Тарихи сәт: екі ел арасындағы кедендік кедергі жойылды
2015 ж. 19 тамыз
2574
0
Бұдан былай қазақ пен қырғыз арасында кедендік кедергі болмайды. Кеше ғана екі елдің Президенттері сегіз бірдей бақылау бекетін ресми түрде алып тастады. Яғни, енді барыс-келіс пен алыс-беріс бұрынғыдан да нығая түседі деген сөз. Бұл, әсіресе, туристер мен кәсіпкерлерге тиімді болмақ. Тараптар мұндай еркіндікке Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың бесінші мүшесі болып қабылданғаннан кейін қол жеткізіп отыр. Тарихи шараның басы-қасында жүрген Нұрсұлтан Назарбаев бұл уақиғаны көптен күткен мерекеге теңеді. Тіпті қырғыз басшысының осындай жетістігіне жоғары баға берді.
«Азаттық» радиосының хабарлауынша, тамыздың 12-і күні Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев пен Қазақстан премьерінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған екі елдің үкімет өкілдері кедендік шекараны салтанатты жағдайда ашқан. Шараға Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге Ыстықкөл жағасындағы резиденциядан тікелей трансляция арқылы қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұны «екі мемлекеттің бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатын, өзара сауданы жандандыратын айтулы оқиға» деп атады.
Елбасы өз сөзінде: «Екі ел арасындағы кедендік шекараның алынуымен шын жүректен құттықтаймын! Бірнеше жылдан бері қырғыз мемлекеті Еуразиялық кедендік одаққа кіру үшін үлкен дайындық шараларын жасады. Қазақстан жағы қырғыз елін әр уақытта қолдап, көмектесіп отырды. Туысқан екі ел арасында кедендік шекара болмауы тиіс, халқымыздың қарым-қатынасы, сауда-саттығы бұдан да жоғары болуы керек. Соңғы жылдарда Қазақстан Қырғызстанға 1,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салды, бірлескен елу кәсіпорын құрылды. Екі жақты ынтымақтастық жоғары деңгейде өтуде. Бүгін де біз ферроқорытпа зауытын салуға екі жақтап әрекет жасауға келістік. Ыстықкөлге туризмді дамыту үшін, оған қазақстандықтарды көптеп тарту үшін төте жол салу мәселесі, келешекте электр қуатын, су пайдалануда кедергілер болдырмау қаралуда. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі бизнесті дамытуға, сауда-саттықты арттыруға серпін береді. Осыған байланысты Қырғызстанды ЕАЭО-ға кіруімен құттықтаймын», – деді мемлекет басшысы.
Осылайша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тұрған кеденшілер түгел жұмыссыз қалды. Оларды екі елдің Президенттері мен үкімет басшылары арнайы келіп қызметтерінен босатты. Сөйтіп, Қордайдағы сегіз бірдей бақылау бекетіндегі темір тосқауылдар ресми түрде алынып тасталды.
Екі елдің арасы Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың бесінші мүшесі болып қабылдануына байланысты бұрынғыдан да жақындап отыр. Одақтың талабы бойынша, оған мүше мемлекеттердің арасын тек шекарашылар ғана күзетеді. Енді қырғыз азаматтары қазақ жеріне өткенде көші-қон карточкасын толтырмайды, жүк тасымалы да бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болады деп күтілуде. Тексеру азайған соң шекарадағы ұзын-сонар кезек те қысқарады. Қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асқан сауда-саттық еселенбек.
Айта кетсек, Астана мен Бішкек болашақта электр қуаты, су жүйесі, өнеркәсіп және туризмді бірігіп дамытамыз деп келісті. Ыстықкөлге ынтық туристерге де барлық жағдай жасалатын болды. Ол үшін жуырда Алматы мен Ыстықкөл арасынан жаңадан қысқа жол салынбақ. Нұрсұлтан Назарбаев осындай жетістікке жеткен қырғыз басшысының жұмысын жоғары бағалады. Әріптес ағасынан мақтау естіген Атамбаев та дән риза, «енді арамыз ажырамайды» деп ағынан жарылды. Ол: «Орта Азияда, түркі елдерінің арасындағы ең жақын екі ел бар. Бұл – қырғыз бен қазақ. Ешқашан екеуін бөлетін бөгеттер болмасын. Бүгін келіп, осындай ашылуға қатысқаны үшін Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтқым келеді» деп жылы лебіз білдірді.
Мәселені шешкеннен кейін, екі елдің Президенттері жеке кездесіп, тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жоспарларымен бөлісті. Олар инвестиция тарту, өнеркәсіп, құрылыс, туризм саласындағы мәселелерді талқылады. Ал отандық сарапшылар екі ел арасындағы етене жақындықты өздерінше болжауда. Экономистердің айтуынша, енді ішкі нарықты қырғыздың арзан ауыл шаруашылығы өнімдері мен киім-кешегі жаулап алады. Ал туристер Алакөлге емес, Ыстықкөлге ағылады. Қазақстандық экономист Жангелді Шымшықов: «Киім-кешек жағына келетін болсақ, біздің базарларымыздың бәріндегі киім-кешек сол Қырғызстан базарларынан, терминалдарынан алынған. Ол да бізге арзан бағамен келеді. Айналып келген, кезде өзіміздің жаңа көтеріліп келе жатқан тігін, жеңіл өнеркәсібімізге қиындық тудыруы мүмкін» дейді.
