Қазақ елінің көпвекторлы ұстанымы кімге тиімді?
2015 ж. 02 маусым
5348
0
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдікті сақтауға ұмтылысымен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Биыл қыста қабылданған «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осылай дейді.
Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16-желтоқсаннан бастап демократиялық даму жолын таңдайтындығын жалпы әлемге жария етіп, еліміздің өзіндік сыртқы саясатын қалыптастыра бастады. Еуразия кеңістігінде алып аумақты алып жатқан еліміз сыртқы саяси басымдықтарын айқындауда, орналасқан аумағының географиялық саяси жағдайынан шыға отырып көпвекторлы бағыт ұстанды. Ол турасында дипломат, қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаев: «1991 жылғы желтоқсан – 1993 жыл аралығында Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы қалыптасты» деп атап өткен-ді. Әлемдік саяси теорияда көпвекторлы сыртқы саясат демократиялық мемлекеттерге тән. Демократиялық мемлекеттің сыртқы саясаты өзге елдердің ішкі ісіне араласпау, олардың территориялық біртұтастығын құрметтеу, өзге елдермен тең дәрежелі қарым-қатынастарға түсу, өз ұстанымдарын өзге елдерге таңбау, өзге елдердің саяси тәртібі мен экономикалық жүйесін және этникалық, діни құндылықтарын құрметтеу ұстанымдарына негізделетіні көпшілікке мәлім. Өзінің сыртқы саясатында осы ұстанымдарды басшылыққа алған кез келген мемлекет әлемдегі барлық елдермен, оларда үстемдік құрып отырған билік тәртібіне қарамастан, тату-тәтті қарым-қатынас орнатады. Ал бұл – әлемдегі тепе-теңдікті сақтаудағы басты талап.
Жалпы, Қазақстан халықаралық аренада өзінің тарихи, геосаяси және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған ең алғашқы күндерінен бастап, әлемдегі жаңа саяси жағдайға икемді сыртқы саяси тұжырымдамасын жазып шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік. Сондай-ақ, Қазақстанның болашақтағы сыртқы саясаттағы басымдықтары өзгеріссіз қала береді. Олар негізінен Ресей, Қытай, Орталық Азия, АҚШ, ЕуроОдақ, Азия елдері» деп еді.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының қатарын ұлттық қауіпсіздік, егемендік пен территориямыздың тұтастығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің геосаяси ерекшеліктерін, жер байлығы мен экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және тағы да басқа өзекті мәселелер толықтырады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты XXI ғасырдағы барлық қауіп-қатерлерге төтеп беретін және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге арналған икемді саясаттың бірі болып отыр. Әлемдік қауымдастық елдерімен толық ықпалдастықты жүзеге асыруының нәтижесінде Қазақстанның болашағы Еуропада да, Батыста да, Азия мен Шығыста да көрініс тауып отыр. Қазақстан Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайды қайта қалпына келтіруіне, Батыстың халықаралық лаңкестікпен күрес жүргізуіне, Батыс пен Ислам әлемінің арасындағы сұхбаттастықтың жүзеге асырылуына өзіндік үлес қосып келе жатқан аз мемлекеттің бірі.
Қазақстан әлемнің жетекші елдерімен, әсіресе, іргелес жатқан мемлекеттермен екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық қатынастарын нығайту саясатына үлкен назар аударады. Жиырма жылдан сәл-ақ астам уақыт аралығында Қазақстан Республикасы дүниежүзінің 138 мемлекетімен тең дәрежедегі дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Әлемнің түрлі елдерінде 71-ге тарта қазақстандық елшіліктер мен консулдық өкілдіктер жұмыс істеп жатыр. Оның 49-ы елшілік, 19-ы консулдық мекемелер, 1-і елшіліктің бөлімшесі, 2-і халықаралық ұйымдардағы өкілдіктер болып табылады.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында оның әлемдегі интеграциялық үрдістерге қатысуы басты басымдықтардың бірі болып отыр. Қазақстан өз тарапынан ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК ұйымдарының шеңберіндегі интеграциялық бастамаларға толықтай қолдау көрсетеді. Мысалы үшін ҰҚШҰ аясында аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесі қалыптасса, ал ШЫҰ шеңберінде аймақтық қауіпсіздікті нығайту мақсатындағы кең көлемді іс-шаралар жүргізілді. Ал алғашқы кезеңде ұсынылған Еуразия Одағы туралы идея бүгінгі таңдағы көптеген көкейкесті саяси мәселелерді шешуде зор құрал болды.
2010 жылы Қазақстанның бұрынғы посткеңестік елдердің арасында алғашқылардың бірі болып ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы ерекше уақиғаға айналды. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған. Қ. Тоқаевтың жазуы бойынша, көпвекторлық саясат дегеніміз – «белгілі бір серіктес мемлекеттің сыртқы саясатына тәуелді болудан, аймақтағы жағдайдың шиеленісуінен, әлемдік нарық коньюктурасының құбылмалы болуынан сақтайтын бағыттардың бірі». Іс жүзінде көпвекторлы саясат қоршаған сыртқы ортаның қолайлы болуына, әсіресе көрші орналасқан мемлекеттермен, ТМД елдерімен, сондай-ақ қазіргі әлемнің жетекші саяси-экономикалық орталықтарымен тұрақты және достық қарым-қатынастарды дамытуға зор мүмкіндік береді.
