Нұрлан Қаппаровтың қазасына қатысты жаңа мәліметтер шықты
2015 ж. 30 наурыз
4117
2
“Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының төрағасы Нұрлан Қаппаровтың Бейжіңде қалай қайтыс болғаны анықталды.
Бұл туралы “Ақ Жайыққа” сілтеме жасай отырып NUR.KZ хабарлайды.
Қаппаров Бейжіңге Дубайдан СА942 рейсімен сағат 13.40-да келді. Оны “Қазатомөнеркәсіптің” Бейжіңдегі өкілдігінің директоры Әшікбаев пен Бисенов қарсы алды. Олар қонақүйге барар жолда Цзинбао Қытай ресторанына соққан. Қаппаров дастарханға отырмастан бұрын дәретханаға шығып кеткен. Оны сол жерде сағат 14.20-да техникалық қызметшілер байқап, медицина қызметкерлерін шақыртқан. Сағат 14.27-де медицина қызметкерлері жүрек кардиограммасын жасап, жүректің тоқтағанын анықтады. “Жүрек тұсына массаж жасағанымен, нәтиже болмады. Сағат 14.33-те Қаппаров Чаоянг аймағының емханасына жеткізіліп, 14.50-де қайтыс болды деген ақпар берілді”,- деп жазды басылым комментаторы. Айта кетерлігі, әлемдегі ірі уран жабдықтаушы компанияның (көлемі 38% – ҚазТАГ) басшысы әдетте күзетшілер қызметіне жүгінбей шетелге шыға беретін. Бұған оның бұрындары Қытайға жасаған іссапарлары дәлел. Еске сала кетейік, 26 наурызда “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының басшысы Нұрлан Қаппаров қайтыс болды деген хабар келген болатын. Қазаның ресми растамалған себебі – жүректің тоқтап қалуы. Бейжіңде ол еліміздің ресми делегациясы қатарында болған. 44 жастағы Қаппаров әр жылдары үкіметте және билік айналасында түрлі лауазымдарды атқарған белгілі саясаткер. “Қазатомпром” басшылығына ол 2014 жылдың тамызында тағайындалған, бұған дейін 2012 жылдан бері Қоршаған орта және су ресурстары министрі болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нұрлан Қаппаровтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда “Нұрлан Қаппаров білімі мол әрі тәжірибесін әрдайым еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсаған дарынды ұйымдастырушы” болғандығы айтылған. Нұрлан Қаппаров Кеңсай зиратында жерленді.Дереккөз: Ак Жайык