Назарбаев: Абылай ханның армандары тәуелсіздік тұсында орындалды
2015 ж. 12 қыркүйек
3052
24
Абылай ханның армандары еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін орындалды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында айтты.
“Қазақстанның әр түкпіріне барсақ та далаларымыз бен ауылдарымыз жайнап тұр. Даламыз жайқалған егінге толы, жарық шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ ғана емес, 130 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мен бұрында бір жазғанымда айтқан едім, Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ деп. Мен соның жалғасы ретінде мынаны айтқым келеді: бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Тек өткен тарихымен мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілі бабалар даңқына даңқ қосып, дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің болашағы жарқын, мерейі үстем. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, ел абыройын биікке көтерді деп айта аламыз”, – деді президент. “Ата-бабаларымыз бізге ұланғайыр жер қалдырды. Территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы ел саналатын Қазақстан ешқандай құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатты. Біз осы шикі мәселені сәтімен шештік. Жалпы ұзақтығы 14 мыңнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттарға сай рәсімдеп алдық. Болашақ ұрпақтың алаңдамауы үшін мәңгілікке шегеледік. Бабалардан мұраға қалған ата-қонысымызды, халқымызға қасірет әкелген ажал жаппай қыру жоюуға арналған оқ-тұмсыққа толы болды. Біз соның бәрінен азат етіп, ядросыздандыру көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке үлесісімізді қостық, – деді Назарбаев.Дереккөз: BAQ.KZ