ӘКІМДЕР мен МИНИСТРЛЕРДІ КІСІ ҚЫЛЫП ТҰРҒАН ҚЫЗМЕТТЕРІ ҒАНА...

Сурет: dknews.kz
Білетіндер қызметті қолдың кірі деп жатады. Рас шығар. Өлген соң ұмытылып кетсе де бір сәрі, тірі кезінде-ақ тастанды баладай болған талай шенеунікті көз көрді. Және шенеунік болғанда да қандай шенеуніктер еді  десеңші, шіркін! Алды Премьер, соңы министр, аудан, қала, облыс әкімдері. Күркіреп, дүркіреп келеді де сіркіреп барып жоқ болып кетеді.
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, бүгінгі жас буын басқасы басқа, кезінде Премьер-министр болған тұлғалардың бірі Ұзақбай Қарамановты біле ме екен өзі?! Ұзекең деп әңгіме бастай жөнелсеңіз жас буынды айтасыз, аға буынның өзі «Қарабалинді айтасыз ба?» деп бетіңе бақырайып қарап тұрады. Бұл нені білдіреді? Бұл бүгінгі қазақ қоғамында кешегі Премьер Қарамановтан гөрі бүгінгі вице-министр Қарабалиннің танымалдылығының, ықпалдылығының жоғары екендігін білдіреді. Бүгінгісі бар, бұрынғысы бар, Қазақстандағы Премьерлердің саны екі қолдың саусағына толмайды. Ал, министрлердің санынан адам жаңылысады. Бізді осылардың аты-жөнінен жаңылысып кетпесін дейді ме екен, Қаржы полициясы оларды дүркін-дүркін қамап отырады. Бүгінде қамалғандардың да аты-жөндерін толық еске түсіре алмайтын болдық. Өйткені қамалып жатқан басшылар көп қой. Өте көп... Жә, бірді айтып, бірге кетпелік, мәселе «кешегілердің» бүгіні турасында. Өткен күндерге бір сәт ой жібере қарасаңыз, біздің ел басқарған азаматтарды кісі қылып тұрған олардың қызметтері ғана екендігіне қиналмай көз жеткізесіз. Талай «мен» деген азамат қызметтен кеткен күннің ертеңіне ешкім болмай қалды. Қарамановтың жайын айттық. Ол кісіні ағайындары құдайы тамақтарға, ас, садақаларға шақырса шақырып жатқан болар, бірақ, Ұзақбай Қарамановпен студенттер, бизнесмендер, мемлекеттік қызметшілер, саясаткерлер, әлеуметтанушылар, журналистер, басқа да әлеуметтік топ өкілдері кездесу өткізіпті немесе Ұзекең пәлен университетте бүгінгі экономика мәселелері жөнінде лекция оқыпты дегенді естімеппіз. Бұдан шығатын қорытынды, не біздің адамдар соншалықты ұмытшақ, не ол кісінің айтар әңгімесі жоқ. Премьердің креслосында отырғанда «кімсің, Қараманов!» болды, қызметтен кетіп еді, мына жұрт ол кісінің түрін де ұмытып қалды. Даниал Ахметов. Серік Ахметовпен шатастырып алмаңыз, 2003 – 2007 жылдары Қазақстанда осындай кісі Премьер-министр болған.Ол кісінің Премьер болғанын бүгінде сол жылдары туылған біраз баланың Даниал деген есімді иеленіп жүргенінен аңғаруға болады. Қызметтен кеткен соң бүгінгі Серік Ахметов секілді Даниал Кенжетайұлы да аз уақыт Қорғаныс министрі болды. Сосын жекеменшік газет ашып алған секілді бір компания ашып алды деген дерек шықты. Ол компаниясы экология мәселелерімен айналысады делінеді, бірақ, ол компаниясының нақты қандай жұмыс атқарғанын немесе атқарып жатқанын ешкім білмейді. Десе де, биылғы сәуірге дейін Премьер-министр болған Серік Ахметовтің өзінің ендігі ұмытылып бара жатқанын ескерсек, Даниал Ахметовтің көмескі тартып бара жатқанына соншалықты таң қалуға болмайды. Қайта екі Ахметовке қарағанда