МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМУЫНА ӘРКІМ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУЫ КЕРЕК!
2015 ж. 11 сәуір
15920
82
“Міне, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет»–деген сөздері күн тәртібінде өте өзекті болып тұр. Мәңгілік Ел идеясы, Елбасы өзінің Сайлауалды Бағдарламасында атап көрсеткеніндей, «жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі қатарынан көрінуі тиіс». Ал Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі болуы тиіс. Біздің атқарушы билік ұлттың жаны болып табылатын ана тілі мәселесін мемлекеттік құрылыстың ең алдыңғы кезектегі мақсаттарының бірі деп қарауы тиіс. Өйткені, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екені анық. «Ақ жол» партиясы Парламентте Үкіметке тұтастай ел бойынша мемлекеттік тілде жаппай диктант жазу туралы депутаттық сауал жолдап, тағы да басқа атқарған істеріміз баршылық" -деді.
“Қазақстанның болашағы қазақ тілінде” атты жиынның баяндамасын «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса жасады: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»-деп мәлімдеген Елбасымыз, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді Атазаңымызға сай өз төріне биіктету үшін үнемі қайрат көрсетіп келеді. Қазақстан халқына Жолдауында : «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар — ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек»-деп қадап айтты. Ал енді үкіметіміз осы үдеден шығу үшін түбегейлі бетбұрыс жасап, мемлекеттік тіл мемлекеттік деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс. Еліміздегі ең жоғары лауазым – Президенттен мемлекеттік тіл үшін сынақ алғандай, барлық мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын кез жетті. Сонда ғана Елбасы Жолдауынада айтылғандай, 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар 95 пайызға жетіп, қазақ тілі ұлтты біріктіруші басты фактор бола береді. Иә, 25 жылдан бері осы мемлекеттік тілдің аясында қыруар жұмыстар жасалды, бірақ нәтижесі қандай?.. Өйткені, жоғары жақта отырған көптеген шенеуніктер мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайды. Соның бірі таяуда ғана Парламент Мәжілісінде депутат Виктор Киянскийдің Тәуелсіз Қазақстанның тілінде қойған сұрағына Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап берді. Өткенде Еңбек және денсаулық вице-министрі Дәулет Арғындықов та депутаттардың қазақша қойған бір де бір сұрағына жауап бере алмады. Республикалық тәуелсіз «Қазақ үні» газеті ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл мәселесін көтеруде алдыңғы қатарда екенін ел жақсы біледі. Мысалы qazaquni.kz ұлттық порталында ең көп оқылған тіл туралы мақалаларға біз ҚР Президенті Н.Назарбаевтың: “Он бес жылда аю да қазақша үйреніп алатын уақыт болды” деген сөзін айдар етіп алдық. Мысалы, ниетін әрқашан іспен көрсететін “Ақ жол” партиясы Қазақстан тарихында тұңғыш рет шетелде қазақ тілінде сөйлеген партия. Былтыр күзде Қытай Коммунистік партиясының шақыруымен Бейжіңге ресми іссапармен барғанда Қытай Парламентінде вице-спикермен кездесуде «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік тілде сөйлеп, қытайлық әріптестерін әбден састырды… Ал 2012 жылы ақжолдықтар жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкіметіміз өткізбей тастады. Бұл туралы кезінде баспасөзде сын мақала жазылды да. Ал мемлекеттік тілді қоллдау туралы қоғамда резонанс тудырған әйгілі 138-дің хатына Азат Перуашевтан бастап, “Ақ жолдың” 23 Орталық Кеңес мүшесі қол қойып, осы Үндеуді қолдаған мәлімдеме жасаған жалғыз партиямыз. Қорыта айтқанда, Мемлекеттік тіл мемлекеттік деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс! Сондықтан да, 26 сәуірде Қазақстан Президенті сайлауында ақжолдықтар руханиятқа қамқор рухы биік тұлға, әлемдік деңгейдегі саңлақ саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен үміт артып отыр”-деп мәлімдеді. Жарыссөзде «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы «Мемлекет қазақ тілін дамыту жөнінде белгілі бір деңгейде күш-жігер жұмсап келеді, соның нәтижесінде ана тіліміз бірте-бірте мемлекеттің басты ұйыстырушы негізіне айналып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырға жуықтаған кезде қоғам мемлекеттік тілдің шынайы, нақты мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы. Біз ата-бабаларымыз аңсаған кемел жарқын болашаққа, алтын ғасырға аяқ басқан ұлтымыздың игілігі жолындағы іргелі істерге Елбасымен бірге барамыз"-деді. Академик, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім «Ақ жол» партиясы Алашордалықтардың ізбасары ретінде, үнемі ұлттың игі істеріне үлесін қосып жүретіндігін сөзге тиек етті. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге “Бір ел, бір мүдде, бір мектеп” бағдарламасын ұйымдастырған жөн. Өйткені, өсіп келе жатқан бала ана тілінде сусындап өспесе, ертең ол ұлтқа жаны ашымайды. Басқа біреудің мүддесін қорғап тұруы ғажап емес. Сондықтан «Ақ жол» партиясы бастама көтеруі тиіс деді. Астана қаласы әкімдігі Тіл басқармасы басшысы Ербол Тілешов мектептердің жайын сөз етті. Парламент депутаты, ақжолдық Алмас Тұртаев мемлекеттік тілдің маңыздылығын көтерді. Запастағы полковник Сланқожа Қарақыстық: «Ақ жол» партиясының атына заты сай, және оны басқарып отырған Азаттың атының өзі ешкімге бағынбасын, еркін азат өмір сүрсін деп қойған шығар” деп бір лебізін білдіріп өтіп, “мемлекеттік тілді балабақшадан бастап, барлық балабақшалар мемлекеттік тілде болуы керек”-деді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы мемлекеттік тілдің жағдайын жеріне жеткізіп тұрып айтты. Ол “Ақ жол” партиясының Алаш ісін жақсы қолға алып келе жатқанын баяндады. “Ақ жол” партиясы тек қалталы байлардың ғана емес, рухани байлардың да партиясы болу жолында еңбек ете беруі тиіс. Ал “Қазақ үні” газетін “Қазақ мұңы” деп атасақ тура болады. Өйткені, ел ықыласына бөленген бұл газетті оқыған сайын қазақтың мұңын тыңдап, рухани серпін аласың” -деді. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел қазақ тілінің мүшкіл тағдырын Абай Құнанбайұлының сөздерімен ұштастырып отырып ойын жеткізді. «Төртінші билік» газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы да жанайқайын ортаға салды. «Еуразия» телеарнасының «Ашығын айтқанда» бағдарламасының продюсері, белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали үш ұсынысын айтты: 1.«Ақ жол» партиясы басшы болып әртүрлі бағытта ағартушылық жиындар ұйымдастыру. 2. Әртүрлі жобаларды талқылау, мемлекеттік тіл орталықтарының ісіне мониторинг жүргізу, үйірмелер ұйымдастыру керек. 3. Ішкі запыраныңды айтатын бізде аудитория қажет, сол аудиторияда мемлекеттік тілдің аясын кеңейтетін жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Журналист Жұмамұрат Шәмші мемлекеттік тілді үйрену мен үйретуді әркім өзінен бастап үлесін қосу керектігін нақты мысалмен келтірді. Парламент депутаты, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы тығырықтан қалай шығу керек екенін, мемлекеттік тіл мәселесін көтеруден жалықпай, қайта-қайта айта беруімізге үгіттеді. Ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов ЖОО-лардағы оқулықтың жетіспеуі мен Астанада педагогикалық институттың жоқтығын көтерді. Журналист Сұлтанхан Аққұлы мемлекеттік тілде сөйлеуді алдымен биліктің өзі бастау керек екенін жеткізді. Жазушы Өтен Ахмет біртекті ұлт ұйыстыру мәселесін, кәсіпкер Сансызбай Өнерхан тіл мен мәдениетті біртұтас қарап, Наурыз мерекесінің беделін көтеруді, ақжолдық ардагер Тұрсынбай Ахметов мемлекеттік тілді насихаттау мәселесін, Сенбек Сансызбай мемлекеттік тіл мерейінасыруда, ұлттық мүдделерді қорғауда ақжолдықтардың еңбегін, Ақтілек Байназаров жаста мен жарнама жайын сөз етті. Тіл тазалығы—бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жиынға жиналған қауым қазақ тілінің бұзылып бара жатқанына қатысты алаңдаушылық білдірді. Қазақ тіліндегі қателіктерді түзетудің бір жолы—арнайы сайт ашу. Жұрт көздері шалған өрескелдіктерді осыған жіберіп отырса. Қандай мекеме, қай әкімдік? Қалт жібермей бақылап отыру керек. Бұл жұмыс тиісті нәтиже берері даусыз. Дегенмен де, бұл бағытта атқарар шаруа әлі де шаш-етектен. Қазақ тілінің мәртебесі мен беделі—абыройы дүрілдеп тұрғаны өзімізге жақсы. Сол қайратқа мінетін, азуыңды білейтін, айбатыңды танытар кез әлдеқашан келді. Сонымен, “Ақ жол” партиясы ұйымдастырған, нағыз қайнаған пікірталас қазанына айналған, барлығы өз ойын ашық айтқан алқалы жиын қорытындысында Мемлекеттік тілдің мемлекеттік деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс деген ұйғарым жасалды.Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты
qazaquni.kz