Мәжіліс төрағасы бюджеттің бей-берекет жұмсала беретінін ашық айтты
2015 ж. 03 маусым
2237
1
3 маусымда парламент мәжілісінің жалпы отырысынан “қашамын” деген министрлер мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповтың көзіне түсіп қалды деп хабарлады BNews.kz.
Отырыста үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің “2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы” қорытынды есебі қаралып жатыр. Бұл ауқымды мәселенің талқылауы бір сағаттан астам уақыт жалғасуда және депутаттардың сауалына жауап беру үшін премьер-министрлердің орынбасарлары, министрліктер кабинетінің барлық өкілі дерлік қатысып отыр.
Отырыс барысында депутат Өксікбаевтың сұрағына Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жауап берген соң, мәжіліс төрағасы шенеуніктерге қатаң ескерту айтты.
“Өксікбаев сіздің жауабыңызға қанағаттанды ма, жоқ па білмеймін, бірақ, жауабыңызға мына менің көңілім толған жоқ. Қарап отырсам, отырысқа кіріп-шығып жатырсыздар. Мүмкін мына мәселені бүгінгі күн тәртібінен алып тастап, сіздерді жөндеріңізге жіберген дұрыс шығар?! Қарап тұрсам, Досаев бір жаққа жоғалып кетті, енді біреу тағы шығып жатыр. Мүмкін, премьер-министр Мәсімовтің басшылығымен басқа күнге жинау керек шығар сіздерді?”, – деді мәжіліс төрағасы осындай маңызды мәселені талқылауға жауапсыздық танытқан министрлерге ашуланып.
“Жұмысқа деген мына көзқарастарыңыз не өзі? Жыл сайын алдымыздан шығатын осы бір мәселе, бюджеттің орындалмауын жөнге салатын кез болды ғой. Бұлай істеуге болмайды. Бюджет емес, түсініксіз бірдеңе. Кейбір министрлерді, кейбір ұлттық компаниялардан сұрау керек бұның есебін. Осындай қаражат кейбір Орталық Азияның түгел мемлекеттік бюджетін құрайтын шығар. 382 млрд теңгені анда, тағы пәленбай млн теңгені мында жұмсадық деп жайбарақат отыра бересіздер. Осымен есеп бердік деп отыра бересіздер. Бұлай жұмыс істеуге болмайды”, – дейді Жақыпов.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас