Депутатқа жала жапқан министр тергеуге жауап береді
2015 ж. 22 маусым
3237
18
Азат Перуашевтің арызы бойынша Аслан Сәрінжіповты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Білім және ғылым министрінің сотта кездесетін сәті алыс емес сияқты. Ішкі істер министрлігі халық қалаулысының Аслан Сәрінжіповтің үстінен жазған арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Бұл туралы министрліктің мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Астана арнасына берген сұхбатында хабарлады.
Депутаттың арызы Қылмыстық кодекстің 376-бабы бойынша тіркелген.
«Қылмыстық әрекеттер туралы өтініштер мен хабарламаларды қабылдау және тіркеу тәртібі бар. Осы тәртіпке сай депутат Азат Перуашевтің өтініші алтынша маусым күні тіркелді. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», — дейді ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев.
Естеріңізге сала кетсек, парламент депутаты Азат Перуашев пен «бас ұстаздың» арасындағы кикілжің мамыр айының соңында мәжіліс қабырғасынан басталды.
Биылдан бастап жоғары оқу орындарын аттестациялаудан өткізу тоқтатылып, оның орнына тәуелсіз аккредитациялау енгізілуі тиіс болатын. Бірақ Сәрінжіпов басқаратын министрлік мұны дер кезінде орындай алмай, заңға өзгеріс енгізуді сұрады.
Осыны сынға алған Азат Перуашев «заңды өзгерткенше, министрді отставкаға жіберу керек» деп салған. Алайда Аслан Сәрінжіпов жауабын көп күттірген жоқ. Депутатты жоғарғы оқу орындарының шашбауын көтеріп отыр деп айыптады.
Дегенмен депутат Перуашев министрді кешіруге де әзір. Ол: «Егер Аслан Сәрінжіпов ресми түрде кешірім сұраса, арызымды қайтарып алуға дайынмын», — деп отыр.
Источник: Астана телеарнасы