Серік Ахметовке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды
2015 ж. 12 ақпан
1784
1
12 ақпанда экс-министр мен оның қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысуды бастады. "Қылмыстың істің көлемі өте үлкен, 10 томнан асады. Сондықтан ол (Ахметов. - Автор) бір-екі күнде танысып үлгермейді. Ал "үй қамауына алу" бұлтартпау шарасының мерзімі 18 ақпанда аяқталады. Осыған байланысты біз сотқа үй қамауына алудың мерзімін ұзарту туралы өтінішпен қайта арыздануға міндеттіміз. Бірақ біз нақты мерзімін көрсетпейміз. Серік Ахметовке қанша уақыттың керегін ол өзі шешеді, бұл туралы оның қорғаушылары санкциялау процесінде сотқа хабарлайды", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу департаментінің осы қылмыстық істі зерттеу үшін Қарағандыға іссапарға жіберілген өкілдері.
Үй қамауына алу мерзімін ұзарту туралы мәселе 13 ақпанда шешіледі. Осыдан кейін, Серік Ахметовке аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып ресми түрде тағылады деп күтіліп отыр. Күдікті мемлекеттік қызметте адал жұмыс істедім деп өз кінәсін мойындаған жоқ.
Тергеушінің өтініші бойынша, 2012 жылы "Металлургия-Металл өңдеу" индустриялық паркі аумағында инфрақұрылымның, атап айтқанда, кәріз жүйелерінің құрылысы жүрген. Тергеудің мәліметінше, Қарағанды облысы әкімдігінің басшысы мен облыстың бұрынғы әкімі Серік Ахметов алдын ала сөз байласып, қосалқы мердігер - "Центрстрой-комплект НС" ЖШС чех жабдығын арзан жабдықпен ауыстырған. Жабдықтың екі түрінің арасындағы 1 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі айырманы күдіктілер өзара иемденген. Тергеу мәліметтері бойынша, қылмысты жасыру үшін делдал фирмалар желісін ашып, олардың шотына ақшаны аудару арқылы бюджет қаражатын жылыстатудың схемасын жасаған.
Еске сала кетейік, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі қызметінен 2011 жылы босатылды, содан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылы Премьер-министр қызметіне кірісті. 2014 жылдың сәуірінде Серік Ахметов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалып, 22 қазан күні бұл қызметтен өз еркімен кетті.