Мемлекеттік тіл - мемлекеттік құрылыстың ең алдыңғы кезектегі мақсаттарының бірі
2015 ж. 13 сәуір
2196
2
«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбындағы Дөңгелек үстелді ашардағы сөзі.
Құрметті зиялы қауым! Қадірлі тіл жанашырлары! Біз Сіздермен ел өміріндегі аса маңызды кезеңде кездесіп отырмыз. Енді екі аптадан кейін - Қазақстан Республикасының Президентін сайлау. Бұл мәселе бойынша біз өз ұстанымымызды «Ақ жол» партиясының 12-наурызда өткен съезінде білдіргенбіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда, оның сыртында, ұлтты ұйыстыра алатын, экономикаға прогресивті міндеттер қоя білетін және мемлекеттік органдар жұмысына ырғақ беретін Нұрсұлтан Назарбаевқа теңесетін, саяси және мемлекеттік тұлға жоқ. Егер бұл жағдайға «Ақ жол» партиясы сүйенген құндылықтар және басымдылықтармен келетін болсақ, онда, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерді қолдау және өнімді экономиканың құрылуы үшін, мемлекеттілікті нығайту және ұлттық мүдделерді алға жылжыту үшін, кімнен болса да көп жұмыс істеді және сол істерді жалғастырып жатқанын атап өту керек деп санаймын. Сондықтан да «Ақ жол» бұл сайлауда іс басындағы Президентті қолдау керек деп шешті. Бұл біздің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасының, «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты бола түсуімізге мүмкіндік береді. Мәңгілік Ел идеясы, Елбасы өзінің Сайлауалды Бағдарламасында атап көрсеткеніндей, «жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі қатарынан көрінуі тиіс». Ал Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі болуы тиіс. «Ақ жол» партиясы Н.Назарбаев айтқан қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі ретінде - мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін дамытуға артықшылық беру ұстанымын қолдайды. Мен бұл жерде бізді алаңдататын бір ғана жәйт бар екенін ашық айтамын. Елбасының бұл парасатты көзқарасын сыңаржақ түсініп, біздің атқарушы билік өкілдері мемлекеттік тілді игеру және оны дамытуды өнебойы «кейінге қалдырып отыратын», «екінші дәрежелі» міндет деп санамауы керек. Керісінше ұлттың жаны болып табылатын ана тілі мәселесін мемлекеттік құрылыстың ең алдыңғы кезектегі мақсаттарының бірі деп қарауы тиіс. Біздің пікірімізше, мемлекеттік тіл еліміздің мемлекеттік Әнұраны немесе Қазақстанның Жалауы сияқты ажырамас төлсипатына айналуы қажет. Өз басым қоғам және мемлекеттік органдар өздерінің іс-әрекеттерін тиімділікпен үйлестірген жағдайда мемлекеттік тілдің толыққанды дамуы және оны еліміздің барлық азаматтарының меңгеруі мәселелері елді біріктіруші фактор болып, қызмет ететініне сенемін. Өйткені, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екені анық. «Ақ жол» партиясы Парламент мәжілісіне мемлекеттік тіл туралы заң жобасын ұсынып, Үкіметке тұтастай ел бойынша мемлекеттік тілде жаппай диктант жазу туралы депутаттық сауал жолдап, тағы да басқа атқарған істеріміз баршылық. Бірақ тілге қатысты не істесек те, біз туған тіліміздің алдындағы қарызымыз бен парызымыздың таусылуы мүмкін емес. Сондықтан да мен бүгін көтеріліп отырған мәселе бойынша «Ақ жол» партиясының атқарып жатқан азды-көпті істерінен есеп беруді қажет деп таппадым. Қайта осы жасампаздық жолда алдағы уақытта не істеуіміз керектігін ақылдасып алайық деп шештік. Сондықтан да, дөңгелек үстелге ұлттық мәселелерде өзіндік пікірлері бар, ұлт руханияты саласында елеулі істер атқарып келе жатқан зиялы қауым өкілдерін шақырдық. Біз үшін Сіздердің ой-пікірлеріңіз, ұсыныс-тілектеріңіз қымбат. Қазақ тілін мәңгілік етудің жолдары туралы пікірлеріңізді ортаға салып, түйінді ойларыңызды, ұсыныс-тілектеріңізді жұртшылыққа жариялау үшін бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастырып отырмыз. Дөңгелек үстел отырысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!qazaquni.kz
2015 жылдың 11-інші сәуірі.