Халықаралық қауіпсіздігіміз қай деңгейде?
2015 ж. 16 маусым
5226
0
Қазіргі таңда Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кез келген мемлекет қызметінің және ғылыми зерттеулердің бірден бір маңызды мәселесі болып табылады. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету адамзат баласы тарихымен қатар келе жатқан мәселелердің бірі. Ол тек XX ғасырдың басында дүниежүзілік соғыс туындауының нақты қауіп-қатеріне байланысты осындай ерекше атауға ие болды. Осы кезден бастап халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету соғысты болдырмау түсінігімен бара-бар келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін осы мәселені жүзеге асыру мақсатында Ұлттар Лигасы құрылды.
Дегенмен, соғысты болдырмау бағытында жасалған мұндай іс-тәжірибелік қадам мәселені шеше алған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін «қырғи-қабақ соғыс» көрініс тапты. Енді осы кезден бастап қазіргі жағдайда халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету соғысты болдырмау және қарусыздандыру түсінігімен кеңейтілген түрде қолданылып келеді. Мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі – өзінің өткені мен бүгіні, қызметі мен заңдылығы бар тұрақты дамудағы біртұтас үдеріс. Мемлекет өзінің сонау пайда болуынан бастап егеменділігін, яғни біріншіден, сыртқы қысымды болдырмаумен түсіндірілетін ұлттық қауіпсіздігін сақтап қалудың қамын ойластырған. Қазіргі таңда бұл ұғым ішкі тұрақсыздық қаупімен байланысты мәселелерді қарастырады. Сондай-ақ қоғамдық-саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты ел бұрынғыдай ішкі және сыртқы аумағындағы қызметін ғана қамтамасыз етіп қоймай, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселесіне де зор мән беруін уақыт талабы көрсетіп отыр. Бұрын іштей тұрақты мемлекет халықаралық аренада сенімді позицияны иеленген болса, қазір, бір жағынан, халықаралық фактор кез келген сыртқы қысымдылықты көрсетпесе де іштей тұрақты мемлекетке түбегейлі әсер ете алады. Одан соң, халықаралық сала мемлекеттің қандай да бір басқа амалдардың себептерімен жете алмай жүрген ішкі қауіпсіздігінің күшті факторы болуы да мүмкін. Ресей зерттеушісі Т.В.Юрьев көрсеткендей, «мемлекеттердің ұлттық мүдделерінің келісу жолдарының көрінісі – аймақтық, халықаралық, жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамаларының мәні, дегенмен тек мемлекеттердің ұлттық мүдделерінің келісуімен бұл мәселелер шешіліп қоймайды. Мемлекеттердің ұлттық мүдделерінің сәйкес келуі тағы да келісу жолдары туралы белгілі тұжырымдамалармен басқарылатын және өздерінің топтық мүдделерін өзара, сонымен қатар, үшінші мемлекеттермен де талап ететін әртүрлі аймақтық және халықаралық одақтарды туғызады». Халықаралық қауіпсіздік сөзінің мәнін ашу үшін «соғыс» және «бейбітшілік» терминдері қолданылып келген. «Қауіпсіздік» терминінің соғысты болдырмау – халықаралық мәнге ие болуы Ұлттар Лигасының құжаттарында қолданылған. Мұнда қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бейбітшілік немесе соғыстың болмауы сияқты дәстүрлі түсініктермен қарастырылған. Бұл міндет Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барынша маңызды мәнге ие бола бастады. Жалпы, қазіргі халықаралық қауіпсіздік түсінігі БҰҰ-ның құрылуымен қалыптасқан. Бұл ұйымның Жарғыcының бірінші бабында оның ең басты міндеті нақтыланған: «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұстап тұру және осы мақсатпен әлемге қауіптерді болдырмау мен жоқ қылу үшін тиімді ұжымдық шараларды қолдану және қысым актілерін немесе әлемді бұзатын басқа да іс-әрекеттерді басу, әлемді бұзуға алып келетін халықаралық талас пен жағдайларды шешу немесе реттеу, әділдік пен халықаралық құқық принциптеріне сәйкес бейбітшілік амалдарды жүргізу».
Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің шынайы мүмкіндігі әлемді үдемелі өзгертудің, бәрінін бұрын фашизмнің күйретуінің нәтижесінен туындаған. Үлкен мәнге бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті ұстап тұру мақсатында құрылған, нығайтылған және кеңейтілген БҰҰ ие болды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі – халықаралық әлемді және қауіпсіздікті ұстап тұруға жауапты ең басты орган. Халықаралық қауіпсіздік соғысты болдырмау түсінігімен шектеліп қана қоймай, әлемді қырып-жоюдың бірден-бір қатал түрі «қырғи-қабақ соғыстың» жалғас табуы – бұл мәселені ода әрі қиындатып жіберді. «Қырғи-қабақ соғыстың» салдары халықаралық қатынастар жүйесіне айтарлықтар өзгерістер әкелді. Сонымен қатар, мемлекетшілік және аймақтық дау-жанжал, қылмыс пен ланкестік транснационализациясы, мемлекеттер арасындағы бұрын соңды болмаған экономикалық байланыстардың өсуі, миграция ағымының едәуір өсуі – мемлекеттер арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті ұстауды білдіретін дәстүрлі «халықаралық қауіпсіздік» тұжырымдамасын қайта қарауды талап етті. «Халықаралық қауіпсіздік» термині тікелей мағынада қауіпсіздік немесе қатердің жоқ болуын, ең бастысы, физикалық қырып-жоюға алып келетін ұлттар, мемлекеттер арасындағы әскери сипаттың болмауын білдіреді. Ресей зерттеушісі Н.А.Косолапов көрсеткендей, «қырғи-қабақ соғыс кезінде халықаралық қауіпсіздік олардың толық егеменділігін, саяси және экономикалық тәуелсіздігін, саяси-әскери басып алу мен қысым көрсетуге тойтарыс беру мүмкіндіктерін, олардың басқа мемлекеттермен тең құқықты қарым-қатынастарын қамтамасыз етуде мемлекеттің өмір сүруіне және жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасайтын халықаралық қатынастар жағдайымен» бара-бар келген. Жақында шыққан сөздіктердің бірінде халықаралық қауіпсіздік «мемлекеттердің тіршілік әрекетін, ынтымақтастығын, өзара әсер етуін, олардың одақтарын, бірлестіктерін және әлемдік қауымдастықтарды тұтастай түрлі қауіптерден олардың өмірлік қажетті мүдделерін кепілді қорғау жағдайында қамтамасыз ететін халықаралық қатынастардың жағдайы. Сонымен қатар, халықаралық қауіпсіздік абайсыз және қасақана жасалған экологиялық апаттардан, сондай-ақ ланкестік актілерден сақтап қалудың шаралар жүйесін қамтиды» деп қарастырылған. Сонымен бірге, «халықаралық қауіпсіздік» терминінің қазіргі мазмұны мемлекетаралық әрекеттестік шеңберінен шығып, әскеримен бірдей көптеген жаңа аспектілерді қамтиды.
Халықаралық қатынастар теориясында «халықаралық қауіпсіздік» «ұжымдық қауіпсіздік», сонымен қатар «жалпы», «дүниежүзілік», «жаһандық» және «жалпы көлемдік» қауіпсіздік тұжырымдамаларымен қаланып келген. Халықаралық қауіпсіздіктің әскери, саяси, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, ақпараттық және индивидтік сияқты түрлі аспектілері көптеген ғылыми зерттеулердің талдау объектілеріне айналып отыр. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету халықаралық акторлардың (нақты бір істі жүзеге асыратын қоғамдық топ, институттар) белгілі іс-әрекеттерін, немесе саяси процесс ретінде қатысып, «бейбітшіліктің тиімді кепілдігін құруға әсер ететін саясат» ретінде сипатталуын білдіреді. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясаты «халықаралық қатынастар» шеңберінде қоғамдық әрекеттестік пен территориялық құрылымдар шеңберіне кірмейтін қоғамдық қарым-қатынастардың ерекше түрін» білдіреді. Сәйкесінше, мұндай қарым- қатынастардың негізгі қатысушылары ретінде халықаралық қатынас және қауіпсіздік жағдайына маңызды әсер етуге қабілетті мемлекет, халықаралық үкіметтік, үкіметтік емес және трансұлттық ұйымдар, жеке аймақтар, сонымен қатар, кейбір қоғамдық-саяси партиялар мен ұйымдар қатыса алады. Халықаралық қауіпсіздік зерттеуінің жеткілікті ұзақ тарихына қарамастан халықаралық қатынастар теориясында не қауіпсіздік анықтамасына, не оны қамтамасыз ету амалдарына бірыңғай әдіс өңделмеген. Халықаралық қатынастар ғылымының түрлі теориялық бағыттары мен мектептері бұл құбылыстың баламалық, сондай-ақ қарама-қарсылық түсіндірмесін ұсынады.
Халықаралық қауіпсіздік теориясының ақиқаттығын айқындау – бұл тек ғылыми міндеттің шешімі емес. Мемлекеттердің, мемлекеттік емес қатысушылардың көшбасшылары және қоғамы сонда болып жатқан үрдістерді қауіпсіздік саласын қалай қабылдаса, соған байланысты осы салада да өзіндік іс-әрекетін көрсетеді. Сол сияқты халықаралық қауіпсіздік саласын түрлі қырынан қарастыратын бірнеше негізгі теориялық мектептер бар. Олар: «шынайы саясатшылар (реалполитики)», «либералды саясатшылар (либералполитики)» және «демократиялық әлем» теориясының мектептері. «Шынайы саясатшылар (реалполитики)» мектебінің өкілдері Фукидид, Макиавелли, Гоббс еңбектері негізінде, сонымен қатар Ратцель, Маккиндер, Спайкман, Г.Моргентау, К.Уолтц және т.б.
Бұл мектептің түсіндіруінше, халықаралық қауіпсіздік формуласы «Қолыңнан келсе, бәрін басқару» ережесімен сипатталады. «Шынайы саясатшылар» халықаралық қатынастардың негізі «жоғары саясаттың» саласы болып күш, ең алдымен әскери категорияны білдіретін мемлекет мүддесі, соғыс пен бейбітшілік мәселесі табылады деп көрсетеді.
Принцип бойынша бұл «нөлдік нәтиже ойынын» – бір жақтың жеңісі басқа жақтың жеңілісіне тең екендігін білдіреді. «Либералды саясатшылар (либералполитики)» мектебі. Бұл мектептің мәні жаһандану процесінде әлемдік әрекеттестіктің өсуі халықаралық қауіпсіздік саласынының логикасын да ауыстыруға алып келгендігінде жатыр. Ең алдымен бұл мектеп Джозеф Най мен Роберт Кохэннің еңбектерімен сипатталады. Сонымен қатар мемлекетүстілік институттар желісі – үкіметаралық және қоғамдық халықаралық ұйымдар, тәртіптер дамуда. Бұған трансұлттық өндірістер, сауда-саттық, қаржы, технологиялық, миграциялық ағымдардың идентификациясының нәтижесінде тез экономикалық өзара әрекеттестіктің күшеюі әсер етуде.
Халықаралық қауіпсіздік саласына теориялық соңғы үлес қосқандардың қатарына Самуэл Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» тұжырымдамасын жатқызуға болады. Мұның мәні қысқаша айтқанда мынада жатыр: мемлекет-ұлт арасындағы дау-жанжалдардың орнына дін, ортақ тарих, этникалықтық, мо- ральды құндылықтар, өмір сүру тәсілі сияқты туыстық мәдени сипаттамаларға ие мемлекеттер мен халық топтарын анықтайтын өркениеттер арасындағы дау-жанжалдар келеді. Хантингтон қазіргі өркениеттің жеті немесе сегіз түрін сөз қылады. Олар: батыстық, конфуциандық, жапондық, исламдық, үнділік, славян-прославтық, латын американдық және «мүмкін африкандық» өркениеттер. Көптеген ғалымдар өркениеттік ерекшеліктер мемлекеттердің және мемлекет- тер тобының халықаралық мінез-құлықтарына әсер етеді, бірақ олар ең басты анықтаушылар болып табылмайды деп санайды. Осылай қай мектеп бағытын алып қарастырсақ та, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір акторға тиесілі екенін көруге болады. Кез-келген мемлекеттің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі зор. Барлық акторлар халықаралық қауіпсіздіктің негізгі принциптерін сақтап, яғни күштер немесе күш қатерлерін қолданбау, халықаралық келіспеушіліктерді бейбіт амалдармен шешу, елдер арасында әріптестік қарым-қатынастарды және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, халықтардың тепе-теңдігі мен таңдауларын сыйлау, қысым актілерін шектеу мен оларды болдырмауға ұжымдық шараларды қолдана отырып, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз. Менің ойымша, ұжымдық қауіпсіз өмір әрбір мемлекеттің бейбітшілігі мен гүлденуінің бірден-бір кепілі деп саналады.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті