Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынды
2015 ж. 15 ақпан
3396
7
14.02.2015
Ақпанның 14-і күні Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесінде осы ұйым төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған. Бұл туралы қазақстандық Vласть интернет-басылымы хабарлады.
Басылымға сұхбатында Анатолий Башмаков 2016 жылы ел президенті сайлауы мен парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауын қатар өткізу «заң жүзінде, белгілі бір жағдайда, қисынсыздау» болатынын айтқан. Сонымен бірге ол 2016 жылы әлемдік қаржы экономикалық дағдарыс шырқау шегіне жетеді деген сарапшылар болжамын келтіріп, «ел басшылығы барлық назарын Қазақстан қоғамында, экономикада дағдарысқа жол бермеуге бұруы тиіс» екендігін алға тартқан.
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков елде мерзімінен бұрын президент сайлауын биыл жақын уақытта өткізуді ұсынады.
Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болып табылады. Елде кезекті президент сайлауы 2016 жылы өтуі тиіс. Қазақстан Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға түсуіне шектеу қойылмаған.
azattyq.org