ЕҢ БАСТЫ БАЛАМАСЫЗ БАҒЫМЫЗ - ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ
2015 ж. 24 ақпан
2709
15
ЕРТЕ САЙЛАУҒА ЕҢ АЛДЫМЕН ОППОЗИЦИЯ ҚУАНУЫ КЕРЕК ЕМЕС ПЕ?
Елімізде тағы бір саяси дүбір естіле бастады! Мерзімі 2016 жылы аяқталуы тиіс Президент сайлауы елдің мына екпініне қарағанда биыл өтетіні анықталып келеді. Өйткені Қазақстан Халқы Ассамблеясынан шыққан ұсынысты қолдамаған, оған үн қоспаған ұйымдар, мекемелер жоқ десе де болады. Барлығы мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдаудан "социалистік жарысқа" түсуде. Астана мен ауылдың арасындағы аты бар деген азаматтардың қарап қалып жатқаны жоқ. Тап бір "Абылайдың асында шаппағанда..." деген аттан арыны мен дарыны бардың бәрін атқа қондырып, Амантай қажының өзін жолда қалдырған сияқты... Саясаткерлер мен саясаттанушылар, қайраткерлер мен қаламгерлер, жалпы зиялы қауымның сөздерінен әрбір қараша үйдің түңлігі желпілдеп, эфирлер жарыла жаздауда... Бұл ел тағдырына енжарлық танытып, немқұрайды қарай алмайтындардың азаматтық ұстанымын білдіреді деп білейік.
Хош, сонымен бұл сайлаудың өтуі несімен ерекше болайын деп тұр? Кез келген демократиялық дамыған елдерде билікте отырған президент (партия) өз мерзімін уақытынан ерте тоқтатып, сайлау ерте болатын болса, оппозицияның көктен іздегені жерден табыла қуанады. Алақайлап бөркін аспанға атып, алақанын ысқылап, аламанға ат қосатыны айдан анық. Бір қызығы, біздің оппозициямыз баптаған жүйрігін бәйгеге қосуға қамданудың орнына, керісінше "неге сайлау ерте болады?"-деген біртүрлілеу сұрақ қойып, сайлауға қарсы болып жатқаны түсініксіздеу болуда... Бұл нені білдіреді?
Алдымен биліктің дәлел-дәйегіне келейік. Бірінші себеп - 2016 жылы президент сайлауы мен парламент сайлауы қатар келеді. Ал біздің конституциямыз президент сайлауы мен парламент сайлауының бір мерзімде болуына тыйым салады. Екінші себеп - экономист сарапшылардың болжамынша және қазіргі алқымнан алып жатқан қысымына да қарағанда, экономикалық дағдарыс келесі жылы шырқау шегіне жететін секілді. Үшінші себеп - дүрбелеңі көп сыртқы саясаттың тұрақсыздығы болып тұр.
Келесі жылы екі сайлау қатар келсе, алдымен қайсысын сайлап алу керек деген сұраққа, таңдау ең бірінші мемлекеттік маңызы мен орны жағынан президенттікке түсетіні анық. Дағдарыстың жөні бір бөлек, Тәуелсіз еліңде барлық ауыртпалықты қасқайып көтеруге болады. Ең бастысы сыртқы дүниенің дүрбелеңінен аман өту. Дүрбелеңде дүдәмалдылық күмән-күдікті көбейте беретіні рас. Сондықтан, алдымен мынадай халықаралық жағдай тынышсызданып тұрған алмағайып заманда ел басшысын бекітіп алып, белді бекем буып, кез келген қиындыққа қарсы тұруға болады. Бұл ең алдымен тәу етеріміз- Тәуелсіздіктің тұғырын берік қолда ұстап, сыр аңдып отырған сыртқы күштердің дәмесін өсірмеу үшін де ең басты қажеттілік болып тұрғаны айқын.
Иә, қазақ мемлекетінің тарихына көз жіберсек, орналасуына байланысты кешегі хандарымыздың кезінен бері де геосаяси жағдайы оңай болмағаны белгілі. Қалың Қытай, орман Орыстың ортасынан жол тауып отырған Абылай хан қайраткерлігі бүгін де жалғасын табуы керек. Қазір де Орыс аюының оңтайын көздеп, айдаһар Қытайдың аңысын аңдап, арыстан Американың арынын тежеп келе жатқан Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлылығымен салмақ арттыруда. Ер көңілді Борис Ельциннің болтын босатып, әкелі-балалы Буштармен бұрқырап байланыс орнатып, кірпияз Клинтонның кілтін тауып, Қытайдың қыры сансыз қыртысына тереңдей білу кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емес. Сыртқы саясаттағы сол соны соқпақ, үздік үрдіс қазір де жалғасын тауып, жемісін беріп, жетістіктерге жеткізуде. Еуропаны елеңдетіп, Батыстың басын қатырып отырған Ресей Президенті В.Путин Қазақстан басшысының жолын кеспей, алдына салып сөйлеп жүр. Обамаңыз ойын бөліссе, сыры терең Қытай сыйласып отыр.
Мұндай абыройды мұнайымызбен ғана байланыстыру - ақиқатты аттап кету болып табылады. Әйтпесе, соғыстың сорына батқан мұнайлы елдердің шаңы аспанға шығып, шайына қорғасын қатып отырғаны аз емес... Ал кешегі Көк түріктер қағанатынан қанат қағып, Алтын Орданың мұрагері болып, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелегелі отырған берекелі еліміз – Тәуелсіз Қазақ мемлекеті осындай мерейлі жылда Көк туымыз көкте желбірей беруі бәріміздің де негізгі мақсатымыз.
Сайлау дегеніміз –демократияның негізі, айқындаушы көрсеткіші болса, сайлаудың өтуіне кез-келген демократиялық күштер мүдделі болуы керек емес пе? Сайлау мерзімі дегеннен шығады, сайланып отыруы тиіс оппозициямыз әрдайым аламанға дайын болуы заңдылық қой. Саясатта "біз білмей қалдық, әлі дайын емеспіз" -деген сөз жүрмейтіні мектеп баласына да белгілі. Өйткені, кез келген салмақты деген саяси партия қандай уақытта да, саяси сайысқа дайын болуы тиіс. Тек сайлау кезінде ғана оянып кетіп, екі айда ебіл-дебіл болып, ел қыдырып шығу ешкімді де ұшпаққа шығармайтынын бәріміз беске білеміз. Сонымен қатар, бізде түрлі жағдайларға байланысты сайлаулардың өз уақытынан бұрын да бола беретіні жаңалық емес, бұрыннан белгілі. Осы өткен сайлауымыздың өзі де өз мезгілінен бұрын болған жоқ па? 2011 жылы да оппозиция осылай "білмей қалдық, дайын емеспіз" деп, сайлауға қатысқан жоқ. Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігін пайдалана алмады. Оу, хандыққа қолың жетпесе де, халыққа сөзің жетер еді ғой... Ал саясат дегеніміз, ең алдымен халыққа саяси бағдар-бағытыңды, мақсат-мұратыңды жеткізу емес пе? Сол кезде мен бұған наразы көңілмен "Қазақ үні" газетінде "Қош бол, оппозиция" -деген мақала жазған болатынмын. "Жындының айтқаны келеді"-дегендей, қазір сол сөзді бекер айттым ба деп өкініп отырмын. Өйткені, міне, биыл да демократиялық елдердің оппозициялық күштері секілді дүр сілкініп: "Оу, сайлаудың дүбірі естіілді, аламанға ат қосайық!"-деген ұран түгілі сыбыс та жоқ. Сол баяғы мың сырқауға бір сылтау - "Мерзімінен неге ерте болады"-деген сөз... "Ойбай, неге ерте оятып жібердіңдер"-дегендей естілетін мұндай пиғыл иелеріне не айтасың? Оларды тіпті, оппозицияның ақсақалы, кәрі көкжал С.Әбділдиннің: «Сайлауға қайтсек те қатысуымыз керек»-деп қамшылаған сөзі де оята қояр түрі жоқ. Егер билік "Бір жылда екі сайлау өткізе алмаймыз. 2016 жылы тек парламенттік сайлау өткіземіз, ал президенттік сайлау 2017 жылы болады" -десе, не болар еді? Батысқа қарап бақыра ойбайлағанның көкесін сонда көрер едік... Саясатта дер кезінде қимыл жасаудың маңызы зор екені әлмисақтан белгілі. Бұл билікке де, оппозицияға да қатысты сөз. Ендеше, Ата-бабамыз сан жылдар мойнына бұршақ салып тілеген Тәуелсіздіктің іргесін бекемдей беру үшін де, сайлауға қуарудың орнына қуану керек! Өйткені, әрбір саналы азамат үшін, бәріміз үшін ең басты баламасы жоқ бағымыз да, барымыз да - Ел Тәуелсіздігін сақтай білу!
Қазыбек ИСА
"Қазақ үні"