Серік Ахметовті айыптаған қаржы полицейінің өзі парамен ұсталды
2015 ж. 07 тамыз
35029
53
Солтүстік Қазақстан облысында бұрынғы қаржы полициясының өкілі Мұрат Күшібаев пара алғаны үшін ұсталды. Ол еліміздің экс премьер-министрі Серік Ахметовті ұстап бергенімен танымал.
Қаржы полициясы құрылымы өзгеріске ұшыраған соң, Күшібаев жаңа қызметке шақырылған. Ол Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік кіріс департаменті жанындағы экономикалық зерттеу, жедел іздестіру тобының жетекшісі болған.
Бір қызығы, көлеңкелі бизнеспен күресіп жүрген Мұрат Күшібаевтың өзі парамен ұсталды.
Ол заңсыз алкоголь сатумен айналысып жүрген кәсіпкер А. Заргаряннан оның көлеңкелі бизнесіне көз жұма қарау үшін $10 мың көлемінде пара сұраған. Алайда, өз тауарының құны 2 миллионнан аспайтынын айтқан кәсіпкер Күшібаевқа $8 мың беруге келіседі.
Ақшаны алған соң Күшібаев қылмысын жасыру мақсатында кәсіпкер өзін пара алуға итермеледі деп рапорт дайындаған. Бірақ кәсіпкер де қарап қалмай, тиісті орындарға хабарласады.
Нәтижесінде, ҰҚК мамандары тәжірибелі қаржы полицейі саналған Мұрат Күшібаевты қолға түсірді.
«Мұндай тәжірибелі маманды парамен ұстау оңай шаруа емес. Алайда, ол бар кінәсін мойындады», – дейді СҚО мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Шыңғыс Қабдулла.
Мұрат Күшібаев өз ортасында Жоғарғы сот мүшелері Алмаз Тәшенов пен Сайлаубек Жәкішовті, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевті, сонымен қатар кеншілер өңіріндегі бірнеше шенеунікті пара алғаны үшін ұстап бергенімен танымал.
Ол ерекше көрсеткіштері үшін екі рет медальмен марапатталған.
Дереккөз: Nur.kz