МЕМТАПСЫРЫСТАН КЕМ ЕМЕС... "АУТСОРСИНГ" ДЕГЕН "АУСЫЛ" БАР...

 Емен есіктерді "Есентаевалардың  теуіп кіретіні" соның арқасы... 

DARIGA  Кеше Парламент қабырғасында вице-спикер Дариға Назарбаева мемлекеттік тапсырыс тендерлерінің 37,8 пайызын ұтып, 400 миллиард теңгенің жұмысын игерген адамдардың атын атап, түсін түстеуді талап етті. Қазақстандық Форбстың жазуынша бюджет қаржысының арқасында 15 адам байып шыға келіпті. Өте орынды көтерілген мәселе. Енді" Мемлекеттік тапсырыстар жөніндегі заңға" шұғыл өзгерістер енгізіліп жатыр. Мені осыған ұқсас екінші мәселе қатты алаңдатады. Сол Дариға ханым ішкі "кухнясын" бүге-шегесіне дейін білетін мемлекеттік телеарналарда "мем.тапсырысқа" ұқсайтын бірдеңе бар. Нарық менеджерлері "аутсорсинг" деп атайды. Ол да арналардағы бюджеттің ақшасын бөтен компанияларға тапсырыс бойынша беруге арналған әдіс. Мұнда да миллиардтар айналымға түседі. Бір айырмашылығы-аутсорсингке бағдарлама берілерде ешқандай тендер өткізілмейді. Телеарнаның өз ішіндегі "көркемдік кеңес" осы мәселеге байланысты шешім шығаруы тиіс. Ал, "көркемдік кеңестердің" көз бояу үшін құрыла салған "қуыршақ" екендігін, кімге , қанша қаржыға бағдарлама беру керек екендігін бірінші басшының айналасындағы ат төбеліндей ғана топтың шешетіндігі қазір ешкімге құпия емес. Нәтижесінде , соңғы үш-төрт жылда бюджет қаржысының арқасында Форбсқа кірмесе де, қалтасы қалың шоу-бизнес өкілдерінің тізімін бастаған мықтылар пайда болды. Қымбат бағдарлама да солардікі, ақшасы көп ұзақ сериалдар да солардікі. Қарапайым журналистер кіре алмайтын есікті "Есентаевалар теуіп кіретін" заман туды. Олардың жасаған жұмысының сапасын қарап, қайтарып жіберіп, қайта жасатып немесе бюджеттің есіл ақшасын орнына қойып жатқандарды және байқамадық. Егер әлдебір құрылыс компаниясы бюджет ақшасына мектеп салып, ол сапасыз болып шықса сөзсіз жауапқа тартылады. Ал, сапасыз, рейтингі төмен бағдарлама, сериал түсіргендер мен оны бергендер неге жауапқа тартылмайды? Бұл да бюджеттің, халықтың қаржысы ғой... Парламентте осындай мәселелерді өткір қойып жүрген депутаттардың бар екенін білеміз.Олар "аутсорсинг" деген бәленің нақты механизмін анықтап беріп, бюджет ақшасының азғантай топтың қалтасында кетпеуіне тосқауыл қоятын заңдық негіз қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін. Осы аутсорсингтің дұрыс жасалмай жатқандығынан қазірдің өзінде жүздеген кәсіби журналистер жұмыссыз қалды. Ертең одан да көп болады..."Аутсорсинг" деген қазір журналистер үшін "аусылдан" да /сиб.язва/ ауыр болып тұр. sqabyl  Арман СҚАБЫЛҰЛЫ    qazaquni.kz