БҮГІНГІ РЕСЕЙ - БҮЛІНГЕН РЕСЕЙ
2014 ж. 07 сәуір
4966
4
Соңғы уақыттарда Украина, Армения, Грузияда орын алған жәйттар Ресей мен ТМД елдері арасындағы қатынастарда жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Егер Б.Н.Ельцин кезінде Ресей белсенділігі төмен сыртқы саясат ұстанса, В.В.Путиннің келуімен жағдай күрт өзгерді. Билікке жастау келген президент өзінің Ресейді әлемдік державаға айналдыру ниетін жасырмады. Алдымен маңызды ішкі мәселелерді шешуді мақсат етіп қойды. Халық қолдауына ие болу үшін олигархтарға күрес ашты. Популистік саясаттың нәтижесінде Путиннің халық арасындағы сенімділік индексі жылдам артты. Негізі Путин бұл әрекеті арқылы Ресейде қалыптасып келе жатқан «азаматтық қоғам» институттарын қатаң бақылауға алуды мақсат етті.
Демократия мен жариялылықтың жаңа тарихында Ресейдің шырқау шыңына жеткен кезі Ельциннің тұсы еді. Ельцин тіпті өзінің саясатын ашық сынаған саясаткерлермен де жақсы қатынаста болуға тырысты. Ол саясаткерлерді кез-келген дамыған мемлекеттегідей олигархиялық топтар қаржыладырумен айналысты. Ельциннің тұсында оңшыл күштердің альянсынан құралған саяси алпауыттар Үкімет мүшесі бола алды. Егор Гайдар, генерал Лебедь, Борис Немцов сынды тәуелсіз саясаткерлерді қолдау арқылы Ресейдің алғашқы Президенті қоғамдық диалогты жандандыруға тырысты.
Путиннің билікке келуі ішкі саясаттағы кез-келген альянстар мен одақтарды болдырмай тастады. Ельциннің жіберген ең негізгі қатесі президенттік билікті шектеу мақсатында ештеңе жасамағанында. Тарихи салыстырма жасайтын болсақ Ельцинді Ресей империясының тарихында І Петрмен салыстыруға болады. Аса маңызды экономикалық реформалар саяси реформалармен ұштасып жатты. Мемлекет өз дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Ел болашағы үшін адамдардың жауапкершілігі айқындалды. Жергілікті атқарушы биліктің толықтай сайланбалы болуы елдегі үшінші элемент – жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті зиялы қауымның қоғамдағы орнын күшейтті.
Ельциннің негізгі мақсаты тәуелсіз, дербес қоғам орнату арқылы мемлекетті қоғам мұқтаждықтарына жұмыс істету болса, Путин – идеологиялық тұрғыдан Ельциннің саяси антиподы. Путин үшін ең маңызды құндылық – мемлекеттің өзі. Мемлекет тетіктерін нығайту үшін Путин билікті орталықтандырып, ішкі саясатта сайлаудың рөлін төмендетті. Билік партиясынан өзге партиялар саяси аутсайдарлерге айналды. Бұл қоғамды топтастыруға оң ықпал еткенімен, қоғамның өзін саяси дербес субъекті ретіндегі рөлін төмендетті. Ұлттық автономиялардың рөлдері төмендетілді. Федералды мемлекетте іс жүзінде билік құрушы губернаторлар мен аймақ президенттарі емес, Президент өкілдері бола бастады. Бұл ресми түрде діни экстремизммен күрес саясатымен ұштасты. Шешен республикасы өз тәуелсіздігі үшін күресуші ел емес, қарақшылар басқаратын анклав деп жарияланды. Ұзақ уақытқа созылған жүйелі қантөгіс нәтижесінде Путин Кавказға бақылау орнатты. Бірақ бұл бақылау жергілікті ұлт өкілдерінің еркіне емес, Ресей қарулы күштерінің қуатына негізделді. Яғни, Путиннің билікке келуімен Ресей Федерациясындағы демократиялану институттары кері шегініп, авторитарлық жүйе элементтері арқылы басқарылатын демократия қағидалары енгізіле бастады. Бұған қосымша осы жүйені ұстап тұру үшін бұрын-соңды болмаған деңгейдегі «ұлы орыстық шовинизм» идеясы кең етек жая бастады. Мәскеудегі «скинхедтердің» славян емес ұлттар өкілдерін ұру, өлтіру, кемсіту фактілері бұл жағдайда «ұлы ресейлік шовинизм емес», «ұлы орыстық шовинизмді» меңзеп тұрғанын көрсетеді. Ресейдің ірі қалаларында татар, башқұрт, саха, шуаш, кавказ ұлттарының өмір сүруі қауіпті құбылысқа айналды.
Сыртқы саясатта бұл үдеріс «Мәскеу – үшінші Рим» тұжырымдамасымен жалғасты. Путин ашық түрде Ресейдің негізгі саясаты Кеңестер одағын қалпына келтіріп, Еуропадағы серб сынды славян бауырларына қолдау көрсету екендігін жасырмады. Ресейдің экспансиялық саясатын жүзеге асыру үшін «кішкентай жеңімпаз» соғыс керек еді. Абхазия мен Оңтүстік Осетия «іздегенге сұраған» болды да шықты. Кавказды әлсірету, Арменияны қолдау саясаты жаңа деңгейге көтерілді. Көрші территорияны аннексиялау керек еді. Бұған Украинаның Қырымы негіз бола алды. Бүгінгі күні Ресей біртіндеп Кеңестер одағы ыдырағаннан кейінгі әлемді қайта бөлуге деген ынтасын жасырмауда. Егер елдер интеграциялық ұйымдарға кірмесе, Ресей ықпалына көнбесе, дербес саясат жүргізу ынтасын көрсетсе Ресей күш қолданудан тайынбайтындығын айқын аңғартты. ТМД-дағы жаңа геосаяси ойын бұл аймақтағы Ресейдің ықпал күшейту ниеті мен өзге әлемдік державалардың бұған қарсылығынан құралғандығын аңғаруға болады. Тіпті Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы шеңберінде біржақты көзқарас жоқ. Сирия мәселесінде өзара қолдаудың нәтижесінде, ресми Мәскеу мен Пекин «одақтастық» қатынастар құрғандай болып еді. Қырымға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қаіпсіздік кеңесінде Ресейді қолдаудан бас тартып, қалыс қалды. Бұл ненің көрсеткіші?
Бірінші кезекте, ТМД аймағында Қытайдың Ресейден дербес өз мүддесі бар мемлекетке айналғанында. Шын мәнінде өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін бүкіл Орталық Азия тек КСРО ықпалындағы аймақ болатын. Тәуелсіз дамудың жиырма жылдық тәжірибесін бастарынан өткерген аймақ мемлекеттері тек Ресей айдауымен жүрмейтіндігін жасырмайды. Өзара одақтастық пен Орталық Азияны бірге игеру ниетінен туындаған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінгі күні екі мемлекет амбицияларын да қанағаттандыра алмайды. Қытай бірлестікте экономикалық интеграцияның басым болғандығын қаласа, Ресей бұған жол бергісі келмейді. Өйткені экономикалық әлеует Пекинде басым. Бұл сценарий жүзеге асқан жағдайда Мәскеу аймақтағы доминантты күш ретінде Қытайды мойындауға мәжбүр.
Екіншіден, Қытай халық республикасы Батыс елдері тарапынан қолданылуы мүмкін санкциялардан алшақтау болғанды қалайды. Ресейдің Батыс елдерінен түрлі экономикалық санкциялар алу мүмкіндігі Қытай үшін әрине тиімді. Себебі, Батыспен сауда-экономикалық қатынастарды күрделендіру Ресейді Қытаймен жеңілдетілген сауда жасауына мәжбүрлейді. Яғни Қытайдың экономикалық ықпалы артады. Қытай бүгінгі күні – ұшан-теңіз тұтыну нарығы. Бірақ сонымен бірге ең ірі экспортер. Егер Қытайға Батыстан ешқандай санкциялар қолданылмаса, Қытай жоғарыдағы Ресейдегі ұтысының тысында, әлемдік экономикада өз позицияларын сақтап қалары сөзсіз.
Үшіншіден, Ресейдің бүгінгі күні қолданып отырған «кім бізбен бірге болмаса, сол бізге қарсы» саясаты және көршілеріне көз алартып, доқ көрсетуі, Қытайды қуантатын жәйт емес. Ресейдің аймақтағы ықпалының көбеюі Қытайдың «Ұлы державалар» қатарына қосылу ниетіне қайшы.
Өзге державаларға тоқталар болсақ. АҚШ-тың экономикалық санкциялар немесе жалпы шаралар қолдануы Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан кейін «одақтастарының» арасында беделін қайтарудың жалғыз жолы. Абхазия мен Оңтүстік Осетияға байланысты қандай шешімдер қабылданса да Ресей оларға пысқырып та қарамады. Бұл АҚШ-тың әлемдік держава ретіндегі беделіне нұқсан келтіргені сөзсіз.
Еуропа одағы бұл қақтығыста АҚШ-ты қолдары сөзсіз. Себебі, Еуропа одағының өзі Ресейдің көршісі ғой. Көршілерге қатысты Ресейдің ұстанып отырған саясаты «өгізге туған күн бұзауға да туадының» кебі. Ал Еуропа одағы ол кепті сірә да кигісі келмейді.
Ресейге байланысты қолданылатын санкциялар Қазақстанға әсер етеді ме? Бұл бірінші кезекте одақтастардың неге баруға дайын екендігімен байланысты. Егер глобалды тұрғыда Ресейдің нарыққа шығаратын тауарларының құнын түсіру секілді әдістермен күрессе, «әрине» деп жауап бере аламыз. Біздің Ресеймен экспорттайтын өнімдеріміз біртектес. Ол мұнай, газ, металл, қысқаша айтқанда, шикізат. Егер АҚШ Еуропалық әріптестерін құны төмендетілген шикізатпен қамтамасыз ете алса, онда Ресейдің негізгі тұтынушысы Еуропа одағы Ресей шикізатынан бас тартады. Шикізат бағасының төмендеуі Қазақстанға кері ықпал ететіндігі сөзсіз. Валюталық «соғыс» болып, одақтастар Ресейдің ұлттық валютасын құлдыратар болса, Қазақстан тағы да қиындық көреді. Қазақстан экспортының негізгі бөлігі Ресейге келетіндігін ескерсек ұлттық валютаның девальвациясы ары қарай жалғасады. Бұл құлдырауды тоқтату үшін Ұлттық банк валюталық реттеу тетіктерін енгізуге мәжбүр болады. Ал бұл дегеніңіз еліміздің алтын қорының сарқылуына алып келеді. Қалай бұрсаңыз да бүгінгі күнгі Ресеймен одақтастықтан Қазақстанның ұтарынан ұтылары көп секілді.
Жоғарыда көтерілген мәселелерді қорытындылай келіп, айтарымыз – Қазақстан бұл жағдайда сыртқы экономикалық факторлар айтарлықтай ықпал етпейтін, дербес экономикалық жүйе құруы қажет. Экономикалық мүделестерді де соған қарай таңдауы жөн.
Шыңғыс Ергөбек, abai kz