ҚР Сириядағы экс-консулының із-түссіз жоғалуы Сыртқы істерде шикілік барын айғақтайды
2015 ж. 22 маусым
2465
0
Қазақстанның Сириядағы экс-консулы, сыртқы істер министрлігі алдында наразылық танытпақшы болған Бабыр Дәуренбекпен байланыс үзілді.
Бұған дейін Сириядағы саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Дамаскіден Иордания астанасы Амманға көшірілген консул «елшімен жараспай» мамырдың басында Астанаға ротациямен кері шақырылғанын айтқан.
Өзін «елшінің араласуымен Сыртқы істер министрлігі қызметінен заңсыз кетіріп жатыр» деген Бабыр Дәуренбек өткен аптада Қазақстанға келген.
Азаттыққа берген сұхбатында экс-консул министрлікке тиісті құжаттарын өткізіп жатқанын, министрлік өзінің бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы талабына қатысты әлі жауап бермегенін айтқан.
Бабыр Дәуренбек бүгін таңертең СІМ алдында өз талаптарына қатысты наразылық танытпақ болған. Бірақ кеше Radiotochka.kz интернет ресурсы оның Facebook парақшасында 21 маусым күні кешке өзін бір топ жас жігіттің «ұрып-соғып, жарақаттап кеткенін» жазғанын хабарлаған. Бірақ оның Facebook-тегі парақшасындағы барлық жазбасы өшірілген.
Бабыр Дәуренбектің байланыс телефондары өшіп, қазір қайда екенін білу мүмкін болмай тұр.
Азаттық Бабыр Дәуренбекке қатысты түсінік беруді сұрап СІМ-ге хабарласқан. Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Дәуренбектің қайда екенінен, акция өткізген, я өткізбегенінен бейхабар екенін айттты.
СІМ өкілі Дәуренбектің талабына қатысты оның «министрліктің жоспарлы ротациясымен кері шақырылғанын» қайталап айтты.
Источник: Азаттық