Жалпы, Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) Қырғызстанды мүшелікке қабылдау туралы келісім күшіне енген соң, бұл ел Қазақстан, Ресей, Армения және Беларуспен бірге ЕАЭО-ның толыққанды мүшесіне айналды. Осыған орай, қырғыздың танымал саясаттанушысы Орозбек Молдашевтың сөзінше, бұл оқиғаны ең әуелі «қазақ-қырғыз арасындағы тосқауыл алынған тарихи оқиға» деп қарастыру керек. – Еуразия экономикалық одағының пайдасы мен зияны туралы түрлі деректер айтуға болады. Оның үстіне осы одақтағы қуатты ел Ресейдің қазіргі экономикалық жағдайы күрделі. Алайда, бұл оқиғаның ең үлкен пайдасы – туысқан елдер арасындағы үлкен кедергінің алынуы, біз қандай қиындықта да бірге болуымыз керек, – деді Молдашев. Оның сөзінше, Қырғызстанның ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері Қазақстан нарығына шығаруға мүмкіндік күшейеді. – Екі ел экономикасының артықшылықтары мен кемшіліктері бірін-бірі толықтырады. Қазақстан экономикалық жағынан алда болғандықтан Қырғызстан да соған қарай тартылады деп ойлаймыз, – дейді ол. Ал Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов «кеден бақылауы алынып, бюрократия кедергілерінің жойылғаны құптарлық шара, бірақ шекарадағы кеден бақылауы Еуразия экономикалық одағы аясында ашылғанын ұмытпау керек» дейді. Оның айтуынша, шекараны ашу рәсіміндегі екі ел билігінің дипломатиялық пікірлеріне қарап, жалпы жұртшылық Нұрсұлтан Назарбаевты Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың «саяси ағасы, Еуразия экономикалық одағы аясында Астананы Бішкектің кураторы ретінде қабылдауы мүмкін» екенін айтады. – Бірақ, Бішкекке Мәскеудің ықпалы одан да зор. Сондықтан, жаңа шекаралық жағдайды Ресей өзінің Еуразия кеңістіктегі ықпалын одан сайын арттыру үшін пайдалануы әбден ықтимал, – дейді Қосанов. Сарапшы Марат Қайырленов Қазақстанның негізгі ұтатын тұсы – шекараның тыныштығы деп есептейді. Оның сөзінше, Қырғызстан интеграцияланбай оқшау қалса Қазақстан күндердің күнінде Ауғанстандағы қақтығыстардың әсерін анық сезінуі мүмкін. – Ал Қырғызстаннан арзан тауар келіп, Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді деп біржақты айтуға болмайды. Өйткені, Қазақстан бизнесіне де Қырғызстанға еркін кіруге мүмкіндік туады. Бұл ретте қырғыз нарығын Ресеймен салыстыру қиын. Себебі, қазақ пен қырғыз экономикасы әртүрлі болғанымен, жалпы халықтың түсінігі, туыстық менталитеті ұқсас, – дейді ол. Оның айтуынша, Қазақстанға қарағанда Қырғызстанның біршама дамыған жеңіл өнеркәсібі пен ауыл шаруашылығының сүт және сүт өнімдері саласы нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. «Ал бірақ кейбір секторлар болмаса, жалпы Қазақстанға экономикалық соққы болмайды» дейді сарапшы.
Жалпы, Қырғызстан азаматтары одаққа мүше кез-келген елде сол мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде жұмыс істей алатын болады. Қырғызстанның қосылуы одақтың ішкі қуатының артуына тың серпін береді. Қырғыз экономикасының ЕАЭО-ға ойдағыдай интеграциялануы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толықтай жауап береді.
Қырғызстан шекарасының ашылуы осыдан 20 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған интеграциялық бастаманы дамыту жолындағы маңызды қадам деуге де болады. Бұл – бәріміз көптен күткен, стратегиялық маңызы бар оқиға. Ортақ нарық көкжиегінің кеңеюі, бәрінен бұрын, қарапайым халыққа пайдалы.
Ендігі бір мәселе кедендік шекараның ашылуынан ішкі нарықтағы бәсекенің күшейетіндігіне келіп тіреледі. Қырғызстанның арзан тауарлары көптеп еніп, нарықтағы бәсекелестікті туғызады. Екі ел арасындағы тауарлардың еркін ағымы біздің отандық тауар өндірушілерге де үлкен сын болмақ. Ал бұл жағдай елімізде шағын және орта бизнестің сапалық тұрғыда дамуына үлкен серпін береді дейді мамандар.
Жамбыл жері – Талас облысындағы қырғыз ағайындар үшін негізгі экономикалық күретамыр екені белгілі. Мәселен, Бішкекке Қазақстан аумағы арқылы бару жолды едәуір қысқартатын көрінеді. Мәселен, көмір тасымалдауда да қырғыздарға Тараз қаласы тиімді. Сондықтан, кедендік кедергілер алынғанда сауда-саттыққа негізделген барыс-келіс арта түседі деп қуанады қырғыз елі.
Кедендік кедергілердің жойылуы жамбылдықтар үшін де пайдалы. Облыс тұрғындарына қырғыз елінен келетін төмен бағадағы жеміс-жидек, көкөніс, киім-кешек секілді өзге де тауарларға таңдау жасауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде отандық өнім өндірушілерге қамшы болып, кәсіпкерлерді сапалы өнім өндіруге итермелейтіні анық.
Енді біздің кәсіпкерлерге қырғыздың арзан тауарының көлеңкесінде қалып қоймау үшін өздерін қамшылауға тура келеді. Ал Қырғызстаннан арзан көлік қаптайды деп алаңдауға негіз жоқ дейді сарапшылар. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болғандықтан, енді біз де шет елдерден еш қиындықсыз темір тұлпар тасымалдай аламыз. Әзірге мұның бәрі – болжам. Бір туған елдердің бүгіннен кейінгі қарым-қатынасының нәтижесін уақыт көрсетеді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті