Израиль мен Иран кикілжіңінен не түйеміз?

images Иран мемлекеті мен алпауыт «алтылықтың» (БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі – АҚШ, Англия, Франция, Германия, Ресей және Қытай) арасында Швейцарияның Лозанна қаласында өткен Иранның «атом бомбасы» жайындағы көпкүндік келіссөз шектелмелі келісімге қол қоюмен аяқталды. Осылардың шешіміне сәйкес түпкілікті келісімге осы жылғы маусымның 30-ынан қалмай қол қойылуы тиіс. Біз келіссөзді не себептен «Иранның «атом бомбасы» жайында» деп атап отырмыз? Себебі, бұл мәселе түптеп келгенде Израильдің «Иранның атом энергиясын бейбіт өмірге бағыттап игеру жоспары жай ғана әлем қауымын алдаған бүркеншік сөз, оның шын ойы ядролық қаруға ие болу» деген байбаламынан туындайды. Ал Израиль неге байбалам салады? Өйткені, Иран БҰҰ-ның шешімін аяққа таптап, Палестина халқының байырғы атамекен жерін өз бауырына басып, тартып алуы арқылы, Израильді мемлекет деп танымаған болатын. Сол себепті, Израиль «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей, «Иран атом бомбасына ие болады да, Израиль мемлекетіне қатер төндіреді» деп шу көтереді. Оның үстіне парсы елінде сегіз жыл президент боған Ахмадинежад «Еврей мемлекеті жер бетінен жойылуы тиіс, оның өмір сүруге хақысы жоқ!» деп, отқа май құя түскен-ді. Ал, АҚШ-тағы қаржы көзінің 80 пайызға жуығы еврейлердің қолында жинақталғандықтан, әлемнің ең бай, ең қуатты бұл елі халқының ерік-жігерінен тыс өмір бойы Израильді қолдап, қолпаштауға мәжбүр. Жалпы, Израильдің ядролық қаруға ие екені әлемге 1986 жылы Димондағы ядролық зерттеу орталығының (одан бөлек дәл осындай «Нахаль Сорек» орталығы тағы бар) инженері Мордехай Вануну өзі түсірген құпия нысандардың суретін баспасөз бетінде жариялағаннан кейін мәлім болды. Израиль бірақ бұл деректі де, одан кейін мысалы, 2002 жылы Германияға атом бомбасы ілінген ракеталармен жарақталған сүңгуір кемелерді арнайы тапсырыс беріп жасатқаны белгілі болғанда да ия «бар» деп мойындамады, «иә, жоқ» деп теріске де шығармай, жақ ашпаған күйі қалды. Мемлекет болып құрылар-құрылмастан ядролық бағдарламаны қолған алған бұл елде 1960 жылы іске қосылған Димондағы орталықта тоғыз жыл істеген М.Ванунудың есебі бойынша Израиль осы орталықта дайындалған материалдардан жылына орта есеппен он атом бомбасын жасап шығара алатын болған. Түрлі шетелдік дереккөздердің мәліметі бойынша, Израильде қазір атом бомбасын пайдалануға дайын елуден астам «Иерихон-2» баллистикалық ракеталары, Ғ-15 және Ғ-16 ұшақтары мен сүңгуір кемелері бар. Оларға төрт жүзден астам ядролық заряд орналастырылған. Атомдық қаруының қуаты жағынан Израиль бүгін әлемдегі алтыншы мемлекет деп саналады дейді шетел сарапшылары. Сөйте тұра, ол әлемдегі өндірісі мен ғылымы дамыған 124 мемлекет арасында Ядролық қаруды таратпау жайлы келісімге әлі күнге дейін қол қоймаған жалғыз ел (Панама мен Гондурас тәрізді елдерге «сен неге бұл келісімге қол қоймайсың?» деген сөз айтылмайтыны белгілі). Ядролық қарумен жарақтану мәселесінде сонау елуінші жылдары – Египетпен болған 1956 жылғы соғыста қолдау көрсеткені үшін оған алдымен Франция көмектессе, кейінірек жәрдем қолын Англия да құлшына созған. Арабтармен арадағы 1948 жылдан бері бір өршіп, бір бәсеңдеп, бірақ, ешқашан біржолата сөндірілмей, үздіксіз жалғасып келе жатқан көп соғыстың бірінде атом қаруын қолданып қоя ма деп қауіптеніп, осыны шектегісі келген Д.Кеннеди талтүсте атып өлтірілген болса, Р.Никсонның «импичмент» алып, масқара болып, президенттік өкілеттігін мерзімен ерте тастап кетуіне тура келді. Міне, қолдағы қаржы құдыреті деген де осы шығар! Израильдің құпия қызметі Италиядан ұрлап әкетіп, он сегіз жыл бойы түрменің жалғыз адамдық камерасына отырғызып қойған М.Вануну 2004 жылы шыға сала сұхбат берген болатын. Ал оның үкімге сәйкес бұлай етуі мүлде қисынсыз еді. Бұл сұхбатында ол: «Әлемнің алпауыт елдері Иранға қарап қандай да бір талап қойып, ауыз ашуға хақылары жоқ. Олай ету олар алдымен Израильге талап қойып, Израиль де Иран секілді өзінің ядролық нысандарына МАГАТЭ инспекторларын тексеруге жіберетін болсын» деген еді. Бірақ, қашан да «күштінің дүмі диірмен тартады» емес пе, ол алпауыттар жеке адам тұрмақ, тұтас әлем халқының пікірін не қылсын! Есесіне, Израильдің итермелеуімен, ядролық бағдарламасына жүзеге асыруға кіріскен Иран елін жан-жақтап қыспаққа алды. Экспортының 40 пайызын мұнайдан тауып отырған ел қаржының бұл көзімен қоштасуына мәжбүр болды. Соның салдарынан парсы валютасы бес есе құнсызданып кетті. Елдің экономикалық ахуалы жыл санап төмендей берді. Халыққа ең алдымен тамақ қажет қой, сол себепті, парсы жұрты кезекті президент сайлауында шетелдік санкциялардан құтылуға уәде берген Хасан Руханиға екі тізгін, бір шылбырды ұстатты. Шектелмелі келісім не дейді? Наурыздағы келіссөзге Батыс елдері де, Иран мемлекеті де үлкен үміт артты. Және сол үміт ақталғандай да болды. Тегеран халқы да Зафар Шарифті – Иранның Сыртқы істер министрін жеңімпаз ретінде қарсы алды. Дегенмен, оның германдық әріптесі Франк-Вальтер Штайнмайер неміске тән ұстамдылықпен былай дейді: «Қол жеткен келісімге риза болсақ та, шаттыққа сәл ертерек. Біз, ең бастысы, ондаған жылдар бойы бөгет болып келген кедергілерді жоя алдық, түпкілікті келісімге жол аштық. Үш ай ішінде оған да қол жеткізуіміз керек. Әне, сонда ол Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке негіз бола алады». Ал басты кедергілер мыналар болатын: 1. Иран уранды байытумен айналысуына он жыл бойына шектеу қойылады. Тегеран «он жыл өткен соң шектеу бірден алынып тастауы тиіс» десе, «алтылық» бес жыл ішінде бірте-бірте алынады дейді. 2. Тегеран сондай-ақ барлық санкциялардың келісімге қол қойылысымен алынып тасталғанын талап етуде. «Алтылық» оны да бірте-бірте аламыз және Иранға ядролық технологияларды импорттауға тыйым саламыз дейді. 3. АҚШ пен оның Еуро­палық одақтастары Теһран келісімшарттарын орындамай жатқаны белгілі болған жағдайда, санкцияларды жылдам қайтадан ендіре қоятын тетік жасап қоймақшы. Ресей бұл мәселеге байыппен қарауды ұсынады және өзінің вето қоя алатын құқығын сақтап қалмақшы. 4. Иран делегациясының жетекшісі байытылып қойылған ядролық отын қорын шетелге жіберуге қарсы. Бұл жерде ең соңғы баптан бастайық, Иран өзіндегі дайындап алған ядролық отын қорын шетелге бермейтін болды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри «жасалған келісім Иранға атом қаруын жасауға мүмкіндік бермейді» деді. Иранның қолындағы уран байытып жатқан 19 мың центрифуганың 6104-і ғана қалады, қалғандары МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі) инспекторларының бақылауында болып, басқа ғылыми және өндірістік мақсатқа және істен шыққан центрифугаларды алмастыруға пайдаланылады. Иран тек ескірген IR-1 (IR-2, IR-4, IR-5, IR-6 немесе IR-8 емес) центрифугалармен жұмыс істеуге құқылы, олардың өзі алдағы он жыл бойына ғана осы мақсатта жұмыс істей алады. Иран бүгінгі таңда өз қо­лында бар 10 тоннадай байы­тылған уран көлемін алдағы 15 жылда 33 есе азайтып, 300 килограмм ғана қалдырады. Және осы мерзім ішінде оны байытатын жаңа өндіріс ашпайды. Тараптар Иранның бүгінгі әлеуеті атом бомбасын екі-үш айда жасап алуына мүмкіндік береді деген бағамен келісті. Келісімге жазда қол қойылып, оның шарттары орындалатын болса, бұл мерзім кем дегенде он жылға шегеріледі. Иран уранды байыту бағытындағы ғылыми зерттеулерін жалғастыра береді, тек ол жұмыс МАГАТЭ инспекторларының бақылауымен жүргізіледі және парсы жағы атом бомбасын бір жыл ішінде жасауға мүмкіндік алмайтындай болып жүргізіледі. Аракадағы ауызсумен жұмыс істейтін зерттеу реакторы қарулық плутоний өндіре алмайтындай болып, басқа бағытқа ауыстырылады; реактордың қару жасаумен айналысқан бөлігі қиратылады немесе бөлшектеліп, шетелге жіберіледі. Ядролық отын қалдығы да дәл сондай. Фордодағы байытылған уран өндіру орталығы бейбіт атоммен айналысатын ғылыми-зерттеу орталыққа айналуы тиіс. МАГАТЭ инспекторлары бұл құпия нысанға кіре алатын болады. Санкциялар не болды? АҚШ пен Еуроодақ санкциялары МАГАТЭ инспекторлары келісімнің басты шарттары орындалып жатқанын растаған жағдайда алынып тасталады. БҰҰ-ның тарапынан жасалған санкциялар «алтылықтың» талаптары орындалған кезде жойылады. Бір сөзбен түйіндесек, Иран Сыртқы істер министрі Завад Шариф айқандай, «ЕО пен АҚШ санкциялары БҰҰ санкциялары алынып тасталғаннан кейін, аз уақыт күшінде бола тұрады, кейін олар да жойылады». Ең бастысы, Иран халықаралық оқшаулаудан шығады. Танкерлерге құйылып, дайын тұрған 30 млн. тонна иран мұнайы әлемдік нарыққа жол тартады. Бұның бәрі президент Хасана Руханидың позициясын нығайтатыны сөзсіз. Сондай-ақ, жасалып жатқан аса маңызды халықаралық бұл іс-шара аятолла Хаменеидің батасыз болмайтыны да түсінікті. Сонау 2003 жылы дәл осы мәселеде Тегеран делегациясына жетекшілік жасаған Рухани ел элитасының көбіне ашып айтпай, өзінің Аятолламен арасының жақындығын барынша тиімді пайдалануда деп жазады шетел ақпарат құралдары. Өткен аптада Аятолла Хаменеи осы мәселеге арнайы тоқталып, «бізде кейбіреулер келісімге байланысты той тойлауды бастап та кетті, бірақ, бүгінгі келісімдер Иран жағына ешқандай кепілдік беріп отырған жоқ қой, санкциялар келісім қол қойылумен бір мезетте алынып тасталуы тиіс» деп атап өтті. Бұл – қырқына шыдаған парсы билеушілері қырық біріне де шыдап бағады, олар келісім қашан өздеріне толығымен тиімді болмайынша қол қоймайын деп отыр дегенді білдіреді. Алмамбет ӘЗИЗҰЛЫ "Қазақ үні" газеті