Ресей ортақ валюта шығарып, жеке-дара саясат жүргізгісі келеді...

орт 1. Ортақ валюта туралы алып-қашпа сөз аяқасты шыға салған жоқ. Он бесінші ғасырларда оларда осындай валюталар болған. 1650 жылдары бір алтын Новгородтың – үш, Мәскеудің алты деньгасына (теңге) тең келетін. Орыстар бұл сөздің этимологиясын да өзіміздің сол «алты» немесе «алтын» деген сөздерден шығарады. Бұл іргелес мемлекеттің тарихында «татарлардың» дүрілдеп тұрған тұсы болатын. Империяның қазіргі «орыстық-православтық» бейнесі де әлі қалыптаса қоймаған. Ресейде 1654 жылы алғаш рет «алтынник» деген жазуы бар мыс монета шығарылып, 1704 жылдары тағы бір күміс «алтын» айналымға енеді. Былай қарасаң, бұлар ақша саясатында да сол баяғы Ордалықтардың дайын дүниесін арықарай дамыта салған екен. «Деньганың» да арғы тегі өзіміздің теңгеден тарайды. Меніңше, орыстың «МЕНять», «обМЕНивать» деген сөздері де осы «ТЕҢге», «МЕНге» дегеннен келіп шыққан сияқты. Баяғыда осындай бір пікірді оқыған едік. Ойлап көрсек, орыстар мемлекеттің құрылымына қатысты керек-жарақтың көбін Ордадан алыпты. Пушкиннің: «орыстың түп-атасын қаза түссең, арғы жағынан татар шыға келеді» деген сөзі тегін айтылмаған. Айтпақшы, ортақ валюта дегенде есімізгее түсіп отыр: өткенде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мырза осы мәселеге қатысты «сыпсың» сөзге былай деп соңғы нүкте қойды: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ саяси одақ емес, ол – таза экономикалық одақ деп ашық мәлімдеген болатын. Сондықтан да менің бұл мәселеге қатысты нақты көзқарасым – одаққа мүше елдер аумағына ортақ валюта енгізу жөніндегі бастаманың дәл қазіргі кезде де, алдағы уақытта да ешқандай маңыздылығы жоқ. Осыған орай, менің тағы бір атап тұрып айтарым, бүгінгі күні кейбір қаржы және саяси сарапшылар халықтың құлағына құйып жатқанға ұқсайды. Дәл қазіргі кезде ортақ валюта енгізе қоюға біздің ешқайсымыз да дайын емеспіз, әйтсе де, біз өзіміздің әр сала бойынша, дәлірек айтқанда, макроэкономикалық, ақша-несие және монетарлы салалар бойынша жүргізілетін саясатымызды үйлестіріп болғаннан кейін ортақ валюта туралы әңгіме қозғауға болады. Сонымен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ортақ валютасы туралы әңгіме одақтың келісімшарттарында қаралмаған көрінеді. 2. Қазақстанның ақпарат кеңістігі кейде әртүрлі кәріздерден құйылатын иістенген іркінді судың алып айдыны сияқтанып кетеді. Кейде іргелес көршіміздің идеологиялық экспансиясына арналған полигонға да ұқсайды. Олар осы «полигонда» ойына келгенін істеуде. Өзінің империалистік саясатын бүркемелейтін күшті «пердені» де ойлап тапқан. Оны «Еуразиялық интеграциялық жоба» деп атап жүр. Бұл жобаның астарында шовинистердің сол баяғы астамшыл саясаты жасырынып жатқанын байқау қиын емес. Қарап отырсаң, қазір отандастарымыздың басым бөлігі осындай идеологиялық «өңдеуден» өтіп, өзінің қарсыласу қауқарынан айырылған зомбиларға айналғандай әсер алады екенсің (жұрттың көбі Ресей телеарналарының айтқанын қайталап, Кремльдің саясатын соғып жүргенін жоққа шығара алмаймыз ғой). «ТМД» деген – Ресейдің «қорасы». Олар қазір осы қораға сырттан ешкімді кіргізбеуге жанталасып жатыр. Бұларды өзінің айтқанымен жүріп, айдағанына көнетін үлкен тобыр етіп тәрбиелелегісі келеді. Сыртқы істер министрі де талай рет «ТМД елдері мен оған қатысты саясат Ресейдің сыртқы саясатындағы басым бағыт болып табылады» деген еді. Алда солардың «9-мамыр» деп аталатын үлкен идеологиялық мерекесі келе жатыр. Қазақстан қазір сепаратизмнің символына айналған лентадан бас тартып, ұлттық нақыштағы ленталарын шығарып, өзінше кішкене «бастама» көтере бастады ғой. Алдағы уақытта осы мерекені сыртқы күштер танып отырған идеологиялық сипатынан айырып, оны барынша «қазақстандық негізбен» толтыруға тырысуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе «9-мамыр» мерекесінің саяси астарына көңіл бөлмеуіміздің соңы кейін бізге бармақ тістетуі әбден мүмкін. Алай-дүлей болып тұрған заманның сиқы мынау. Саясаттың сасық желі ертең қалай қарап соғарын тағы ешкім білмейді. Халықтың бетін ақырындап бері бұра беру керек қой... Жолымбет МӘКІШЕВ "Қазақ үні" газеті