Ал «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» Қазақстанның халықаралық қатынастардағы негізгі даму бағыттары анықталып, олардың қатары төмендегі мәселелермен толықтырылды:
– бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;
– орнықты ұстанымдарды қамтамасыз ету және әлемдік қоғамдастықта мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыру;
– Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) орталық және үйлестіруші рөлі арқылы әділ әрі демократиялық әлемдік тәртіпті орнату;
– өңірлік және халықаралық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне одан әрі интеграциялану;
– 2050 Стратегиясын ойдағыдай іске асыру, халықтың жоғары тұрмыс деңгейіне қол жеткізу, көпұлтты қоғамның, құқықтық мемлекеттің және демократиялық институттардың бірлігін нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау;
– ұлттық экономиканы әртараптандыру, индустриялық-технологиялық дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
– елдің «жасыл» даму жолына біртіндеп көшуі және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру;
– ұлттық-мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау және мемлекетті одан әрі дамытудың өзіндік жолымен жүру;
– шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, олардың жеке, отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау;
– шет елдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсету.
* * *
Жалпы, 2010 жылы Астана Мәскеу бастаған Кеден одағына қосылғаны мәлім. Бұл ұйым 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) айналды. Биыл қыста қабылдаған «Қазақстан үкіметінің сыртқы саясатының тұжырымдамасында» ЕАЭО «басым бағыттардың бірі» ретінде көрсетілген. Украинамен жанжалдасып, Батыс тауарларына санкция жариялап, НАТО-ға қыр көрсетіп, «халықаралық әуе кеңістігі заңдарын бұзды» деп айыптала бастаған Ресеймен бір одаққа кіргелі отырған Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы болып қала ала ма деген сұрақтың ортаға шығары сөзсіз еді.
Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатында 2000 жылдардың бас кезінен бастап Ресей, АҚШ және Қытай үштігіне ерекше мән берілген. Астана Мәскеу мен Пекинге ерекше жақындап кетті. Ол: «2005 жылдардан бастап АҚШ-тың үлесі едәуір азайып, оның орнын кредит беру, энергетикалық жобаларға қатысуы арқылы Қытай басты. Мысал үшін Қашаған кен орнын игеруші мұнай компанияларының үлесін сатып алуға «Үндістан Қазақстанға әлдеқайда тиімді ұсыныс жасағанына қарамастан» Қазақстан Қытай компаниясын таңдады» дейді.
«Қазақстанға Қытайдың да ықпалы күшейеді» деп қауіптенетіндер елдің мұнай-газ секторындағы Қытай компанияларының жалпы үлесі күрт артқанын және Бейжіңнің Астанаға ондаған миллиард доллар несие бергенін уәж етеді. 2014 жылдың желтоқсан айында Астанада Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен ҚХР премьері Ли Кэцян жалпы құны 14 миллиард долларлық үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойды. Сарапшылар Қытаймен арадағы экономикалық интеграциясына қарамастан сыртқы саяси мәселелерге келгенде Қазақстанның көпвекторлы бағыт ұстау мүмкіндігі күрт шектелетінін ескертеді.
Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Ресеймен арадағы интеграциялық құрылымдар Астананы Мәскеуге тәуелді ете түседі. Сарапшы Украинамен арадағы жанжалға байланысты Қазақстанның өз позициясын айқын білдіре алмағанын мысал етеді. Украинаға қатысты Ресей халықаралық келісімдердің барлығын өрескел бұзып отыр. Оның айтуынша, сол себепті, Астана көпвекторлы саясатына қайта оралып, Ресейдің ықпалын азайтуға тырысуы қажет.
Астана әлі де жан-жақты сыртқы саясат ұстануға қабілетті деп санайтындар да бар. Ол Кеден одағы құрылардан бастап Қазақстанның Ресейге жақындай түскеніне, ал Еуразия экономикалық одағы келісімінде «сыртқы саясатты келісе отырып жүргізу» мәселесі қарастырылғанына назар аудартады. Қазбек Бейсебаев Ресей-Украина жанжалында Қазақстан Қырым мәселесіне қатысты аймақты Ресейдің бір бөлігі деп тануға асықпай, керісінше, бейтараптылығын сақтап қалды деп санайды. Бірақ болашақта Астананың Еуропа Одағы мен Ресейдің арасында мұндай бейтарап позиция ұстануы қиынға соғуы мүмкін. Қазақстан 2008 жылы қабылдаған «Еуропаға жол» бағдарламасы қазір ұмытыла бастады. «2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» бағдарламасы» сайлау, саяси партиялар, БАҚ, мемлекеттік кызмет, сот жүйесі және т.б. салалар бойынша заңдарды еуропалық тәжірибе негізінде жетілдіруі қажет болатын. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен соң бұл бағдарлама күн тәртібінен түсіп қалғандай әсер қалдырды. Бірақ биыл Брюссельде Қазақстанға ұсынылған ЕО-мен әріптестік туралы келісім мен Чехия, Швейцария мен Франция сияқты бірнеше ЕО елдері басшыларының Астанаға сапар шегуі соңғы жылдары сиреңкіреп кеткен саяси-экономикалық диалогтарды қайта жандандырғандай болып көрінді. Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Франция президенті Франсуа Олландтың желтоқсанда әуелі Астанаға ресми сапармен келіп, қайтар жолында алдын-ала жоспарланбаған түрде Мәскеуге соға кетуі Қазақстанның халықаралық аренада көпвекторлы саясатын жалғастырып отырғанының бір белгісі. – Қазақстанның көпвекторлы қазіргі ұстанымы Ресейге де тиімді. Өйткені, Ресейдің Қазақстан арқылы Батыспен диалог құруға мүмкіндігі бар екенін Олланд сапары көрсетті. Қазақстан осы жолды әрі қарай да тиімді пайдалануы керек, – дейді ол.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті