ҚАШАНҒЫ ҚИСЫҚ АЙНАҒА ҚАРАП ОТЫРА БЕРЕМІЗ?
2015 ж. 01 шілде
5693
2
НЕМЕСЕ БИЛІК ТАРМАҚТАРЫНЫҢ ПРИНЦИПТІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ
"Алдымен айтарымыз, бұл жерде Азат Перуашев өзі үшін емес, мемлекеттік билік тармағындағы өзіне жүктелген міндетін атқарып, Парламенттің абыройы үшін күресіп отыр.""
Министр Аслан Сәрінжіпов пен «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат Перуашев арасындағы пікірталастан туындаған дау-дамай заңды жалғасын тапты. Депутаттың арызы бойынша қылмысты іс қозғалып, олар құқық қорғау орындарында жауап беруде. «Бұл жөнінен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті жауап алынып, енді тілдік сараптау қорытындысы бойынша шешім қабылдайтын боламыз» деді ҚР ІІМ министрі Қ. Қасымов арнайы өткізілген брифингте. Айта кетейік, еліміздегі заң шығарушы және билік арасындағы келіспеушіліктен туындаған бұл бірінші қылмыстық іс деуге болады. Әрине, мақтанарлық жағдай емес, дегенмен әдетте «Дрейфус дауы» деп аталатын дәп осындай ашық әңгіме, ашық пікір айқасы ғана бізде қалыптасқан «қисық айна» көрінісін түзете алады.
Дау-дамай министрдің депутатты жекеменшік оқу орындарының шашбауын көтеріп отыр деген айптауынан басталған болатын. Дәлірек айтсақ: « Менімше, Перуашев мырзаның бұл ашық мәлімдемесі оқу ісін, оны бақылауды бизнеске айналдырған жеке ұсақ және жекеменшік жоғары оқу орындары мен аккредитациялық агенттіктердің шашбауын көтерумен тікелей байланысты» - деген-ді Сәрінжіпов. Былай қарасақ, депуаттың көзқарасына деген шенеуніктің жай ғана қарсы пікірі деуге болатын еді. Ал, шын мәнінде олай емес, сондықтан да депутат істі сотқа берді. «Депутат ретінде халықтың мүддесін қорғау менің міндетім, сол үшін істі сотқа жеткізуге дайынмын. Бүгінгі біздің ұсынысымыздан кейін министрлік тәуелсіз аккредитация орталығына шықпақшы. Олар тағы да жоғары оқу орындарына тәуелсіз баға беру жүйесіне өз ықпалын жүргізбекші» - деді Перуашев.
Ал, Сәрінжіповтың тікелей айтуындағы шашбауын көтеру (лоббировать) сөзі әдетте өмірдегі қолданыста мемлекеттік органдарды сатып алу арқылы ықпал ету, біреудің қызығушылығын белгілі бір өз мүддесін ескере отырып қорғауды білдіреді. Бұл қылмыс болып табылатындықтан өте салмақты айыптау. Сондықтан министр бұл жерде Перуашевтің жеке басына байланысты нақты фактілер келтіру керек еді. Бірақ ондай нақты мәліметтерді министр өз сөзінде келтірмеді.
Екінші жағынан бұл сөздің төркіні жеке өз басы емес, біреулердің қысым көрсетуі арқылы жасалуын да білдіреді. Сондықтан Сәрінжіпов мырзаға төмендегідей сұрақтарға жауап беріп, дәйектер келтіруге тура келеді:
- Перуашевтің ұстанған бағыты Мемлекеттің 2020 жылдарға дейінгі білім саласын дамытуға арналған бағдарламаға ешқандай қатысы жоқтығын;
- Министр өзі айтқандай депутаттың бұл сөзі сол жекеменшік оқу орындары мен аккредитация агенттіктерінің ықпалынан болғандығын дәлелдеу.
Түсінікті тілмен айтқанда, министрде Перуашевтің өзі қорғап отырған мекемелердің өкілдерімен болған кездесулері мен өзара осы мәселеге қатысты алдынала келісімдері туралы бұлтартпас дәлелі болуы шарт. Егер нақты дәйектер болмаса министрдің мұнысының бәрі жала жабу болып есептеледі.
Ал, негізсіз жала жабу кезкелген адамның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Бұл пікірлерді жай ғана қызбалықпен айтыла салды деуге келмейтін сияқты. Өйткені Сәрінжіповтың 2015 жылы 11-маусымда баспасөзда жарияланған «Бұл мәселемен Денсаулық министрлігіне арыздану керек» дегені осыған толық дәлел. Бұл ойының да белгілі бір дәрежеде астары бар. Рас, кейін министрліктің баспасөз хатшысы «министрдің бөтен ойы болған жоқ» деп жуып-шайғысы келді. Бірақ, айтылған сөз - атылған оқ. Министрдің бұл астарлы ойын қалың оқырман тура мағынасында түсініп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін білдіріп те үлгерді.
Қылмыстық кодекстің 376-бабына сәйкес «Депутаттың қызметі барысында ары мен абыройына нұқсан келтіру» анықтамасын басшылыққа ала отырып депутаттың істі сотқа беруіне тура келді. Бұл баптың екінші тарауында «ҚР депутатын қызмет жағдайында БАҚ арқылы негізсіз масқаралау 300-800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады» деп көрсетілген.
Бұған не деуге болады? Қоғамда белгілі орыны бар депутат өзінің жұрт алдындағы беделін қорғау үшін заңдық құқығын пайдаланды. Тіпті бұл жағдай жеке жерде емес, Мәжіліс отырысында орын алып, министрді отставка кет деудің нақты себептерін де көпшіліктің алдында ашып айтты.
Оның үстіне Парламент депутаты заң бойыша кезкелген жоғары лауазымды шенеуніктен түсінктеме алып, сұрақтар қойып, сенімсіздік білдіруге құқылы. Мәжілісменнің пікірі он жерден ұнамаса да оны жұрт алдында негізсіз айыптауға ешкімге, оның ішінде министрге де ондай құқық берілмеген. Сөйтіп параменттік пікірталастан басталған дау министрдің депутаттың жеке басын масқаралауға ауысқаны мемлекеттік қызметші Кодексін бұзуға ұласқанын байқаймыз. Бұлай кете беретін болса кезкелген шенеунік өзіне сауал қойған депутатқа ойына келгенін айтатын болады. Бұған нақты шара қолданылмаса халық қалаулыларының де беделі қалмайды, сөйтіп жаман әдетке айналып, «ә, десе, мә!» деген тұрпайы тұрақтылық қалыптасуы да әбден мүмкін. Елбасымыз билікті Үкімет пен Парламентке көбірек беру керек деп отырғанда бұл қалай болады?
Бұл жерде Азат Перуашев өзі үшін емес, мемлекеттік билік тармағындағы өзіне жүктелген міндетін атқарып, Парламенттің абыройы үшін күресіп отыр. Бір байқағанымыз, Перуашевті тек өздерінің фракция депутаттары ғана қолдап, қалғандары, тіпті Мәжіліс спикерінің өзі үнсіз қалғанды жөн көрді. Нұрлан Нығматулинның спикерлік кезінде ондай емес-ті, бөрік кигендердің намысы бір болатын. Алдымен бұл жерде мына мәселені ұмытпау керек, әңгіме Парламенттің рөлі мен оның нақты билік алдындағы пәрмендігінде болып отыр. Егер Мәжілісте «Ақ жол» сияқты бір-ақ партия өз пікірін білдіре алса онда Елбасымыз айтқан өзінің үлесіне тиген билікті қабылдауға Парламенттің қазіргі құрамы дайын еместігі анық.
Оған дәлел ретінде соңғы отырыстардың бірінде «Ақ жол» партиясы ғана 2014-жылғы бюджеттің орындалмауы мен Білім және ғылым министрлігіндегі кемшіліктерді ашық айта алғанын келтірсек те жетеді.
Осыған байланысты тағы бір жағдайды еске сала кетейік. Сәрінжіповтың мәлімдемесінен кейін ғаламторда «пікір» білдірушілер көбейді. Жай ғана пікір емес, әдейі ұйымдастырылған тапсырыс екені бірден көзге ұрып тұр. Солардың көбісі Перуашевты жерден алып, жерге салғандай болды. Олардың бәрін бір адмның ұйымдастырғаны белгілі, тек авторларының аты-жөнін ғана өзгертіп отырған. Яғни белгілі бір дәрежеде қоғамдық ойды қалыптастырды деген сөз. Бірақ, соған қарамастан, ешқандай тапсырыссыз жазылған пікірлер де аз болмады. Олардың бәрі депутатты жақтап шықты. Тіпті кейбір кәсіби журналистер де араласып «депутаттікі дұрыс емес» дегенге дейін барды. Қоғамдық ойды қалыптастыру үшін алдымен істің ақ-қарасына жетіп алған жөн, жұртты адастыруға болмайды.
Ал шындығына келгенде Перуашев министр басқарып отырған саланың нақты кемшін тұстарын келтірді емес пе. Мысалы 2015- жылға дейінгі оқу ісін дамыту бағдарламасында көрсетілгендей биыл тәуелсіз аккредитация шарасын іске асыра бастау керек-ті. Жоспар бойынша ол қазірдің өзінде кем дегенде 20-50 пайызға орындалу қажет болатын. Ол осы саладағы жемқорлықтың жолын жабатын іс-қимыл ретінде бағаланып отыр. Министрлік тарапынан оқу орындарын жөн-жосықсыз тексерулерге тежеу болады деп қарастырылған-ды. Өйткені Сәрінжіпов жанын салып қорғап келе жетқан аттестациялау барысында Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше мнистрлік шенеуніктері оқу орны ұстаздарынан жыл сайын 300 миллион теңге шамасында пара алып келген. Бұл агенттіктіктің толық емес деректері екенін де ескеруіміз керек.
Соған қарамастан министр Сәрінжіповтың айтуы бойынша біздің мектептер жаңа халықаралық үлгідегі тәуелсіз аккредитация сияқты шараға әлі де дайын емес екен. Оның ойынша бұрынғыша аттестациялау, яғни министрліктің бақылауын қалдыра тұру керек. Бұл Президент тапсырмасымен келіспеу, тіпті соған қарсы шығу емес пе? Сонда бұл ауқымды іске кім жауап беру керек? Осы мемлекеттік бағдарламаға қомақты қаржы бөлініп, оның біраз бөлігі жұмсалды. Нәтиже қайда деп сұрауға депутаттар құқылы. Ал алған жауабымыздың түрі жаңағыдай, депутаттың өзіне жала жабылды.
Онымен қоймай Сәрінжіпов депутаттардан өз ұсынысын қолдауды сұрайды. Бұл қателікті дер кезінде байқаған «Ақ жол» депуаттары өз ескертуін білдірді. «Өз дәрменсіздіктерін ашық айтып, тапсырылған жұмысты ширатудың орнына жаңа ғана министрдің өзі айтқандай бізден заңды өзгертуді сұрайды. Бұл не сонда? Бұған байланысты Елбасының арнайы тапсырмасы бола тұра заңды өзгертіп ауыстыру керек дейді. Біздіңше қайта-қайта заңды өзгерткенше министрді ауыстырған анағұрлым тиімді. Менің министрге қояр бір сұрағым бар. Сіз Елбасының тапсырмасы мен нарықтық қатынастар талабына сәйкес келетін аккредитацияға өту жоспарын құрдымға жібергеніңіз үшін отставкаға кетпейсіз бе?» - деген болатын депутат.
Егер шенеуніктер мемлекеттік бағдарламалардың орындалмауына байланысты айтылған сынды қабылдап, одан қорытынды шығара алмаса бізде ешқандай жоспарлар ешқашан орындалмайды. Онсыз да көптеген стратегиялық бағдарламаларымыз қағаз жүзінде қалды. Бұл алдағы Президентіміз белгілеп берген «Бес институтциалды реформа» мен «100 нақты қадам» бағдарламасының орындалуына да кері әсерін тигізері анық. Елбасының айтқан, Үкіметтің қоғам алдында есеп беру керектігі қайда қалады? Министрлер Парламентте болмаса, қай жерде есеп берулері керек? Әлде жоғары жайлы кабинеттерде жайғасқан шенеуніктер халықтың миллиардтаған қаржысын қалауынша жұмсап, өздеріне сын айтқандардың бәрін айыптап отыра берулері керек пе?
Бұл сұраққа тереңірек үңіліп қарау керек, ол екі адамның ғана қақтығысы емес. Мәселе бір ғана Перуашевта тұрған жоқ. Оны періште деуден аулақпыз, ол да – пенде. Басты әңгіме шенеуніктердің ашық жұмыс істеуі мен халық алдында есепті болуында. Кездескен осыншалық қарсылық пен кедергілерге қарамастан Парламентіміз принципті түрде соны талап ете ала ма? Міне, дау-дамайдың шешімі де, басты мәселе де осында жатыр.
Аман АБАЕВ,
«Деловая неделя» 26 маусым, 2015 ж.