛМАЙТЫНДЫҒЫН БІЛДІРМЕЙДІ
2015 ж. 14 қыркүйек
3052
11
«Теңгенің еркін бағамы оны реттеудің мүлдем болмайтынын білдірмесе керек. Әңгіме валюта дәлізінің бұрыңғыдай қатаң емес, анағұрлым еркін бағытын көрсететін шығар» - деп жазды «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев «Forbes.kz» сайтында жарияланған «Ашық саяси экономика» атты мақаласында.
«Шенеуніктер ұлттық теңгемізге еркін бағамға жол ашылды десе, айырбас пункттерін жағалаған жұрт нағыз девальвация деп бағалады бұл қаржылық құбылысты. Бір жағынан алып қарағанда екі жақтікі де дұрыс сияқты. Девальвацияға жатқызайын десек, үш күн өткенде теңгеміз қайтадан 15 пайызға көтерілді. Еркін бағам деуге де келіңкіремейді, өйткені Ұлттық банк валютаның алып-сату бағамына деген ықпалын сақтап қалып отыр. Сондықтан валюта бағамы бұрынғыдай ашық емес, жабық дәлізді бетке алғанға ұқсайды. Дегенмен, валюта бұрынғыдай емес еркін бағыт ұстап, долларға шаққандағы шынайы бағасына бет алды.
Негізгі мәселе мынада болып отыр, егер осы үрдіс тұрақты жалғасатын болса алдағы уақытта ұлттық теңгеміздің одан әрі құлдырауына әкеліп соғады. Теңгеміз дөңгеленген серіппеге немесе шеңберге түскендей бір орында шыр айналады. «Теңгемізге не болды?» - деген сұраққа, ақшамыз девальвацияның шырмауына, шеті жоқ шеңберге түсті деп жауап беруге болады. Енді бізге шұғыл сол шеңберден шығудың жолын іздеуіміз қажет.
Көптен бері қауіп-қатер дегеннің не екенін білмеген Қытай юаны мен басқа да валюталардың құлдырауы көңілге аз да болса демеу бергендей. Жалғыз юань ғана емес, Ресей рублі де құнын түсіріп алды. Сол сияқты Еуропаның, Азияның, Солтүстік және Оңтүстік Американың, тағы да басқа елдердің қор нарығының қабырғасы сөгіліп сыр берді. Дәп осындай дүрбелеңде әркім өз жағдайын, өз болашағын ойлайтыны белгілі» делінген аталмыш мақалада.
"Қазақ үні" газеті