Таңдау неге Елбасына түсіп отыр?

выбор Қазақстан Республикасында кезектен тыс президенттік сайлау 2016 жылдың 26-сәуірінде өтеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирде халыққа арнаған Үндеуі барысында жария етті. «Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу қызу талқылануда. Бұл мәселе Қазақстан Халқы Ассамблеясының кеңесінде ұсынылды. Парламент депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары өз пікірлерін айтты. Маған күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хаттар келуде. Барша жұрт кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау білдіруде», — деді мемлекет басшысы өз Үндеуінде. Жуырда Қазақстан Халқы Ассамблеясы Нұрсұлтан Назарбаевтан ағымдағы жылдың 26-сәуірінде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуын сұрады. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан халқы Сіздің Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығыңызды ерекше ықыласпен қабылдады. Біз ҚХА-ның кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдағаныңыз үшін Сізге зор алғысымызды білдіреміз. Бұл шешімнің қабылдануы уақыттың талабы деп білеміз. 25-ақпанда жарияланған Қазақстан халқына Үндеуіңізде Сіз осы маңызды қадамның қажеттілігі мен заңдылығын нақты негіздеп бердіңіз. Біздің бәрімізге қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі, ертеңгі күнге деген нық сенім, жұмыс орындары мен әлеуметтік кепілдіктердің, жалақы мен шәкіртақының сақталуы қажет. Қазақстан халқы, әрбір азамат өзінің жеке және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне сенімді болуды қалайды. Біз ғаламдық саяси қақтығыстар мен дағдарыстар ушығып тұрғанда жүргізіліп отырған салмақты ішкі және сыртқы саясатты жалғастыру арқылы ғана қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, алға жылжыта алатынымызға сенімдіміз. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз өз Жолдауыңызда бізді алдымызда күрделі кезең күтіп тұрғанын ашық айттыңыз. Бұл халық түсіністікпен және қолдаумен қабылдаған, нағыз Елбасына лайық, ерлік қадам болды. Осымен бірге Сіз мемлекет пен қоғамның нақты іс қимыл жоспары – «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынып, біздің ғаламдық дамудың қиындықтарын еңсеруге сенімімізді бекіттіңіз. Бұл үшін Қазақстанда қажетті ресурстар - 2050-Стратегиямыз, қоғамдық келісіміміз бен бірлігіміз бар. Сіз айтқандай, Президент сайлауы – бұл патриоттық акт, елімізді жаңа қарқынмен дамытудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты міндеттерін шешу үшін экономиканы тұрақтандырудың, азаматтық жарасым, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың қуатты бастауы. Сондықтан да біз Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған күні Сізді барша қазақстандықтар асыға күтіп отырған келесі қадамды жасауға шақырамыз. Біз Сізден президенттік сайлауға қатысуыңызды сұраймыз!» делінген үндеуде. ҚХА-ның атап өтуінше, бұл қадам Ассамблеяның кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы жалпыхалықтық бастамасынан туындайды. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің ел алдындағы абыройыңыз биік. Еліміздің азаматтары Сізге сенім артады. Сіз ең күрделі кезеңдерде елді басқарудың айрықша тәжірибесінің иесісіз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қаншама сынақтардан қайыспай өтті. Халық шын мәнінде тең­дессіз экономикалық жетіс­тіктерімізді, әлеуметтік табыстарымызды, тұрақтылы­ғымызды және ертеңгі күнге деген сенімімізді Сіздің атыңызбен байланыстырады. Халықаралық қауымдастық Сізді беделді және салиқалы көшбасшы ретінде таниды. Сіздің бейбіт сыртқы саяси бастамаларыңыз басты халықаралық ұйымдар тарапынан, әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың және миллиондаған қарапайым адамдар тарапынан ғаламдық қолдау тапты. Сіздің халықаралық беделіңіз біздің еліміздің маңызды сыртқы экономикалық активі, сыртқы қауіпсіздігіміздің кепілі және инвестициялар тарту үшін ынталандыру болып табылады», – деп атап өткен ҚХА өз үндеуінде. Сонымен қатар ҚХА өзі­міз­дің келешек алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, халық пен ел мүддесін ескере отырып, азаматтық және патриоттық парызымызды орындау мақсатында Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан кезектен тыс Президент сайлануында өз кандидатурасын ұсынуын сұрайтындығын баса атап өткен. «20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының бас­тамасымен Тәуелсіз Қазақ­станның басты жетістіктеріне негіз болған дұрыс қадам жасалған болатын. Бүгін де біз барша халықты болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру мен гүлденуінің бірден-бір дұрыс таңдауы ретінде біздің үндеуімізді қолдауға шақырамыз!» делінген үндеуде. Халық Назарбаевты қолдайды Еліміздің жеткен жетістік­терінің бәрі Елбасының арқасы. Мұны мойындауымыз керек. Ең бастысы, тәуелсіздікті баянды ете отырып, егемен мемлекет болып қалыптасуымыз. Шындығы керек, биыл біздің ел үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Рухани жаңару жылы деп айтсақ, қателеспейміз. