М.Жолдасбеков: "ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕНДЕР ПРЕЗИДЕНТ БОЛСА, ЕЛ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?!."

"Бір азамат тіркелуге ақшасының жоқтығын  айтып, орнына сексеуіл ұсынды..."

- 2011 жылы өткен кезектен тыс сайлау барысында орын алған жайттарға тоқталайын. Көптеген адамдар айналдырған екі бет жазба жұмысында 16 қатеден бастап, 32, 36, 46, 52 қатеге дейін жіберді. Бұл бір, екіншіден, келген кісілердің көпшілігі жұмыссыз жүрген адамдар болды. Бірнеше экстрасенстер келді. Мәселен, бір кісі: «Пойызбен Алматыдан Павлодарға кетіп бара жатыр едім, Астанаға келгенде президенттік сайлау есіме түсіп, сіздердің алдарыңызға келіп отырмын» дейді. Ал бір әйел таңертең шай ішіп отырғанда есіне сайлаудың жарияланғаны сап ете түсіп, содан біздің алдымызға өзін кандидат ретінде ұсыну үшін келіпті. Міне, осындай жайттар орын алған болатын. Ағымдағы жылы президенттікке кандидаттар 1 млн. 60 мың теңге жарна төлеу керек болса, 2011 жылы оның көлемі 800 мың теңге құраған еді. Ал сол жылы кандидат ретінде тіркелуге келген бір азамат ақшасының жоқ екендігін айтып, оның орнына сексеуіл ұсынды... Енді бірі комиссия мүшелерінен қаржылай қолдау сұрады. Алдымыздан талай азамат өтті, бәрі Қазақстан азаматтары, бәрінің де құқығы бірдей. Бірақ Президент болатын адам халықтың тағдырын ойлауы керек қой. Президент болатын адам ең болмағанда бір мекемені басқаруы керек қой. Жұмыссыз жүрген, жұмысқа ешкім алмаған азамат ертең оның бетін арман қылсын, Құдай сақтасын, Президент болатын болса, мемлекеттің тағдыры не болмақ?.. (ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың журналистермен болған кездесуде айтқаны.)

qazaquni.kz

Дереккөз: Abai kz *Тақырып өзгертілді.