Бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміз - ХV ғасырдағы Қазақ хандығының тарихи жалғасы
2014 ж. 28 қазан
42183
10
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
К.Қ. Мәсімовке
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Бабаларымыз «Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты - біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырды. Бұл орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Қазақстан Президенті жуықта қасиетті Ұлытауда сан қатпарлы тарихымыздың түптамырын толғаған мағыналы сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты. Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», - дейді. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді. Осы орайда асқақ Астанада сәулетті ескерткіші бой түзеп, асыл әруағына Керей-Жәнібек көшесі беріліп, ұлықталған әзиз хандарымыздың Шу өзені бойындағы Қозыбасыда Қазақ хандығының дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын жербіреткеніне келесі жылы 550 жыл толып отыр. Өкінішке қарай, соңғы кезде кейбір көршілеріміз қасақана немесе хабарсыздықтан біздің Мемлекеттілігіміздің бай тарихын жоққа шығарып отыр. Бұл - біздің Ұлттық тәуелсіздігімізге күмән келтіру әрекетіне тең деп санаймыз. Осыған жол бермеу үшін, біз, таласып-дауласпай мемлекетіміздің терең тамырын бүкіл әлемге ашық көрсетуіміз керек. Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің, халқымыздың терең ежелгі тарихы бар. Қазақстан - қазақтың ата-бабаларынан қалған өзіміздің жер, халқымыздың тарихи ата-мекені. Бірақ, бай тарихымызды өзіміз ғана емес, алыс-жақын көршілерімізге де көрсете, сіңдіре білуіміз қажет. Қазіргі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетіп, насихаттау ісін дәстүрге айналдырған. Бұл сол ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен легитимділігін (құқы бар екендігін) айғақтайды. Ал біз, қазақ мемлекеттілігінің терең тамырлы және бай дәстүрлі екендігін көрсете алмасақ халықаралық додада ұтыламыз. Елбасы үстіміздегі жылдың 17 қаңтары күні, дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтты. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші. Сол арқылы біз бүгінгі Н.Ә Назарбаевтың тікелей басшылығымен қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз - ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. Біздің төл тарихымызда жас ұрпақ санасында мақтаныш сезімін туғызатын өнегелі істер жетіп артылады. Оларды тек қоғам санасына сіңіре білсек болғаны. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл толмақ. Бұл датаны мемлекет көлемінде атап өту бәрімізге де абыройлы міндет. Соған байланысты ресми түрде белгіленген «Мемлекеттік рәміздер күнін» арнайы шешім арқылы «Қазақ мемлекеттілігі және Мемлекеттік рәміздері күні» ретінде өзгертіп, оны жыл сайын бүкіл ел болып атап өту әбден орынды атқарылған іс болар еді. Осы ұсынысты қарастыруыңызды сұраймыз. Құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» ҚДП Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясы корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР Ұлттық ғылым академиясы корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазыбек ИСА, «Ақ жол» ҚДП Төраға орынбасары, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, “Қазақ үні” газеті Президенті, Алмас ТҰРТАЕВ, «Ақ жол» ҚДП фракция мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.16 қазан, 2014 жыл
qazaquni.kz