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституция мен Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 20 жыл, Ұлы Жеңіске – 70 жыл дегендей. Иә, мұның бәрі халықтың саяси белсенділігін арттыратын, саяси көзқарасын айқындайтын іс-шаралар. Осы аталмыш шаралардың, ең бастысы, әрине, Президент сайлауы дер едік. Неге десеңіз, бүкіл мемлекеттің, халықтың болашағы ел тізгінін қолға алатын тұлғаға тікелей байланысты болмақ. Сол себепті, ертең өкініш болмас үшін, халық ел сенімін ақтайтын, елді дұрыс жолмен алып жүретін, халықтың береке-бірлігіне, ынтымағына кепіл бола алатын адамды адаспай таңдауы керек. Біздің ойымызша, ол адам бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев деп ойлаймыз. Таңдау неге Елбасына түсіп отыр? Айналаға қараңыз, қазір халықаралық жағдай шиеленісіп тұр, жер-жерде қарулы қақтығыстар жүріп жатыр, әлемдік экономикада баяулау бар, мұнай бағасының түсуі, оны өндіретін елдерге үлкен қиындықтар әкелуде. Арыға бармай ТМД аумағына түсетін болсақ, бұл шеңбер аясында да жағдай қарқ болып тұрған жоқ. Ал осындай аумалы-төкпелі кезде, халықты ұйытып, соңына ерте алатын, қақтығыстарға жеткізбей, тура жолмен алып жүретін тұлға керек. Халық ол тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев дейді. Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауының өзі мемлекетті мынадай алмағайып кезеңнен алып шығуға бағыт-бағдар беретін бағдаршам іспетті. Иә, сонау тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап, Елбасы ел сенімін ақтады. Жеткен жетістіктеріміз де ұшан-теңіз. Әлемге өзіміздің мемлекеттік елтаңбамыз, әнұранымыз, белгіленген шекарамыз, саяси ұстанымыз бар халық ретінде танылдық. Қаншама ұлт өкілдері отырса да, ешқандай ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеген, татулықты ұран еткен халық ретінде танылдық. Бұл жағынан өзге жұртқа үлгі болатындай елміз. Халықаралық деңгейге жеткен нәтижеміздің барлығы Президентіміздің бет-беделі арқасында келді. Ішкі жағдайға келетін болсақ, Елбасының үлкен бір тірлігі – елордасын мемлекеттің бір шетінен орталыққа көшіруі. Мұнда үлкен саяси мән жатыр. Көрегенділік бар. Қазір Астана әлемдік саясаттың, әлемдік экономиканың «Меккесіне» айнала бастады. Осы Сарыарқаның төсінде қаншама халықаралық түйткілді мәселелер шешімін тапты. Қазір Қазақстанның өзіндік даму жолы қалыптасты. Енді бізден үлгі алатындар көбеюі тиіс. Елімізде демократияның барын, сайлауға түсер адамдарға қарап-ақ білуге болады. Бізде тек партия атынан ғана емес, жекелеген тұлғалар да президенттік сайлауға түсуге құқы бар. Тек сайлау заңына сай талаптардан шыға білсе болғаны. Осының өзі еліміздің ашық қоғамда өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Ал сайлаудың тартысты болуы үшін, оған түсетін үміткерлердің білімі, біліктілігі, танымалдылығы деңгейлес болуы шарт. Халық сонау 1991 жылы өткен Президенттік сайлаудан бері Нұрсұлтан Назарбаевқа 90 пайыздан кем дауыс бермеуде. Халық неге Назарбаевты қолдайды? Бұған себептер көп. Ең бастысы, Елбасы халықтың өзіне артқан сенімін ақтады. Елде ешқандай қақтығыстарға, ұлтаралық дүрдараздыққа жол бермеді. Республикадағы барлық ұлт өкілдеріне бірдей көзқараспен қарады. Олардың мәдениетіне, тіліне, дәстүріне, дініне шектеу қойылған емес. Керісінше, дамып, гүлденіп жатыр. Мемлекетіміздің саяси ұстанымы да айқын. Ол – төрткіл дүниемен достық қарым-қатынаста болу. Экономика алға жылжуда. Әлеуметтік салада да жетістіктер көп. Осының бәрін халық тек Назарбаевпен ұштастырады. Алдағы уақытта да Елбасы сарабдал саясатын жалғастыра берсе деп қалайды. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевты ел қашан да қолдайды. Кеше де солай болған, бүгін де, ертең де солай бола бермек. Жалпы, Президент сайлауын өткізу туралы шешімге қолдау білдірген және Нұрсұлтан Назарбаевтың өз кандидатурасын ұсынуға келісуін өтінген хаттар мен жеделхаттар легі жалғасуда. Мемлекет басшысының атына еңбек ұжымдарынан, қоғамдық бірлестіктердің мүшелерінен, медицина қызметкерлерінен, білім беру саласының өкіл­дерінен, сондай-ақ, елдің түрлі өңірлеріндегі тұрғындардан Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауға қатысуын өтінген хаттар толассыз келіп түсуде...    Сейілбек АСАН