Әлі күнге дейін, қазақ азаматы ғарышқа самғап ұшқан жоқ. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров КСРО азаматы ретінде орбитаға шықты. 1994 жылы Талғат Мұсабаев Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшты. Мүмкін, тағы бір ұлты қазақ Ресей азаматы, Мұхтар Аймаханов, ғарышкер деген құрметті атаққа қол жеткізер. Әлемдегі ең үлкен Байқоңыр космодромы біздің меншігіміздегі кешен. Ресейдегі шығарылатын зымырандары, жер серіктері және тағы басқа аэронавтикалық қондырғылары көбінесе қазақ шикізатының көмегімен жарық көруде. Сондықтан, ғарышқа бірнеше космонавтарымызды аттандыруға толық құқығымыз бар. Алайда, бүгінде космоста самғайтын қазақ азаматын қаламайды. Өйткені, төл ғарышкер түгілі түгілі, ата-бабаларымыздың да, мысалы Абай мен Шоқан Уәліхановтың жарқын бейнелері неліктен теңге купюралардан алынып тасталған?!
Қазақ жандаралы Тоқтар Әубәкіров шетел азаматтығына өткен Мұхтар Аймахановты ақтап тұр: «Какая разница, гражданином какого государства является человек, летящий в космос? Гордиться мы должны — пусть космонавт российский, но он — казах, наш соотечественник. Пусть работает во имя науки в России, а мы должны гордиться тем, что делегировали его туда. Из этих позиций надо было исходить». Жеңілтек әнші немесе шошақай спортшы ырду-дырду мақсатымен шетел төлқұжатын иеленсе, бір жөн. Алайда, мемлекет құпияларын білетін, салық төлеушілеріміздің арқасында қымбат дайындығын тәмамдаған үміткер-ғарышкерімізді неге Ресейге тегін бере салдық?! Ресейде сөз жүзінде дін мемлекеттен аласталған. Бірақ, іс жүзінде православие орыстың кез келген маңызды шаруасына бас салуда. Енді, М. Аймаханов жауапты тапсырмаларды орындаудың алдында кірес, иконаны сүюге мәжбүр болады, поптың батасын алады. Кейбір тоғышар қандастарымыз мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне енжарлықпен қарауда: "Какая разница, на каком языке говорить?" Дегенмен, мемлекет қамқорлығының рақатын көрген Т. Әубәкіров сияқты азаматының тарапынан бұндай шегіншек сөзді естудің өзі - ұят.
Ғарыш саласындағы Кеңес Одағының пасық әдеті болған. Қазақ, армян немесе тәжікті Байқоңырдың маңайына да жолатпады. Ал, сириялық, монгол немесе Шығыс Германияның азаматтарын қошаметтеп, ғарышқа аттандырды. Қазіргі Ресей басшылары бұрынғы алалаушылығынан қайтпайды. Биыл, 26 наурызда сыртқы істер министрі Сергей Лавров былай деді: "Мы получили просьбу относительно возможности направления гватемальского космонавта в центр подготовки, который действует в РФ. Разумеется, будем эту просьбу рассматривать, она адресована нашему космическому агентству, которое изучит это обращение вместе с другими странами-участницами проекта Международной космической станции". Мен не деймін, домбырам не дейді. Адамды ғарышқа жіберуіне ешбір қатынасы жоқ Гватемаланы құшақ жая қарсы алады ресейліктер, ал ғаламат космодромына иелік еткен қазақтарды шетқақпайлайды.
Тағы айта кетерлік жәйт, бүгінгі таңда біздің күрделі әскери техниканың барлығы Ресейдің қадағалауында. Мысалы, Ресейдің біріккен әуе қорғанысының бөлігі деп саналатын қазақ әуе күштері Мәскеудің рұқсаты болмаса, Қазақстан үстінен ұшқан ешбір бөтен елдің ұшағын жоя алмайды. Ал, Мәскеу біздің Ресейде жасалған әскери ұшақтар мен әуе қорғаныс зымырандарымызды дистанциондық басқару арқылы оп-оңай өшіре алады. Қазақстан сияқты бай мемлекетке осындай тәуелді, бағынышты жағдай мүлдем жараспайды. Таяуда, Ресейдің Иркутск (Үркіт) қаласында жасалған төрт бірдей су жаңа Су-30 СМ жойғыш ұшақтарын сатып алдық. Мені зымиян астары бар осы сауданың жайы үркітіп тұр. Қытай, Түркия мен Үндістан тәріздес белді мемлекеттер бөтен мемлекетте толығымен өндірілген әскери ұшақтарын сатып алмайды. Керісінше, осындай өнідірістің лицензиясын сатып алып, отандық инженерлер мен жұмысшыларын ұшақ жасау әрекеттеріне жұмсайды. Себебі, күрделі техниканың өндіріс процесін қадағаламасаңыз, онда шетел тыңшылары сіздің ұшақтарыңызға неше түрлі шпиондық құралдарын орнатпақ.
Есіңізде шығар, 1982 жылы Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы Фолкленд (Мальвин) соғысы орын алған. Оның басында, аргентиналықтар француз зымырандарын пайдаланып, бірнеше британиялық әскери кемелерді қиратты. Сонда, Лондон Париждегі әріптестерінен осы зымырандардың құпиялы кодтарын өтінді. Әрине, француздар ақырында ағылшын әріптестернің өтінішін қанағаттандырды. Нәтижесінде, ағылшын әскерилері
аргентиналықтардың француз зымырандарын дистанциондық тәсілімен өшіріп тастады. 2010 жылы,Ресейдің саясатын қатты сынға алған Польша президенті Лех Качиньский де Ресейде күрделі жөндеуден өткен Ту-154
ұшағына мініп, қаза тапты. Кім біледі, әуе апаттың нақты себебі ұшқыштардың қателігі ме, әлде кесірлі жөндеудің салдары ма? Қырғызстан деген әлжуаздау көршіміз бар. Онымен толыққанды соғысқанымызды елестете алмаймын. Күшті Қытайдың шабуылдау тәсілдері көбінесе экономикалық қысымымен шектеледі. Кең көлемдегі соғысқа әлеуметтік қиыншылықтардың батпағына белшесінен батқан Өзбекстанның шамасы келмейді. Сондықтан, бейбіт өмірімізге негізгі қауіп Ресейдің тарапынан төнуі әбден мүмкін. Молдовамен, Шешенстанмен, Грузиямен Украинамен соғысқан Ресей армиясы солтүстік Қазақстанды жаулап алмауына кім кепіл? Әуе кеңістігіміз Мәскеудің бақылауында. Демек, зеңбірек пен автомат тәріздес осалдау қару-жарақтарымызбен ғана еркін түрде қорғана аламыз. Оған қоса, Ресейден келген әскери техниканың көбі - орыстың қолданыстан алынып тасталған, тозған бұйымдары. Таяуда, орыстар бірнеше С-300 әуе қорғаныс батареяларын алып тастап, жаңа С-400 әуе қорғаныс батареяларын іске қосты. Орекеңдер ескірген техниканың бір бөлігін Беларуське тегін сыйлады, қалғаның Қазақстанға сатып жіберді. Ресеймен бұндай тиімсіз, әділетсіз қарым-қатынастар біздің биліктің намысына тимей ме? Соны түсінбедім.
Данияр НАУРЫЗ
Abai kz
ҒАРЫШҚА ҚАЗАҚ ҰШҚАН ЖОҚ...
2015 ж. 22 сәуір
5257
3