Үкімет пен Парламент: ендігі билік кімнің қолында?
2015 ж. 23 маусым
3719
11
Мемлекет пен билік халық алдында есепті болуы тиіс...
Бұл туралы ТМД мен ЕАЭО елдері үкімет басшылары кеңесінің отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген еді. «Енді біз әрқайсымыздың өз шындығымыз бар екенін түсінеміз. Демократияландыру бойынша көргің келмейтін жұмыстар жасалады. Біздің демократия мемлекетті халық алдында есепті қылумен негізделеді. Біздің іс мемлекеттік құпия болмаса, ашық болуы тиіс; адамдар үшін ақпарат, үкімет шешімі, әсіресе, сол жерде қолжетімді болуы керек. Бюджет жергілікті парламентте қоғамдық ұйымдар мен адамдардың қатысуымен ашық түрде бекуі тиіс. Есеп әр жарты жыл сайын, әр дәреже халық алдында берілуі керек және сұрақтарға жауап берілуі тиіс. Парламент пен үкіметке көбірек құқық беру керек шығар. Қазірге дейін бізде президенттік билік болып келді, оны білесіздер. Салмақты вертикаль, мықты президенттік билік. Орта санаттың өсіміне қарай, оны бәсеңдетіп, үкіметтің өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, парламентке де көбірек құзырет беру керек» деді онда Елбасы.
Бүгінгі қазақ қоғамында Парламент пен Үкіметке, Жоғарғы сотқа қатысты сан қилы пікірлер мен ұсыныстар, сыни ескертпелер жиі айтылып жүргені жасырын емес. Расында да, осынау құзырлы органдардың кейбір шешуші сәттерде солқылдақтық танытып, жоғарыға жалтақтай беретіні сонадайдан көрініп тұрады.
Осының бәрін зерделеп, ел тағдырына әріден қараған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктің көп бөлігін келешекте Үкімет пен Парламентке тапсыру туралы жасаған мәлімдемесі «сорпа бетіндегілерді» бей-жай қалдырмағаны сөзсіз.
Елбасы жуырда ТМД басшыларымен кездесу барысында: «Енді Қазақстандағы биліктің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке беретін кезең де келе жатыр. Бұған дейін бізде президенттік басқару болды. Президенттік басқару – өте маңызды вертикаль. Бүгінгі таңда елдегі орта таптың экономикалық әл-ауқаты көтерілгенін байқап отырмыз. Алдағы уақытта Үкімет пен Парламентке көсіліп жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек сияқты», – деп, әріптестері арасында ойын ашық білдірді. Сондай-ақ, Президент еліміздегі демократия жайын да кең көлемде сөз еткені белгілі. Ашықтық, жариялылық халықпен етене жұмыс істеуге жетелейтін күш екендігіне басымдық берді. Егер Парламент пен Үкімет лауазым шекпенін жамыла қалған күнде әр жыл сайын халыққа есеп беріп отыруға тиіс екендігі де айтылды. Ең маңыздысы ел бюджеті Парламент төрінде қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ашық талқылануы керектігі сөз орайында нақтыланды.
Жалпы бізді Елбасы айтқан президенттік басқарудан парламенттік басқаруға көшу жолында қандай қиындықтар күтіп тұр? Немесе қандай жетістіктерге иек артпақпыз? Бүгінгі қазақ қоғамы, Парламент пен Үкімет бұл шешімді қабылдауға дайын ба? Билік партиясының Парламенттегі күші қандай болмақ? Мемлекеттік басқару билігі Үкіметтің құзырына берілсе, премьер-министрдің саясаттағы беделі қаншалықты өседі? Жоғарғы сотты реформалау тетігі қалай іске аспақ? Осы тәріздес көптеген сауалдар халық көкейінде жүргені анық. Мысалы үшін, ҚР Парламентінің сенат депутаты Қуаныш Айтаханов:
– Президенттің бұл ойы кешегі сайлауалды бағдарламасында да бар.
Мынаны үнемі есте ұстауға тиіспіз. Бізде, біріншіден, мықты, құқықтық мемлекет қалыптасты. Қарыштап дамып келе жатқан экономикамыз бар. Елде саяси тұрақтылық орнықты. Ауызбіршілік пен ынтымақ жарасым тапты. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрі айқындалды. «Қазақстан – 2050» стратегиясы жасалынды. Оның құрамдас бөлігі – «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» бағдарламалары іске аса бастады. Кешегі «100 нақты қадамның» да жүгі ауыр. Елбасы бұрыннан алдымен экономика, содан кейін саясат деп айтып келеді. Экономикамыз нығайып, мықты мемлекет ретінде халықаралық дәрежеде танылдық. Енді жайлап демократияландыруға қадам басуымыз керек. Ол үшін бұрын президенттік республика болсақ, келешекте президенттік, парламенттік республикаға өтуіміз қажет. Ол үшін біраз билікті Парламент пен Үкіметке беріп, олардың дербес жұмыс істеуіне жағдай туғызу – уақыт талабы. Дамыған елдер осы жолмен жүріп келеді. Біз келешекте дамыған отыз елдің ішіне кіруге ниеттіміз, егер оған кіруге шынымен бет түзесек, бұл саланы да дамытуға тиіспіз. Өйткені бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондай-ақ, келешекте жоғары сотты реформалау керек деп ойлаймын. Мұның барлығы Парламент қабылдаған, Президент бекіткен істерді жүзеге асыру жолында нақты шешімдер шығару үшін берілу керек. Себебі, біз – көп ұлтты елміз. Сондықтан, бұл мәселе бірте-бірте ой безбенге салынып шешілуі тиіс, – деді.
ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбековтің сөзі:
– Біздің бұған көзқарасымыз – оң. Дұрыс шешім болар еді. Кезі келгенде Парламентке, Үкіметке, Президентке тиесілі биліктердің қай жағынан берілетіні зерттеліп айтыла жатар. Алайда Парламенттің күшеюі Үкіметті сынауға да, сын ескертпе жасауға да мүмкіндік туғызары сөзсіз. Мысалы, ұсынылған ұлттық бағдарламалардың уақытында жасалмауы, ақшалардың игерілмеуіне басты кінәлі Үкімет қой. Оларды қадағалау керек емес пе? Оларды жылына бір-ақ рет есеп комитеті ғана тексереді. Бітті. Ал Парламенттің құзырына сондай бір күш берілетін болса, Парламент оларды шақырып алып шаңдарын қағар еді. Түйткілі көп білім төңірегінің жай-күйі, миллиардтаған қаржыға медицина құрылғылары алынбаған, сөйте тұра ақшасы игерілмеген денсаулық саласы сияқты көптеген министрліктер уыстан сытылып шығып кетпес еді. Мұндай сәт туса, биліктің де алға қойған мақсаты кезең-кезеңімен орындалары анық...
Ал саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір:
– Біріншіден, биліктің үш тармағы туралы Конституцияда, конституциялық заңда олардың құқықтары мен міндеттері, басқа да жайттар айқын жазылған. Конституцияның қабылданғанына – биыл жиырма жыл. Парламенттің өкілеттілігін көтеру жөнінде күні бүгінге дейін біраз айтылды. Менің докторлық диссертациямның өзі Парламенттің қалыптасуы туралы болатын. Сонда ұсынысым да бар еді. Меніңше, Нұрекең жиырма бес жылдың қорытындысын қарап, байыптап, парасатты пайыммен саралап, Парламенттің өкілеттілігін көтеретін уақыт келді-ау деп шешкен секілді. Бұл – өте дұрыс шешім! Өйткені қандай да бір мемлекет болмасын оның сипатын, саяси сипатын, мемлекеттілігін танытатын – Парламент. Сол мемлекеттің ұлттық мүддесіне қалай қарайтынын танытатын тағы да Парламент. Сондықтан, Парламентке ондай өкілеттілік беру туралы Президенттің сөз қозғауы оның уақытының жеткенін көрсетіп тұр. Егер бұған қадам жасалса, онда Парламенттің сайлау жүйесін өзгерту қажеттігі туындайды. Негізінде, партиялық жүйемен сайлау өткізу дұрыс емес. Бұл жүйені өзгертпей, Парламенттің өкілеттілігін көтеру мүмкін емес. Сосын, бүгінгі үкіметтің Президенттің тапсырмасымен жұмыс істеп отыруы жеткіліксіз нәрсе. Оларға белсенділік керек. Үкіметтің Конституциядағы көрсетілген өкілеттілігін көтермей, істің алға басуы да неғайбыл, – деген ойын білдірді.
Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірі:
– Қазіргі күнде біздің Үкіметтің қолында билік жеткілікті. Жоғарғы билік, Үкімет, Президент әкімшілігі, «Самрұқ-Қазына»... Бұлардың формальды түрде атаулары әртүрлі болғанымен, ұстанымы бір, жүйесі бір. Енді мына мәлімдемеге келер болсақ, жалпы басқару билігін Үкімет пен Парламентке тапсыру туралы бұрын да айтылған. Сондықтан, әлі ештеңе нақты емес. Егер тиісінше биліктегі басқару тетіктерін әртараптандырамыз десек, басқару потенциалын Үкіметке емес, парламентке ауыстыру керек. Себебі, Парламенттің заң қабылдауда ықпалы бар. Парламенттік билік жүйесіне көшу – қабылданатын шешімдердің жан-жақты болуын қамтамасыз етеді. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде биліктегі басымдылық Парлементтің қолына тапсырылған. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді мемлекеттерде Парламенттің статусы президенттікінен жоғары тұрады. Бұл елдегі маңызды, жауапты шешімдерді қабылдау кезінде жан-жақтылықты қамтамасыз етеді. Мәселеге объективті көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Біздің елдегі басқару осы жүйесін дамыған мемлекеттердегі тәжірибеге көшіру көптеген тиімділік әкелетін еді. Биліктің үшінші тармағы саналатын Сот жүйесі. Сот жүйесі – Билік пен Үкіметке бағынышты. Бұл басты қателіктердің бірі дер едім. Конституциялық нормативтер ұлтаралық шектеу қоймайтыны белгілі. Тек мемлекеттік тілді білуі, белгілі бір мерзімде Қазақстанда тұруы шарт. Ал ұлтына, дініне, т.б. ұстанымдарына шек қойылмаған. Дегенмен, қазақ қоғамы оянып келеді...
* * *
Сайып келгенде, Елбасы мәлімдемесі көп жәйттің басын ашқаны даусыз. Парламент пен Үкімет қызметіне басымдық берілсе, талай дүниенің өзгеріске түсетіні де анық. Дамыған елдер осынау бағыттар арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын да жақсы білеміз.
Дегенмен, бәріне уақыт төреші.
Сейілбек АСАНОВ
"Қазақ үні" газеті