Жанат МОМЫНҚҰЛОВ: "МӘҢГІ ОДАҚ ЖОҚ, МӘҢГІЛІК ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ҒАНА БАР!"

OLYMPUS DIGITAL CAMERA - Осы мамыр айының аяғына қарай Астанада Еуразия экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылатыны белгілі. Келісімнің толық мәтіні тіпті сарапшыларға да беймәлім. Келісімнің тек экономикалық аспектілерін ғана қамтитын мәтін интернетте жарияланды. Мұншама құпиялылық қабылданатын шешімдердің шикілігін байқатпай ма? – Келісім мәтінін былай қойғанда қазірге дейін Еуразиялық интеграцияның экономикалық тиімділігін негіздейтін бір де бір салмақты құжаттың болмауы да ойландырмай қоймайды. Қазақстанда қандай зерттеу ұйымы ғылыми-зерттеу институты одақтың экономикалық тиімділігін дәлелдеп кең талқыға ұсынды? Одаққа кірудің тиімділігін көбінесе қай елдің институттары алға тартып отыр? Қазақстанда сарапшылар, экономистер мен мамандар арасында Еуразия одағы туралы тең, ашық және кәсіби пікірталастар жеткілікті дәрежеде жүргізілген жоқ. Саяси элиталардың стратегиялық көзқарасы бүкіл елдің, қоғамның, халықтың атынан ұсынылып отыр. Қоғам тарапынан кең талқыланбаған, пісіп-жетілмеген, ұзақ мерзімді қауіп-қатерлері есепке алынбаған, сондай-ақ зиян мен шығындары есептелмеген мұндай интеграциялық жоба көптеген сұрақ туғызды. Келіссөздерге қатысқан қазақстандық мамандардың келісімдерге дайын болмай шығуы елдің тағдырына тікелей қатысты күрделі келісімнің асығыс, атүсті және шикі әзірленгендігін көрсетеді. Негізі, Ресей жағы интеграциялық үдерістерді қатты тездетіп жіберді. Ресей үшін өз экономикасын күшейтудің бірден-бір тәсілі «пост-кеңестік интеграция» арқылы өз нарығын кеңейту. 6 бетке саясатка сурет – Меніңше, Еуразия одағында әзірше экономикадан гөрі саясат басымдау. Украина дағдарысы мен интеграциялық үдерістердің күшеюі күдікті күшейтті. Дүниежүзілік сауда жүйесінде экономика жағынан ұту үшін тиімділігі мен инновациялығы бойынша Қазақстан Ресейді басып озуы шарт емес пе? – Бұл – Қазақстан үшін тым күрделі инновациялық міндет. Елімізде инновациялық дамудың шынайы үлгісі жоқ десе де болады. Қазақстан ғылыми-технологиялық, инновациялық даму жөнінен Ресейді былай қойғанда Белоруссиядан әлдеқайда артта қалған. Ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражат көлемі, ғылыми ұйымдар саны, ғалымдар саны, ғылыми белсенділігі, патент саны, өндірістің инновациялық деңгейі жөнінен алғанда Қазақстан Белорусь пен Ресейдің артында келеді. Мұндай жағдайда, бұл елдерді өндірісте басып озамыз, бәсекелесе аламыз деген әңгіме өз мәнін жоғалтады. Демек, технологиялық-инновациялық жағынан Қазақстанның одақтан ұтылары анық. Шынтуайтында, Қазақстанның Еуразиялық одақтағы алатын орны еліміздің экономикалық, индустриялық-инновациялық және технологиялық дамуына тікелей байланысты. Елімізде келешегі үлкен күмән туғызатын әртүрлі инновациялық жобаларға көп қаражат жұмсалуда. Менің жеке есебімше, бұл интеграциялық одақ ең көп дегенде он-жиырма жыл өмір сүреді. Өйткені, интеграцияның мақсаты халықаралық эко­номикалық жүйеге ауыртпалықсыз ену болса, ДСҰ-ға кіргеннен кейін экономикамыз бәрібір соңында әлемге ашылуға мәжбүр. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң халықаралық экономикалық нарықта ер­кін бәсекеге түсетіндіктен еуразиялық интеграцияның шектеулі экономикалық маңызы едәуір төмендейді, интеграция өз мәнін жоғалтуы да мүмкін. Жалпы, өз басым Еуразия одағының керемет дамып кететіндігіне сенбеймін. Оған дәлелдерім де бар. Біріншіден, технологиялық даму деңгейі біздің елден жоғары Ресей мен Беларусьтің өзі әлемдік нарықта, технологияда артта қалған елдер санатына кіргендіктен, Қазақстан көп дегенде одақтастарымен арадағы тығыз қатынасты ауылшаруашылығын дамыту үшін пайдаланып, ауылшаруашылығы техникаларын арзан бағаға ала алады. Еуразия одағы елдерінің «технологиялық секіріс» жасауы өте күрделі мақсат. Еуразия одағы елдерінің технология жасауда Жапония, Оңтүстік Корея, Алмания, Қытай, Израиль, АҚШ және тағы басқа елдерге жете алады дегенге сене аласыз ба? Жалпы, осындай жағдайда «Еуразия экономикалық ғажабының» болуы мүмкін бе? Екіншіден, экономикалары энергетикалық ресурстарды сатуға негізделген және жаңа технологиялық өнім өндіре алмайтын екі-үш елдің бірігуі сол елдерге экономикалық өрлеу тұрғысынан не береді? Негізінде, Ресеймен одаққа барғаннан гөрі оның орнына «Тығыз экономикалық қатынас жасау» туралы келісімнің қол қойылғаны жеткілікті, тиімдірек болмас па еді? Үшіншіден, одақтың Қазақстан үшін шектеуші және халықаралық қауымдастықтан аластатушы ықпалын да ұмытпау керек. Батыс Ресейге қарсы экономикалық санкциялар енгізген жағдайда бұл шектеулер одақтасы Қазақстанды да айналып өтпес. Батыс пен Ресейдің геосаяси қақтығысы Қазақстанға шетелден келетін инвестициялар, технология және білім трансферінің көлеміне кері әсер етуі ықтимал. Төртіншіден, Еуразия экономикалық одағы сыртқы әлемге қарсы бірлесе қорғану шараларын қабылдап, жабық нарық құру арқылы экономикалық дамуда алысқа шаба алмасы анық. Негізінде, Еуразия экономикалық одағын «шектеуші регионализм» деп атаған жөн. Дамуды шектейтін жабық регионализмге қарағанда табиғи нарық жағдайындағы экономикалық қатынастарды қамтамасыз ететін ашық регионализмді жетілдірген жөн. Бесіншіден, одаққа мүше елдердің экономикалық құрылымдары мен сипаты бірдей, ұқсас болғандықтан, бір-бірін толықтыратын емес, керісінше, бір-бірімен бәсекелесетін экономика болып табылады. Ярослав Разумов айтқандай, одаққа мүше экономика ескі өндірістік технологияларға, тым көп қуат қажет ететін тиімсіз өндіріс тәсілдеріне негізделген. Нашар ұйымдастырылған, артта қалған бірнеше экономиканың бірігуінен әлемдік бәсекеге шыдас беретін инновациялар күту әбестіктің нағыз өзі. Үш ел экономикасы да «нарықтық емес экономикаларға» жатады. – Еуразиялық одақтың мақ­сатын әдетте ұлттық экономиканың регионализм арқылы әлемдік экономикаға өтуі деп атайды. Бірақ, сол аймақтық экономиканы тым көп қорғану тәсілдері арқылы қымтап, жауып тастау керісінше шектеуші әсер беруі мүмкін. Еуразия одағы елдері тұрақсыз энергия бағаларына тәуелді болғандықтан, одақтың шектеуші шараларының нәтижесінде әлемдік экономикадан оқшауланып, шеттетіліп қалуы мүмкін. Ал, онсыз да мұхиттан алыс жатқан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қауіпті әсері болуы мүмкін бе? –Геосаяси тұрғыдан, Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіргені елдің қауіпсіздігі үшін аса маңызды болып тұр. Меніңше, одақтың құрылуының астарындағы ең негізгі фактор экономикалық емес, тіпті саяси себептен гөрі, геосаяси және қауіпсіздік себептері басым ба деймін. Саяси жағынан еуразияшылдықтың қанат жаюының идеологиялық әсері ретінде елдің демократиялық дамуына нұқсан келуі мүмкін. Көрші елдің ақпараттық ықпалының күшеюімен ұлттық ақпараттық кеңістікке де зиян келе береді. Қалай айтсақ та, Еуразия одағы Кеңес одағы кезіндегі экономикалық және басқа да байланыстарды жаңғырту арқылы жүзеге асырылмақ. Біз осы тұста Кеңестік тарихымызға да баға бермей жатып, сол одақтың орнына жаңа одақ құруға кірісіп кеттік. Қоғам ішінде одаққа қарсы азаматтардың пікірі есепке алынбады. Негізі, экономикалық интеграцияның негізінде жасандылық емес, керісінше, еріктілік болуы тиіс еді. Кеңес одағы коммунизм философиясына, яғни, кеңестік идеологияға негізделген болса, Еуразия одағы пост-кеңестік геосаясатқа, яғни Еуразия географиясына негізделмекші. Еуразиялық одақтың идеологиялық негізін ресейлік-православиелік-славяндық компонент құрамақшы. Сонымен қатар, орыс және түркі-мұсылман халықтарының тарихи-географиялық көршілігі де одақтың негіздерінің бірін құрауы мүмкін. Одақтың идеологиялық негіздері, саяси-экономикалық құндылықтарына қатысты жауапсыз сұрақтар әлі көп. Оларға жауап табылмаса, одақтың іргесі мықты болмайды, өмірі ұзаққа созылмайды. Меніңше, еуразиялық интеграцияның мәңгі еместігі, уақытша екендігі, транзиттік сипаты анық. Интеграция теорияларында діні, менталитеті, нәсілі бөлек елдер тең әрі жарасымды одақ құрмағанын ескерсек, аталмыш одақтың фундаменталды қайшылықтарының болғанын да ұмытпаған жөн. Қазақстан мәңгі одақтың болмайтынын, мәңгі ұлттық мүдденің ғана болатынын негізге алуы керек. Кез келген жағдайда Қазақстан одақтан шығуға құқылы болуы шарт. Не десек те, интеграция алдағы он-жиырма жыл бойы ұлттық дамуымыздың сапасы мен бағытына әсер ететін болады. Интеграция бізді Ресеймен «ауыз жаласып», табақтас болуға емес, керісінше, оны жатсынып, одан итеріліп барып өзімізді, өз ұлттық жолымызды табуымызға көмектеспек. Еуразия одағы Кеңестік өткенімізді пайымдауымыз үшін, одақ ішінде ысылып, күресу үшін керек шығар. Одақтың уақытша екені анық. «Қандай одақ болса да, Тәуелсіздігімізді ешкімге бермейміз, сәл күдік болса, одақтан сол сәтте шығып кетеміз» – деген Елбасының сөзіне сенеміз! Әңгімелескен Сейілбек АСАН