Еуропа Американың айбатына пысқырған жоқ...

6-4444 Әдетте, өз қотырымызды өзіміз қасып, өзгеге ұрынбай тыныш жатқан бейбіт елміз. Бірақ, «қазақ момын ел екен» деп, бізге көз алартпай, алыс жүрген де ешкім жоқ. Адам баласы жаратылғалы адам мен адамның, ел мен елдің арасында жүріп жатқан, көзге көрінбейтін мүдделер күресі бізге де қатысты. Мысалы, Азия мен Еуропа құрлықтары ресми әңгімелерінде «ынтымақтастық пен өзарадостық байланыстар» деп сайрағанымен, шын мәнісінде, әрқайсысы тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн өздерінің жеке мүдделері үшін кескілескен күрес жүргізеді. Айталық, бүгінге дейін АҚШ Еуропаның жетекші елдерін Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкіне (AIIB) мүше болмауға үгіттеп келді. Неге? Ең алдымен, Пентагон өзінің жаңа стратегиялық доктринасында Азия-Тынық мұхиты аймағына АҚШ-тың ықпалы жүруге тиіс деп санайды. Ал, Пекин AIIB-ны аталған аймақты «бағындырудағы» жеңіл құрал ретінде аса тиімді пайдаланып отыр. Сөз жоқ, Қытай өкіметі Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкін (AIIB) АҚШ-тың толық билігіндегі Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі (ADB) секілді ірі қаржылық құрылымдардың «тәбетіне» тоқтау салып, тепе-теңдікті сақтап-реттейтін құрылым етіп, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы инфра­құрылымдық жобаларды қар­жы­ландыру мақсатында құрған. Сондықтан, АҚШ Прези­ден­тінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша көмекшісі Дэниель РАССЕЛ: «Еуропа елдерінің үкіметтері қандай саяси, экономикалық, қаржылық құрылымдарға мүше болуын өздері шешеді» деп әдемі сөйлегенімен, Қытайдың AIIB-дағы көшбасшылығы АҚШ-тың шамына тиеді. Ақүй әдеттегідей Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкіне (AIIB) мүше болдырмауға тырысып, Еуропа елдеріне қысым жасағанымен, ең алдымен, мүшелікке АҚШ-тың басты серіктесі Ұлы­британия өтуге келісімін берді. Араға бірнеше күн салып, Германия, Франция және Италия AIIB-ға мүше болуға ниет білдірді. Жаңа Зеландия шалт қимылдап, AIIB-ға мүше болып үлгерді. Кезекте Австралия, Оңтүстік Швейцария және Люксембург тұр. Қазір Азия инфрақұры­лымдық инвестициялары банкіне негізін Азия елдері құрайтын 26 мемлекет мүше болып отыр. Құрлықтағы Қытайдың басты бәсекелесі Жапония Азия даму банкіне (ADB) АҚШ-пен бірігіп орасан мол қаржы құйғандықтан, жаңа қаржы құрылымын қолдай алмауда. Бұл банктің Жарғысына сәйкес оны міндетті түрде жапон қаржыгері басқаруға тиіс. Азияда пайда болған аса ірі қаржы құрылымын жоққа шығара алмаған ADB-ның директоры Такехико НАКАО екі банкінің ынтымақтастық құрғандығын айтқанымен, айрықша қуанышты еместігін де байқатып қалды. Сөйтіп, Азия инфрақұры­лым­дық инвестициялары бан­кінің кеңейіп-дамуына барынша кедергі жасауға бар күш-қуатын салып баққан АҚШ-тың Мемлекетік Департаменті жеңіліс табуға мәжбүр болды. Әлемдегі қаржы дағдарысы ешкімді аямайтындықтан, Еуропа үкіметтері АҚШ-тың айбатынан сескенген жоқ. Өйткені, ұшқан құс пен жүгірген аңның да басты мақсаты – тамақ табу. Тәбет пен тамаққа тоқтау салу қиын-ау. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА "Қазақ үні" газеті