Ерлан Қарин лаңкестер туралы "Халифат сарбаздары" кітабын жазып шықты
2014 ж. 22 қараша
2535
0
Еліміздегі талай террорлық шабуылға қатысы бар "Халифат сарбаздары" туралы кітап жарыққа шықты. Бүлікшілердің бұрын-соңды ел білмейтін құпияларын әшкерелейтін туындыда қылмыстық ұйымға құл болған өрімдей қазақ жігіттері жайында де сенсациялық мәліметтер жарияланған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Өздерін атақты "Әл-Каидамен" теңеген лаңкестік ұйымның құрамында нақты қанша қазақ жүрді? Ел ішіне бүлік салып, жастардың басын айналдырған құпия басшы кім? Бұл сұрақтарға белгілі саясаттанушы, жуырда ғана Стратегиялық зерттеулер институтына басшы болып тағайындалған - Ерлан Қарин 4 жыл бойы жауап іздеген екен.
Авторды лаңкестер туралы кітап жазуға еліміздің бірнеше өңірінде болған жойқын жарылыстар итермелепті. Барлығы 170 беттен тұратын туындыда діннен адасқандар туралы толық мәліметтер келтірілген.
Террор туралы елімізде тұңғыш басылып шыққан кітап бүгіннен бастап барлық оқу орындары мен кітапханаларға таратылмақ.
"Ойлана, ойлана, болашақта басқа да жас балаларды осындай араңдатушылықтан сақтап қалу үшін, осындай қиын жағдайларға соқтырмауына жол бермеу үшін осы кітапты шығару қажет деп шештім", - кітап авторы, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.