Мен орыс тілінде 19 жылдай оқыппын. Он жыл мектепте, төрт жыл институтта (бұрынғы Қаз Пи қазіргі Қаз ҰМПУ), тағы бес жыл (екі жыл стажировка және үш жыл аспирантура). Көп жыл тек қана орысша сабақ бердім. Орысша бірнеше кітап шығардым. Қазір Алматы қаласында тұрамын.
Бірінші эпизод. Осыдан екі жыл бұрын жөтеле бастап дәрігерге бардым. Дәрігер орыс келіншегі қазақша білмейді екен, ал мен жөтелімді орысша сипаттай алмадым. Қазақша білетін дәрігерді сұрап едім, сіздерге бас басыңызға қазақ дәрігер жоқ деп өзі білетін диагноз қойып, ашуын әзер баса отырып өзі білетін дәрілерді рецепке жазып берді. Мен дәрігердің берген дәрісін ішуге бара алмадым. Әйтеуір , кейін жөтелім өзі басылды.
Екінші эпизод. Египетке баратын болып «ТЕЗ -тур» дейтін компаниясымен сөйлестім. Бірақ олар менімен қазақша сөйлесуден бас тартқандықтан, мен қазақша тілдесетін «Хикмет турдың» қызметін дұрыс көрдім. Сонымен қазақша сөйлесуге бас тартқан «ТЕЗ-тур» бес клиентттен айрылды.
Үшінші эпизод. Пәтерді күзетке қоймақ болып сол ақылы қызметті көрсететін фирмаға телефон соқтым .Кейіннен операторлардың бірі: бізде қазақша сөйлейтін оператор жоқ деп қиып тастады. Сізге біздің орыс тілді қызметіміз керек емес болмаса басқа фирманы табыныз. Жәрайды деп, демалыс бітісімен қазақша қызмет көрсететін фирма іздемекпін.
Қазіргі заманда ақылы қызмет қөрсетуде, құдайға шүкір, бәсекелік орта бар. Олай болса қазақша білмей диагноз қойып, дәрі жазып беретін шипагерден құтылатын кез келген сияқты. Бұл түкке тұрмайтын проблема, оны мәселе қылып, мақала жазатын жөн жоқ дейтін ағайын аз болмас, бірақ мені өз елімізде орысшамыз жетпегендіктен теріс диагноздан қатып қалатын перспектива менің жүрегімді жылытпайды.
Бүгінгі таңда орыс тілінің таралуы тарылып келеді. Келтірілген эпизодтарда пәлен жыл орысша оқыған Әзімбайдың тілі орысшаға жетпеген жағдайлар болды. Ол рас. Қазақша білмейтін арнайы қызметтегі орыс пен қазақты аяп, клиенті пен пациенті құрбан етеміз бе сонда?
Еліміздің бейбіт қатар өмір сүруі қазақтың денсаулығы есебінен шешілмеу керек. Клиенттің патша көңілі ақылы қызмет көрсетуші фирмаға байланысты болса, қазақ тілді клиент өз мүддесінен айрылмау керек. Ең маңыздысы қазақ тілді клиенттің құқығы өз талапшылыдығы арқылы шешілу керек пе деп ойлаймын.
Мен тіпті мемлекеттік тіл туралы ауыз ашпай отырмын. «Қорғау» қызметі фирмасының төртінші операторының айтуынша көп ұлтты Қазақстанда корей тілінде қызмет көрсетуіміз міндет емес. Солай делік. Бірақ мен корей тілінде сөйлеп оператордың басын ауыртып , жанын қинаған клиент емес едім.Оператор менің талабымда клиенттің талабы емес ұлтшыл қазақтың орынсыз лаңы деп отыр.
Бір ұсыныс. Иә, қазақ тілінің керектігі бір қазақтың қырсықтығынан туған мәселе емес. Қазақ тілі жүрмесе бізге бұл мемлекетте тұру жәйсіз болар. Тіл саясатына өкпелеп, мен Қазақстаннан қашпақ емеспін. Олай болса өркениетті күрес жолы бар сияқты. Ол қазақ клиенттерінің толық дәрежелі қазақша қызмет көрсетуді талап ету, басқа жағдайда – қазақшасы бар, сапалы қызмет көрсететін жерге тайып тұру керек. Ол жағдай дүкендерге, шаштараздарға, асханаларға тіпті дәрігерлерге қатысты болуы мүмкін.
Abai kz
Әзімбай Ғали. ҚАЗАҚША білмейтін қазақ-орыс үшін ХАЛЫҚТЫ ҚҰРБАН етеміз бе?
2015 ж. 24 шілде
6778
14