сонау жылан жылы Премьер болған Сергей Терещенконы жұрт көбірек таниды. Және Серік премьер мен Даниал премьерге қарағанда Сергей премьер әлі де ықпалдырақ. Басқа жерді қайдам, Оңтүстік Қазақстан облысында өздерін Терещенконың, Зауытбек Тұрысбековтің кадры санайтын атқамінерлер әлі де бар. 2011 жылы мамыр айында Астанада бүкіл дүние жүзі қазақтарының төртінші Құрылтайы өтіп, оның жұмысына ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысты. Бүкіл қызық құрылтайдың үстінде емес, құрылтайға дейін және кейін болды. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген ағайындар көбінде эмоцияның жетегіне еріп кетіп жатты. ссс мамашев Оларды Дүние жүзі қазақтары Төралқасы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев сабырға шақырады деп күткенбіз. Қайдағы сабырға шақырған?! Жиналғандар Т.Мамашевтің өзін сабырға шақыратын адам іздеп кетті. Төрағаның орынбасары Қытайдан келген қандаспен де, Ресейден, Монғолиядан, Түркиядан келген қандаспен де қидаласады.Тек шешеден сыбаған жоқ, одан басқаның бәрі айтылды сол жерде. Дүйім жұрттың көзінше. Қасымызда сол кезде Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Дархан Мыңбай отырған. «Таң қалып отырсың ба? Бұрынғы Мәдениет министрі ғой» деп жылы жымиды юморға бай жігіт. Иә, екі қандас делегатқа сөзін өткізе алмай қор болған бұрынғы  министрге қалай күлсең де жарасатын еді! ссс жұмағұлов Мамашевті жалғыз-жарым дейтіндер қателеседі. Маңқыстаушалап мақамдағанда Бақытжан Жұмағұлов деген қасқаңыз кезінде ректор да болды, министр де болды, партия да басқарды. Партия болғанда да қандай партия?! «Нұр Отан»! Сол Жұмағұлов қайда қазір? «Соңғы рет пәленінші автобустың ішінде көрдім» деп біреу-міреу бағыт-бағдар сілтемесе, оның қайда екендігінен көпшілік бейхабар. Ермұхамет ссс ертісбаев Ертісбаев туралы да осыны айтуға болады. Ешкім оны «ішіп кетіпті» демегенмен, бірнәрсені қиратып жатыр деп және айта алмайды. Әйтпесе осылар кезінде қалай дүркіреп еді! Жас жағынан да тұғырдан түсіп тұрған ештеңесі жоқ, бұлардың ешқайсысы да алпысқа әлі толмаған. Қызметтерінен айрылып еді, бүкіл ықпалдарынан да айрылып шыға келді. Әкімдер туралы да осыны айтуға болады. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Қалық Абдуллаев деген азамат әкім болып тағайындалған. Абдуллаевтың облыс үшін не тындырғаны есте қалған жоқ. Есте қалғаны Қалық әкімнің тұсында оңтүстікқазақстандықтар екі жыл жарықсыз, жылусыз отырды. Сосын бір есте қалғаны, Абдуллаев ызалы, ызалы болғанда да өте ызалы еді. Саясаттан хабары жоқ, түктің де жөнін білмейтіндер оның ызалы болу себебін сан-саққа жүгіртіп жатты. «Несін айтасың, Қ.Абдуллаевтың ОҚО-ны өзінен бұрын басқарған З. Тұрысбековпен арасы өте нашар екен, анау бұған «жейтін» ештеңе қалдырмай кетіпті. Қалекең сондықтан ызалы көрінеді. Көбінде ішіп кететіні содан» деп сусылдағанда бар ма, мұндайларға не айтарыңды білмей іштен тынатынсың. Обалын көтермейік, Қалық Абдуллаевтың ішіп кеткенін де көрген жоқпыз, жеп қойғаны туралы да ештеңе айтылмайды. Бірақ, бірде-бір әкім дәл осы Абдуллаевтай абыройсыз болып қызметтен босаған жоқ. Кеше ғана түрмеге тоғытылған Ерлан Арын да, Бауыржан Әбдішев те Абдуллаевтай абыройсыз болған жоқ. Абдуллаев өзі ғана абыройсыз болып қойған жоқ, «Оңтүстіктен шай ішуге болмайды» деген сөз шығартып, бүкіл өңірді ыңғайсыз жағдайға қалдырып кетті.  ссс шалбай.1 Кезінде Алматы облысын басқарып тұрғанда Шалбай Құлмаханов деген әкіміңіз әріптестерінің ішіндегі ең ықпалдысы саналатын. Бүгінде Шалекеңді де көрген, білген ешкім жоқ. Мына Қызылорда облысын да Қырымбек Көшербаевқа дейін бірнеше адам басқарды. Олардың ішінде есте қалғаны Бердібек Сапарбаев қана. Болатбек Қуандықов, Икрам Адырбеков, Серікбай Нұрғисаев дегендердің түрлері ғана еміс-еміс есте. Туасы, Қазақстанда қызметтің дөйі – Президент Аппаратының басшысы қызметі. Әкімдер мен министрлерге Премьер-министрден гөрі АП-ның басшысы әлдеқайда ықпалды. Және биліктің дәлізіндегі саясатты да осы лауазым иесі жасайды. Қазақстандықтар бұл қызметті атқарғандардың арасында марқұм Сарыбай Қалмырзаевты ұмытқан жоқ. Иманғали Тасмағамбетов пен Аслан Мусин ерекше ықпалды болды. Бұл екеуі әлі де ықпалды көрінеді. «Аслан Есболайұлыңыз елші болып кетті емес пе...» дейсіз ғой. Кете берсін. Жер ауып кетсе де оның аты естілгенде ұйқысынан шошып оянатындар Қазақстанда әлі де жетеді. Онымен бір  абырой таластырса, бүгінгі Нұрлан Нығматуллин ғана абырой таластыра алуы мүмкін. Президент Аппаратының басшысы тұрмақ, Қазақстанда олардың орынбасарлары да өте ықпалды тұлғаларға айнала алады. Оған көз жеткізу үшін мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Берік Имашев, Мәулен Әшімбаев секілді орынбасарлардың қалай-қалай мәселе шешкенін онымен қызметтес болғандар әлі ұмыта қойған жоқ... Енді бір азаматтар бар, ешқашан министр де, әкім де болған емес. Алайда, олардың ықпалдылығы дегеніңіз он жыл министр болғандардың ықпалдылығын он орап алады. «Дәу де болса Ержан Бабақұмаровты айтып отырған боларсың» дейсіз бе? Дәл таптыңыз! Соның өзі! Ең жоғарылаған жері вице-министр қызметі еді. Ол сол қызметте жүріп те министр шешетін мәселелерді шешті, ол қызметтен кеткеннен кейін қайта бұрынғысынан да күшейді. Ықпалдылығына ықпалдылық қосты, қазір ақпарат саласында жүргендер өздерінің министрінен гөрі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Ержан Бабақұмаровтың аузына көбірек қарағыштайды... «Нұр Отанда» кімдер қызмет атқармады?! Солардың Ерлан Қариннен басқа қайсысы есте қалды? Бір қызығы, Ерлан Қарин қызмет атқарып жүрген күндеріне қарағанда әсіресе бүгінгі таңда ықпалдырақ көрінеді. Білетін жұрт «әкімдердің нәпсі ауруына айналған рейтинг дегеннің кілті Қариннің қолында» дегенді әрдайым-әрдайым айтып қалады. Қалай болғанда да, қиыннан қиыстырып жол тапқан ерді айтыңыз?! Осы сөз рас болып жатса қызметтен кеткен соң ешкім де болмай қалатын көптеген әріптестерімен салыстырғанда Қариннің қадамын құптауға әбден болады. Сонымен, жігіттің жігітін қызметте жүргенде бір сынасаң, қызметтен кеткен соң екі сына. Нағыз азаматты қызметі кісі қылмауы тиіс. Қызметті қызмет қылатын азамат болса керек-ті.

Е. БЕЙСЕНОВ

skifnews.kz  14.10.2014ж