КИЯНСКИЙГЕ -5, МҰХТАРОВҚА-2 !!! немесе Күлкі күні күлкі болған вице-министр!
2015 ж. 02 сәуір
2630
5
Кеше қазақ тарихында болмаған, бірақ болуы еш таңғалдырмайтын жағдай болды!!!
Парламент Мәжілісінде депутат Виктор Киянскийдің Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінде қойған сұрағына Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап берді!!!
Міне, Қазақстан! Жаса, Талғат Сәбитұлы!..
Сөйтіп, кеше 1 сәуір - күлкі күнін күлкі болып «құттықтаған» Талғат Мұхтаров елдің алдында ақталып-ақ бақты. Шамасы, не істегенін кейін барып ұғынса керек.
Мәжілістің пленарлық отырысында “Бітімгершілік іс-қимыл туралы” заң жобасын таныстырып жатқан Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров депутат Виктор Киянскийдің: “Бітімгершілік операцияға қатысуға арналған шығындарды халықаралық ұйымдармен әріптес мемлекеттердің өтеуі туралы мәселесі айтылады. Сұрақ. Нақты айтқанда қандай шығыстар және қандай жағдайда өтеледі?”-деген қазақ тіліндегі сұрағына:
“Спасибо, за вопрос! Каждая операция по поднятию мира, имеет собственный бюджет”, – орыс тілінде жауап беріп, жайбарақат қарап тұрды.
Бұған Виктор Киянский ғана емес, депутаттардың бәрі аң-таң қалды... Депутат, Ауған соғысының ардагері Бақыт Смағұл талайды көрсе де, мұндай масқараны көрмегендіктен... генерал-майорға қарсы наразылығын да сарт еткізіп айтып салды.
Ал Талғат Сәбитұлының өзі: “Мен Киянский қойған сауалдың синхронды аудармасын тыңдадым да, оған бірден орыс тілінде жауап қаттым. Содан кейін өкініп қалдым”, – деп ақталды журналистер алдында.
Сонда, депутат Виктор Киянскийдің қазақша сұрағын синхронды аударма арқылы түсінген вице-министр Талғат Мұхтаров қазақша білмейтін болып тұр ғой... Әйтпесе, бір-ақ сөйлемді ана тілінде айтып беруге болады ғой...
Бұл да бізге таң емес. Өткенде ғана Еңбек және денсаулық сақтау вице-министрі Дәулет Арғындықов та депутаттардың қазақша сұрағын түсінбей Мәжілісте масқара болған.. Біздің үкіметтегі, парламенттегі, мемлекеттік қызметтегілерді Президенттен мемлекеттік тілді талап еткендей сынақ алатын болса, талай қасқа қазақ сыпыр-ы-ы-ы-ыл-ып құлайтыны анық!
Бәрі өзімізден ғой!..
Сонымен, Виктор Киянскийге – 5, Талғат Мұхтаровқа – 2!!!
Жарайсыз, Виктор Владимирұлы! Міне, сөзбен емес, іспен жауап беру деп осыны айт! Сіздің мынадай үздік үлгіңізді барлық депутаттар жалғастырып кетсе, мемлекеттік тіліміз де өз мәртебесіне жақындап қалар еді-ау деп ойлаймыз да біз байғұс...
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz